Серік Жұманғарин Павлодар облысындағы көкөніс сақтау қоймасына барды

11 Қазан, 17:37 1914

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Павлодар облысына жасаған жұмыс сапары аясында «Agro-Trade PV» ЖШС-нің сыйымдылығы 10 мың тонна көкөніс сақтау қоймасы мен 1,2 мың мал басына арналған тауарлы-сүт фермасына барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, Аграрлық несие корпорациясының қолдауымен 2022 жылы салынған тауарлы-сүт фермасы жылына 4 млн литр сүт өндіреді. Одан соң шикізат қайта өңдеу үшін жергілікті сүт өңдеу зауытына жіберіледі.

Кәсіпорын мал азығы және картоп өсірумен айналысады. Вице-премьер көкөніс қоймасы базасында өңірдегі ірі фермерлермен кездесті. Шаруаларды 4-5-ші сыныпты астықты форвардтық сатып алу бағасы қызықтырды. Серік Жұманғарин фермерлер әңгімелесу барысында 21-22% ақуызы бар 4-ші сынып үшін тоннасына 75 мың теңге деңгейінде баға белгіленгенін хабарлады.

Кездесуде вице-премьер шаруаларға биыл 3 млн тоннаға жуық астық жөнелту жоспарланған Қытайға астық экспорттаудың үлкен әлеуеті туралы мәлімдеді. Сонымен қатар ол мал шаруашылығын дамытуды қолдаудың болашақ мемлекеттік бағдарламасы туралы айтып берді.

Сондай-ақ вице-премьер «Сүт» АҚ сүт өңдеу зауытында болды. Зауыт 220 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, тәулігіне өңдеуге 200 тонна сүт қабылдап отыр. Мұнда сүт, айран, май және басқа да өнімдер шығарылады. Шикізаттың 96%-ы «Киров» ЖШС-нің жеке тауарлы-сүт фермасынан да, облыстың басқа да ірі ТСФ-нан да келеді.

Сонымен бірге вице-премьер Қазақстандағы танымал премиум-класты кеспе өндіретін «КЭММИ GROUP» ЖШС қызметімен танысты. Кәсіпорын жылына 150-ден астам өнім түрін, шамамен 10 мың тонна макарон өндіреді. Ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, кәсіпорын өнімдерін Қырғызстан, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Моңғолия, Германия елдеріне экспорттайды.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: