Серікзат Дүйсенғазының балалық шағына саяхат

10 Наурыз 2017, 11:53 9989

«Қасқырдың күшігін асырадым»

Балалық шақта бақыт алдымыздан күтіп тұрғандай көрінетін, қартайғанда оның тек өтіп кеткендігін сезінумен ғана шектеледі екенбіз.                                              

Марк Твен

Әр дүйсенбі сайын El.kz сайтының тілшісі Жарқынбек Жұмаділ елге еңбегі сіңген танымал тұлғалармен сұхбаттасып, олардың балалық шағына саяхат жасайды. 

Біз бұл сұхбатымызда ел алдында жүрген елеулі азаматтардың балалық шағына саяхат жасау арқылы, оқырмандардың бақытты балғын шақтарын есіне оралтуды басты мақсат еттік.

Бүгінгі саяхатмыз Филалогия ғылымдарының кандидаты айтыскер ақын, Серікзат Дүйсенғазинның балалық шағына жасалады. Серікзат ағамыздың балалық шағына саяхат үш бекеттен тұрады.

Алғашқы бекет «Балалықтың базары»

─ Балалық шағыңызды жиі еске аласыз ба?

─ Балалық шағын еске алмайтын, аңсамайтын жер бетінде тірі жан жоқ шығар. Кешегі Мұқағали ақын да «Сәби болғым келеді, сәби болғым» деп бекер жырламаса керек. Ол бір не істесең де риясыз көңілмен істейтін кез еді ғой. Менің балалық шағым қазіргі ШҚО, Аякөз ауданы Тарбағатай деген ауылда өтті. Отбасым мал бригадасында болды. Ол кезде әкем комсомол жастар бригадасын басқаратын. Ол бригаданың қарамағында отар-отар қойлар, үйір-үйір жылқыларды бағып-баптайтын жүздеген жастар бар еді. Тіршілігі қайнап жататын. Сондықтан балалық шағымның негізгі бөлігі қыста қыстауда болса, жазда жазиралы жайлаудың төрінде өткені ұмытылмастай жадымда.

«Серікзат» деп азан шақырып қойған есіміңіздің тарихын айтып беріңізші?

─ Менің есімімнің қойылуы өзі бір қызық оқиға. Әкем жастар бригадасының басшысы болды дедім ғой. Мен дүниеге келгенде менің атымды қою сол бригададағы бір топ жастарға бұйырған екен. Сан түрлі есімдер ұсынылып, ақыры жеребе тарту арқылы алдымдағы Ерзат, Нұрзат, Бекзат деген ағаларыма ұйқастырып Серікзат деп азан шақырып, ат қойыпты. Шешемнің айтуы бойынша сол комсомол жастар бригадасында Алмагүл деген қыз болыпты. Сол кісі мені арқасына салып арқалап жүреді екен. Ол кезде әлі күйеуге шықпаған уыздай жас қыз. Жұртқа мені «өзім өсіріп, бала қылып алам» деп қалжыңдайтын көрінеді. Мен ол кезде ес білмейтін баламын. Кейін сол Алмагүл тұрмысқа шығыпты. Бір қызығы, ес жиғалы ол кісімен өмірімде кездесіп көрген емеспін...

─ Салт  бойынша «ат жалын тартып мінуге жарады» деп тай мінгізіп жатады. Сізде меншікті атыңыз болды ма?

─ Әрине, болғанда қандай! Біздің балалық — Кеңес үкіметі тұсында өтті. Ол кезде жайлауда шопан тойлары дүбірлеп өтіп жататын. «Той десе қу бас домалайды» демекші, тойларға атқа мініп әкемізден қалмай біз де баратын едік. Әлі есімде, төртінші сыныпта оқып жүргенімде әкем маған бір көк жабағыны атады. Мектеп бітіргенге дейін соны мініп жүрдім. Жігіттің жеті қазынасының бірі жүйрік ат қой. Мен оны кейін Көкдөнен деп атадым. Көкдөнен тай күнінен өте жүйрік болды. Ауылдың әр жексенбі күні өтетін дәстүрлі  тай жарысында бәйгенің алдын бермейтін. Кейін сол қартайған Көкдөненімді мен үйленгенде ата-анам ырымдап тойыма сойды. Оған арнап шығарған өлеңім де бар.

─ «Жеті қазына» деп қалдыңыз... Ит асырадыңыз ба?

─ Жоқ, өзім арнайы ит асыраған емеспін. Әкемнің аңға қосатын тазы иттері мен төбеттері болды. Ол енді әкемдікі... Ал мен қасқырдың бөлтірігін асырадым. Әкем аңшы болғандықтан, мен кейде ол кісіден қалмай ілесіп аңға шығатын едім. Жазда мал қарауға, шөп жинауға көмектесем. Бір күні әкем еңбегімнің есесіне қасқырдың кішкентай бөлтірігін әкеліп берді. Бір жылдай соны асырадым. Бір-бірімізге кәдімгідей бауыр басып қалған едік. Оны іздеген аналық бөрі көрші-қолаңдарды шулатып болмағасын ауыл басшыларына менің бөлтірігімнің көзін құрту керек болыпты. Оған әрине, мен барынша қарсы болдым. Бір күні әкем мені алдап көрші ауылдағы інісінің үйіне жұмсады. Атыма мініп, екі ауылдың арасындағы биік жотаны асып бара жатып артыма қарасам, біздің үйдің қасында ветеринарлардың мінетін жасыл «Уазик» көлігі тұр екен. «Бұлар неменеге келді екен?» деген оймен ары қарай жүріп кеттім. Жұмысымды бітіріп қайтып үйге оралсам әлгілер қасқырымды алып кетіпті. Содан мен олармен қастасып қасыма он шақты дос балаларды жиып алып, әлгі «Уазик» көлігінің жүретін жолын торуылдап жүріп, түнде таспен атқылаған кездеріміз болды. Өзімізше олардан өш алған түріміз. Балалық қой... (күліп)

Екінші бекет «Ана мектеп»

─ Алғаш мектеп табалдырғын аттаған кезіңіз есіңізде ме?

─ Ең алғаш мектепке өзімнен бес жас үлкен Нұрзат деген ағам ертіп барды. Бастауышта алғашқы сауатымызды ашқан Бақыт деген мұғалімім болды. Біз бірінші сыныпты бітіретін жылы қайтыс болып кетті. Жүзінен мейірімі төгілген адам еді. Ол кісі менің әкемнің Қанат деген кенже інісінің досы Мәлік деген кісінің жары еді. Мәлік ағамыз өзі балажан кісі еді. Бізбен қалжыңдап көп ойнайтын. Бір күні Мәлік аға үйге келгенде еркелікке салып ол кісінің мойнына мініп мазасын алып жіберсем керек. Ол кісі мені қорқытпақ болып: «Сен білесіңбе, сенің мұғалімің — менің келіншегім. Енді тентектік жасасаң, соған айтып жазалатамын» дейді ғой. Сол сөзін есіме сақтап, ертеңіне мектепке бара сала Бақыт апайға: «Сізді біздің мұғалім екен деп жүрсем, өзіміздің Мәліктің әйелі екенсіз ғой!» деппін. Кейін Бақыт мұғалім соны әке-шешеме айтып бір күлдіріпті. (күліп)

─ Жақсы көріп оқыған және ұнатпаған пәніңізді айтыңызшы?

─ Менің ең жақсы көріп оқыған сабағым география пәні болды. Бүкіл мемлекеттердің астанасын жатқа білетінмін. Қай жерде ең биік тау, қай жерде ең ұзын өзен, «ең-ең» дегендердің бәрін жаттап алған едім. Кейде егер жоғары сыныпта ақындық қабілетім оянбағанда мүмкін географ болар ма едім деп қоямын. Әрине, көркем әдебиетті де жанымдай сүйіп оқыдым. Мақтанғаным емес, қазақ әдебиетінің небір жауһар туындыларын сол балалық шағымда оқып тауысқанмын. Ал ең жек көретін сабағымның атын ұмытып қалдым. Коммунистік партияға қатысы бар саяси сабақ екені ғана есімде. Ол сабақта бізге үнемі лекция жаздыратын. Терминдерін түсінбей әбден ығыр болатынбыз.

─ Ең алғаш өлеңді мектеп қабырғасында жаза бастадыңыз ба?

─  Алдымдағы ағаларымның бәрі өлеңге жақын болды. Мен соларға еліктеп өстім. Нұрзат деген ағам әркімге арнап әзіл өлеңдер шығарып жүретін. Бірақ ақындықты ұстанбады. Азамат деген ағам мектептің ансамблінде ән салды.

Бастауыш сыныптардан бастап жеңіл-желпі қалжың өлең жазып жүретінім есімде. Әке-шешем оны қызық көріп келген қонақтарға айтқызатын. Ер жетіп, ес жия бастаған кезімізде елде экономикалық тоқырау болды. Қайта құру деген саясат елді қаусатып тастады.  Сексен бесінші жылдан бастап барлық дүкен сөрелері қурап қалды. Бала көңілмен соның бәріне қарсылық ретінде ең алғашқы шығарған ұзақ өлеңімнің бірер шумағы есімде қалыпты:

Айтатын артығы жоқ ізетті ойдың,

Бос тұрған сөрелерді түзеп қойдың.

Түгі жоқ дүкеніңді тонайтындай,

Бақандай екі адамнан күзет қойдың.

...

Ешқашан егін шықпас сеппей дәнді,

Жыртылмаған жерден тек беткей қалды.

Бұрында бір водавоз жетуші еді,

Қазірде он водавоз жетпей қалды.

Осындай әзіл өлеңдерді шумақтап айтып жүретінмін. Оны естіген құймақұлақ балалар жаттап алып ауылға тарататын. Тоқсаншы жылдары Мұқағали Мақатаевтың алпыс жылдығы қарсаңында мектепаралық айтыс ұйымдастырлып, қыз бен жігіт айтысына қатыстым:

Өлеңді беу, қарындас, шырқатайық,

Көңілдің шерін бүгін тарқатайық.

Алпысқа толып бүгін жатыр екен,

Атақты Мұқағали Мақатаев – деп  бастағаным есімде қалыпты.

Мектеп қабырғасында жүргенде осындай кішігірім айтыстардан қалмай қатысып жүрдім. Негізінен, Асхат деген сыныптасыммен көп айтысатынмын. Ол да қазір елге танылған ақын. Кейіннен студенттік жылдарда айтысты шындап қолға алдым. Мықты ортаға түсіп шыңдалдым.

Соңғы бекет «Бала ғашық»

─ Мектепте жүргенде қыздарға өлең арнадыңыз ба?

─ Алғаш алды-артыңды танып болмаған балаң сезіммен ауылға сырттан қыз келсе болды ғашық бола беретінбіз. Неге екенін қайдам, солар сұлу болып көрінетін. Ал тұңғыш есім кетіп ғашық болған махаббатым студент кезімде басталды. Бізбен бір курста орыс бөлімінде оқитын әдемі қыз болды. Атын айтпай-ақ қояйын. Қазір балалы-шағалы. Бірақ соған арнап біраз өлеңдерім жазылды:

Жалт етіп сенің жанарың,

Жанымды байтақ етесің.

Күлімдеп келіп қарағым,

Күлімдеп қайта кетесің, - деп басталатын «Жайдарлым» әнінің алғашқы нұсқасы сол кезде дүниеге келген болатын.

Ал құлай сүйіп қосылған сұлуым, қазіргі отбасымның түтінін түтетіп отырған асыл жарым Айнұр. Үш баламның анасы. Кейінгі махаббат лирикасына жазған шығармаларымның барлығы сол кісіге арналды. Мен үшін қазір одан сұлу, одан әдемі қыз бұл әлемде жоқ. (күлді)

─ Сұхбатыңызға рақмет!

Бөлісу: