Серік Сәпиевтің жаңа белесі

12 Қаңтар 2017, 17:44 9521

Олимпиада чемпионынан, бас менеджерлікке дейін 

Боксшылардың өмірі қалай өтуі мүмкін? Миллионнан бірі чемпион болады. Жеңіспен оралған жас спортшыны халқы төбесіне көтеріп құрметтейді. Бір-екі жылдан кейін жеңімпаздың бар жоғы да байқалмай, көп чемпионның арасына су секілді сіңіп кетеді. Қолынан келгені бапкер болады. Мен мұны боксшыларды ренжіткім келгендіктен жазып отырғаным жоқ.(Ренжітуге кімнің батылы барады?) Айтайын дегенім, бүгінгі менің кейіпкерімнің ерекшілігі — ол боксшыларға жабылған стереотипті бұзған адам.

Серік Сәпиев кім? Иә, сіз оны Олимпиада чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері ретінде тануыңыз мүмкін. Алайда Серік бүгінде өмірінің жаңа белесін бағындыруда. Үлкен спортпен қоштасқаннан кейін «Болашақ» бағдарламасымен Англияда білім алды, бүгінде «Astana Arlans» бокс клубының тізгінін ұстап отыр.

— Үлкен спортпен енді қоштасқан боксшы үшін бас менеджер қызметін алу қаншалықты қиын болды?  

«Astana Arlans» клубының  директоры қызметіне сайлануым мен үшін күтпеген жайт болғаны рас. Басшылық қызметте тәжірибемнің  болмауы алғашында біршама қиындықтар туғызды. Екі ай ішінде әріптестерімнің арқасында бұл саланың қыр-сырын меңгеріп алдым. Бүгінде де қиындықтар жоқ емес.  Қаражаттың уақытылы түспеуі секілді кішігірім мәселелер болып тұрады. Дегенмен, барлығы шешуге болатын қиындықтар. Тіпті мұны қиындық деп айтуға да келмес. Біздің алдымызға міндет қойылады. Мысалы, өңірлерде бокс кешін өткізу, келіссөз жүргізу секілді... Қойылған міндеттерді  орындауымыз қажет.

— Өңірлер демекші, осы маусымда қай қалаларда бокс кешін өткізуді жоспарлап отырсыздар?

Алдыңғы маусымда кездесулер еліміздің төрт қаласында өткізілген болатын. Ал осы маусымда әзірге нақты үш қаланың атын атай аламын. Олар: Атырау, Тараз және Талдықорған. Бұл қалаларда «Астана арландарының» бокс кеші бұрын-соңды өтпеген. Ал, егер топтық кезеңнен шығып жатсақ, тағы бір қалада бокс кешін ұйымдастыруға мүмкіндік аламыз. Бір байқағаным, өңірлерде бокс кешіне деген қызығушылық Алматы мен Астана қалаларына қарағанда жоғары.

— Атқарып жатқан қызметіңіздің болашағын қалай бағалар едіңіз?

— Сізге қалай айтсам екен... Мен мұнымен тоқтап қалғым келмейді.  Болашақта қазақ спортының дамуына өз үлесімді қоссам деймін.

— Демек, қалай болғанда да спорт саласынан қол үзбейсіз ғой?

— Иә. Бұл менің білетін салам. Мысалы, мемлекеттік қызметке барсам, барлығын басынан үйренуге тура келеді. Жалпы, Қазақстанда спорт өте қарқынды дамып келеді. Өзіңіз байқасаңыз, әр жыл сайын медальдарымыздың саны артуда. Елімізде спорт кешендерінің саны артуда, тиісінше спортпен айналысатын адамдардың саны да өсуде. Сондықтан спорт менеджментінің болашағы өте зор деп есептеймін.  

— «Astana Arlans» жобасы өзін-өзі ақтап жатыр ма? Қаржыландырусыз клуб өз табысына өмір сүре ала ма?

— Жалпы WSB лигасы әлем бойынша өзін ақтамайтын жоба. Әр мемлекет өз клубына ақша салып, кәсіби боксты дамыту үшін еңбек етеді. Astana Arlans-қа келер болсақ,  бұл жоба да қаржылық тұрғыда өзін ақтап жатқан жоқ. Өкінішке қарай, біздің елде телекөрсетілімдерден ақша табу жүйесі әлі дамымаған. Осыған қарамастан бізге қолдау білдіріп жүрген азаматтарға алғыс айтқым келеді. Алғашқыда телеарналардан бокс кештерін көрсету үшін біз ақша төлеген болсақ, бүгінде керісінше. Мысалы, алдыңғы маусымда «Хабар» телеарнасымен келісім-шарт жасалды. Бұл да біз үшін кішігірім жеңіс. Шамамен алғанда бізге бөлінетін қаражаттың 30%-ын билеттер мен телекөрсетілім арқылы жауып отырмыз.   

— WSB лигасында чемпион атанған командаға берілетін сыйақы мөлшері қанша?

Бірінші орын алған командаға 500 мың доллар беріледі.

— Бұл футболдан түсетін сыйақы мөлшерімен салыстырғанда тиын-тебен екен ғой?

— (күліп) Иә, футболмен салыстырсақ тиын-тебен. Қателеспесем футболда Чемпиондар лигасында тең ойнаған командалардың өзіне миллионнан аса сыйақы беріледі.  Осы мүмкіндікті пайдаланып, «Astana Arlans» — екі тарапқа да пайдалы ынтымақтастыққа дайын екенін айтқым келеді.

— Осыдан бір-екі жыл бұрын берген сұхбатыңызда «Астана арланстың жасөспірімдер клубын ашамыз»деген едіңіз?

— Айтқаным рас, бірақ барлығы қаражатқа келіп тіреліп отыр. Жоспарымызда еліміздегі кәсіби боксшыларды, жастардың басын қосатын жоба болған. Алайда алдағы бір-екі жылда ондай бокс мектебі ашылмайды.

— Балаларды бірден кәсіби боксқа дайындау қаншалықты тиімді?

— Дайындауға болады. Бірақ мұндай жобаның шығыны көп.  Әуесқой бокста белгілі бір жетістікке жетіп, Олимпиада чемпионы атанған спортшыларға батыстан ұсыныстар өзі-ақ түседі. Ал өздігіңнен кәсіби бокста ақша табу өте қиын.

— Боксшылармен бірге жаттығасыз ба? Мүмкін жаттығу барысында бапкерлік кеңес те айтатын боларсыз?

— Иә, жаттығуларға барып тұрамын. Бірақ бапкерлердің ісіне араласпауға тырысамын.  Әйтпесе жаттықтырушылар «Балам, ты боксер а не тренер. Я тренером 20 лет работаю» дейді. Сондықтан, жаттығуларды сырттай бақылаймын.

— Кәсіби спортты тастағаныңызға біраз уақыт болды. Бүгінде бос уақытыңызды қалай өткізесіз? Жалпы, спорт менеджерінің күн тәртібі қалай өтеді?

— Жаттығудан кейін бассейнге шомылуға барсам, ватерполошылар (су полосы. Ред.) жүзуге кедергі келтіре берді. Бір күні ойнап жүрген жігіттер командаға қосыл деп қоймағасын, ойнап көрдім. Ұнады. Қазір хобби ретінде бос уақытымда су полосымен айналысамын... Жұмыс күнім таңғы сағат тоғызда басталады. Күнделікті кездесулер, жиналыстар, өңірлерге барып кездесулер өткіземін. Жұмысым нақты бір уақытта бітеді деп айта алмаймын. Бастысы өзіме ұнайды.  

Рүстем Әлпи
Бөлісу: