СЕРІК ӘЖІҒАЛИ, ЭТНОЛОГ-ҒАЛЫМ: ХАН ӘБІЛҚАЙЫРДЫҢ КЕСЕНЕСІН ТАБУҒА 30 ЖЫЛ УАҚЫТ КЕТТІ

12 Қараша 2018, 04:36 5018

Әбілқайыр ханның тарихи шешімінің салдары оның ұлттың сақталуы мен ұрпақтың өмір сүруі үшін ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алып, тебіңгі терге шірітіп, терлігін майдай ерітіп өткен есіл ерлігін, адал еңбегін халық санасында бүркемелеуге, бұрмалауға, кейде тіпті кінәраттауға, есімін кірлетуге жол бергендей болып еді.

Хан моласының 30 жылдан астам белгісін жасырып, ақиқатын ашпай келгені де, халық өз тарихын тануға ұмтылатын тәуелсіздіктің ақ таңын күткендіктен де болар. Ол үш жүздің қалың қолын бір ту астына біріктіріп, бір мақсатқа жұмылдыра білген даңқты қолбасшы, сұңғыла саясаткер, тәжірибелі мәмілегер болған. Әбілқайыр хан мұрагерлік жолмен емес, беделінің арқасында 1718 жылы Кіші жүздің ханы көтеріліп, 30 жыл билік құрды.

2015 жылы Ақтөбенің Әйтеке би ауданының орталығынан 250 шақырым қашықтықта Қабырға өзенінің Өлкейекке құяр тұсынан 4 шақырым қашықтықта орналасқан ханның қаза болған, кейін өз өсиетімен жерленген, ел ішінде Хан моласы аталып кеткен жерге Әбілқайырға арнап кесене тұрғызылды. Сонымен қатар биіктігі 25 метр үш стелла қойылды. Ол қазақтың үш жүзін бейнелейді. Ескерткішке үш жүздің таңбалары салынып, Abylkhair khan деп латын әрпімен жазылып, ортасына шырақ қойылған. «Қазақстанның киелі жерлері» картасына енгізілген бұл тарихи ескерткішке зиярат етіп келушілердің қарасы көп.

Хан моласын ондаған жылдар бойы зерттеп, Әбілқайыр мүрдесін тапқан, оның антропологиялық реставрациясын жасатып, Қазақ ұлтын ханның әзиз бейнесімен қайта табыстырған этнолог ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Іскендірұлы Әжіғалимен сұхбат құрудың сәті түсті.

- Хан моласын табуға 30 жылдан астам уақыт кетті. Ол жерге алғаш рет 1983 жылы барғаныңызды білеміз. Хан моласын зерттеп, Әбілқайыр хан сүйегін табуға бел шешуіңізге не себеп болды?

- Ғалымдар арасында Әбілқайырдың моласының ізі жойылып бара жатыр деген әңгіме жиі айтылатын. Мен ол уақытта жас маманмын, «Қазреставрация» басқармасында жұмыс жасап жүрген кезім. Қолыма Николай Рычковтың 1771 жылы Кіші жүз хандығына барғандағы жолжазбалары түсті. Кейін архитектор Малбағар Мендіқұловтың бір еңбегінен Әбілқайыр ханның моласы Торғай-Ақтөбе облыстарының шекарасында жатыр дегенді оқыдым. 1978 жылы Батыс Қазақстан, Арал-Каспий өңірін зерттей бастадым. «Ескерткіштер жинағы» деген үлкен бағдарламаның аясында бізге Қазақстан облыстарын жеке-дара зерттеуді тапсырды. Маған Ақтөбе облысының аумағы бөлінді. Ол уақытта Ақтөбе облысында 3-4 ескерткіш қана белгілі болатын. Олар бұрын зерттеліп, мемлекеттік археологиялық ескерткіштер тізіміне енгізілген Шалқардағы Есет Дәрібай кесенесі, Тоқпан тамы және Байғаниндегі Дәуімшар қорымы. 1983 жылы Хан моласына алғашқы рет жолымыз түсті. Сол уақытта Ақтөбе облысының шығыс өңірлерін зерттеу туралы жоспарда Хан моласы да бар болатын.

Әбілқайыр ханның Орынбор генерал-губернаторы И. Неплюевке жазған хаты. 14 мамыр, 1744 жыл

- Неден үміттендіңіз, неден күдіктендіңіз?

- Топографиялық картада бұл жер «Қандысуық зираты» деп көрсетілген. Шынында бұл сөздің түп төркіні хан сүйегі зираты деген сөзден шыққан болуы мүмкін. Н.П. Рычков, А.И. Левшин, И.И. Крафт, Д. Беркімбаев секілді ғалымдардың еңбектерін оқып, олардың көшірмелерін түсіріп алдым. Олардың жазбалары тура бағытты көрсетіп тұрды, сондықтан жерлеу орнын табу қиын болмайды, тез табамыз деген үлкен үмітпен бардық. Оның үстіне Н. Рычковтың өз көзіммен Хан моласын көрдім деп жазатын уақыттан біздің кезеңге дейін әлі 250 жыл да болған жоқ. Сондықтан белгілері анық сақталып қалған болар деген үміт те болды. Сөйтсек, бұл өте үлкен аумақты алып жатқан қорым екен. Ешқандай белгі жоқ, бір-біріне ұқсас төмпешіктер ғана мүлгіп жатыр. Арагідік қана кей төмпешіктердің жанында үйілген тастар бар. Бірақ, Н. Рычков жазбасында көрсетілгендей, қорымның шығыс жағында өсіп тұрған ағаш түгілі, оның ізі де жоқ. Сол жерде бір тәуліктен аса уақыт болдық. Қорым қираған, төмпешіктер жермен жексен бола бастаған. Қасында елді мекен де жоқ. Біздің алда әлі де біраз ескерткіштерді аралайтын жоспарымыз бар. Мұнда егжей-тегжейлі жұмыс жүргізу керек екенін түсінгеннен кейін, ат басын кейін бұрып, сапарымызды ары қарай жалғастыруға тура келді. Жолшыбай қорымнан 35 шақырым жерде орналасқан Құмкөл деген ауылға соқтық. Ауыл адамдары біздің сапарымыздың мақсатын естігеннен кейін, ол жерде бұрын ағаштың түбірі бар болатын, қазір де оны жобалап табуға болады деген ойларын айтты. Бұл бізге қайтадан жаңа үміт сыйлады. Мойындауым керек, Хан моласы 80-ші жылдары менің арнайы зерттеуімнің нысаны болмады. Зерттелуге жататын ескерткіш нысаны ретінде қарастырылды. Ол кезде Кеңес уақыты. Сондықтан да болар, ханның сүйегін ешкім де іздеуге жан салмады. Дінге көзқарас бар, оның үстіне төре ұрпағына деген саясаттың салқыны да сезілетін. Алайда, қазақ қайраткерлерінің бабасын іздегені рас. Әбіш Кекілбаев, Амантай Сатаев, Өзбекәлі Жәнібеков сынды азаматтардың арнайы барғанын білемін. Алайда, олар да біз секілді мәселелерге тап болғаны анық еді. Алайда, 1979 жылы Әбіш Кекілбаев Хан моласының орнын тапқандай болған. 1983 жылғы экспедиция кезінде мен мұнда Әбіш Кекілбаевтың болып кеткенін білген жоқпын.

- Алғашқы барлаудан кейін зерттеу жұмыстарының басталуы 15 жылға кешікті. Хан моласы өзі туралы ақиқаттың ашылуын неге ұзақ күтті?

- 1998 жыл Халықтар бірлігі мен ұлттық тарих жылы деп жарияланды. Бұл жылдары Әбіш Кекілбаев мемлекеттік хатшы болатын. Сол кісінің бастамасымен жаппай Қазақстанды этномәдени зерттеу жобасы қолға алынды. Мен ол уақытта этнология бөлімін басқаратынмын, 3-4 облысты зерттеуді өз міндетіме алдым. Оның бірі Ақтөбе облысы. 1998 жылы арада он бес жылдан кейін қайтадан Хан моласына жол тарттық, мен бұл уақытта ол нысанды зерттеуге нық түрде бел шешкен едім. Жергілікті көнекөз қариялармен сұхбаттастық, барлығы да ағаштың болғанын айтады, алайда, ол жай түсті ме, әлде дала өрті болды ма, әйтеуір өртеніп кетіпті. Көрсете аламын деген бір ақсақалды қорымға алып келгеннен кейін, ол осы бұрышта болуы керек деп, төмпешіктің орнын көрсетті. Біз қалай болғанда да, ағаштың тамыры немесе түбірінің қалдықтары шығуы керек деп есептеп, төмпешіктің айналасын қазып көрдік. Ағаш қалдықтарын таба алмадық, алайда төмпешікті ауыл ақсақалының көрсетуі бойынша болжамды нысандардың бірі ретінде өзімізге белгілеп алдық. Бір ғана әдіспен табудың мүмкін еместігіне көзім жеткендей болды. Техникалық әдістерді пайдалану керек, архив материалдарын тағы бір зерттеу қажет болды. Қорым аумағы оңтүстіктен солтүстікке дейін 580 метр, батыстан шығысқа 300 метр, жалпы 16 га жер аумағын алып жатыр. 1000-нан астам төмпешік бар. Маңғыстаудағыдай секілді құлпытасында жазулар жоқ. 35-40 шақты тастар бар, оның он шақтысы құлпытастар, қалғандары самарқантас, көктас. Әбілқайыр қайтыс болған уақытта ол аймақта құлпытасқа арабша жазу, эпитафия дәстүрі болған жоқ. Ол Ақтөбе аумағына кейін Маңғыстаудан 19 ғасырда тарай бастаған. Бұл жерге кешенді экспедиция ұйымдастыру керек деген шешімге келдім. Жоғарыдан кескіндемесін түсіру, геофизиктердің қызметіне жүгіну, барлық қандай да болсын, дерек, естелігі бар көнекөздермен кездесіп, сұхбаттасу керек деген қорытынды жасадым. Сонымен 1998 жылы архитектор Хамит Мұхамбетов алғаш рет бұл қорымның бас жоспарының жобасын жасады. 1998 жылы деректердің бәрі де болжамға ғана негізделді. Біз алғашқы мақалаларымызды, бас жоспарды жарияладық.

Содан 2001 жылы ханның ұрпақтары басқаратын Әбілқайыр хан атындағы халықаралық қор маған Хан моласын зерттеуге кешенді экспедиция ұйымдастырайық деген ұсыныс білдірді. Оның құрамында топырақтанушылар, археологтар, этнографтар секілді 15-ке жуық маман болды. Зерттеп шықтық, ағаштың түбірін іздеу үшін бір метрге дейін қазатын шурфты пайдаландық. Қорымда бұрын мавзолей сипатында салынған төмпешіктер белгілі болып тұрады. Өзгелерден биіктеу, архитектуралық құрылымы да өзгешелеу болады. Қорымның шығыс беткейін қаздық. Мұнда 150-ге жуық төмпешік болды. Ауылдан Тұяқ Бекентаев, Ұнзилла Оразымбетова секілді қарияларды алып келдік. Алайда, олар да нақты көрсете алмады. Ұнзилла әжей ағашты 60-жылдары көрдім, көрші ауылда тұратын қызыма барғанда, ылғи ағаш өскен жерге көз салатынмын. Бала кезімде Хан моласының жанындағы ауылда тұратынбыз. Сонда ойнап жүріп, өсіп тұрған ағашты көретінбіз дейді. Жобалап қана көрсетті. Бас жоспарды толықтырып жасадық. Оған барлық мамандар қатысты. Оның ішіне 990 нысан енді. 3-ші нысанды жобалап белгіледік. Жағдай қиындады. 100 пайыз таба алмайтын болдық. Қорымдағы төмпешіктердің барлығын қазуға болмайтын еді.  Бұл жағдайды одан сайын ушықтыруы мүмкін.

2007 жылы бұл мәселені енді Ақтөбе облысының әкімдігі көтерді. 2007-2010 жылдар аралығында ол жерге 3-4 рет экспедиция ұйымдастырдық. Геофизиктер, этнологтар, археологтар, топырақтанушылар қатысты. Торғай өңіріндегі шекараға жақын ауылдардың тұрғындарымен сөйлестік. Орынбор архивіне бардық, барлық мәліметтерді жинадық. Қорымды жылдар бойы зерттеп келеміз ғой. Детальді аралап жүріп, ағаш қалдықтары оның солтүстік-шығысынан көбірек шыққанын аңғардым. Осылайша, бір ауыздан хан моласы осы бағытта болуы керек деген байламға келдік. Негізі мен соңына дейін қабірлерді қазбай-ақ, сыртқы белгілер сәйкестігімен табамыз деп сеніп келдім. Қазба жұмыстары ең ақырында, басқа жол қалмаған кезде жүргізілуі керек. 2009 жылы амал жоқ, археологтарды шақырдық. 3-4 нысанда қазба жүргіздік. Соның ішінде бір қазба нысаны Н. Рычковтың сипаттамасына сәйкес келетіндей болды. Бұл №178 нысан болатын. Одан шыққан мүрде сүйектерін қараған антрополог та мұнда тірі кезінде ауыр жарақат алғаннан сүйекте қалған қан орны бар деді. Күн сайын түрлі дәйек келтіріліп жатады. Кейде оның барлығын бірдей жариялауға да үлгермейсің. Болжамға негіздеп байлам жасау өте қиын, себебі, ғылыми тұрғыда сәл ауытқысаң, кешірілмейтін тарихи қателік жасап, ақиқатты бұрмалауға жол бересің. Мен оны сол күйінде қалдырып, 2010 жылы тағы бір нысанды қазу туралы шешім қабылдадым. Бұл уақытта барлығы хан сүйегі №178 нысанмен сәйкес келеді деген байламға бекіп қойған болатын. Алайда, мен айтқанымнан қайтпай, нәтижені мойындауға асықпадым. Осылайша, 2010 жылы археологтар №92 нысанды қазды. Мұның себебі, не нәрсені де дәйекпен тұжырымдап үйренген мен Орынборға барып, 1979 жылы Әбіш Кекілбаевпен бірге Хан моласына келген Аманжол Алдашевпен кездестім. Ол маған сол уақытта түсірілген бірнеше фото берді. Бір фотода олар әлдебір төмпешікте тұр екен.  

Әділқайыр ханның антропологиялық реконструкциясы

 

Сол жылы Астанаға барып, Әбекеңнен «Мына фото жәй фото ма, әлде сол хан моласы ма?» деп сұрадым. Ол «есімде жоқ, бірақ жәй фото болмауы керек қой» деді. Жан-жақтан қысым көп болды, барлығы да отыз жылға жуық уақытқа созылған зерттеу жұмыстарының нүктесін қойып, Әбілқайырды тану туралы талап етіп жатты. 2010 жылы №92 нысанды қазып, салыстырмалы талдамаға генетика және цитология институтына жібердік. 2010 жылдың күзі болатын, ұмытпасам, 21 қараша күні мені Ақтөбе облысы әкімінің қатысуымен өтетін жиналысқа шақырды. Жиналысқа 3-4 күн қалғанда, институттан телефон шалып, соңғы қазылған нысанның ұрпақтарының талдамаларымен 99,7 пайызға сәйкестік бергенін хабарлады. Бұл нақты байлам еді, себебі, гендік тек алдамайды.

- №92 нысанның Әбілқайырдың өзі екендігіне күдік білдірген жағдайлар болды. Дәлелдеу қиын болды ма?

- №92 нысанды қазу туралы ой қайдан келді дейсіз ғой. Мен Аманжол Алдашев берген фотодағы төмпешікті іздедім және формасы, орналасқан аумағы дәл сәйкес келетін төмпешікті таптым. Бұрынғы жазылған бейнесұхбаттарды қайта қарадым. Ұнзилла әжейдің сілтеген бағыты да осы нысанды меңзейтін сияқты. Ұрпақтардан генетикалық ДНК үлгісін алып, екі қайтара салыстырмалы тексеру жүргізілді. Бұл Әбілқайырдың өзі немесе оның жақын туысы болуы керек деген болжам жасалды. Шежірені қайта қарап шықтым. Хан моласы ерекше қорым екен. Қазақтар үлкен қорымды қыстауға салады. Хан моласы жайлауда жатыр. Бұл қорым пайда болатын жер емес еді. Кішкене ыңғайсыздау, төмен жерде. Әбілқайырдың өз өсиеті бойынша жерленген дейді. Қорымда оның жақындарынан немересі Қасым сұлтан ғана жерленген. Ол 1830 жылдары 30-40 жас шамасында қайтыс болған. Ал генетика талдамасы бойынша қорымнан табылған мүрде 55-65 жас шамасындағы үлкен кісінің сүйегі.

Егер №92 нысан табылмай, біз №178 нысанға байланысты оң шешім қабылдағанда, нәтиже басқаша болатын еді. Өзіңіз де білесіз, Қасымұлы Елекей сұлтан 1840 жылы жол үстінде келе жатып аудармашы Искандер Батыршынға атамның сүйегін қазып алып, Сыр бойына апарып қайта жерледім деп айтыпты деген дерек шықты. Бірақ бұл шындыққа жанаспайды. Сыр бойында хан әулетінің қыстауының болғаны рас. Алайда, мұндай дәрежедегі ханның сүйегін ұрпағы қазып алып, қайта жерлеп жатса, ол туралы халық ішінде қандай да бір ауызекі әңгіме қалуы керек еді. Әрі бұл туралы зерттеушілердің еңбегінде ешқандай растайтын дерек кездеспеді. Ол уақытта Қазақ даласы Ресей әкімшілігінің бақылауында отырды. Сыр бойында да хан сүйегі әкелінді деген ақпарат жоқ. Керісінше, 1896 жылы Орынбор Ақтөбе уезіне фотограф Борох Фишманды жіберіп, көрікті жерлері мен ескерткіштерін таспаға түсіруді тапсырады. Соның ішінде Әбілқайыр моласын түсіру тапсырылған. Әбілқайыр 1748 жылы өмірден озды, оның ұрпағы 100 жылдан кейін сүйегін қалай қазып алады, оған кім рұқсат береді? Ол қазып алса, оны басқа ұрпақтары неге білмейді? Міне, осы сұрақтарға нақты дәйекті жауап жоқ.

- Әбілқайырдың ұлы Нұралы хан әкесін бес қаруымен жерледім деп айтыпты деген дерек кездеседі. Алайда, бұл расталмады, солай ма?

- Әскери жорықта жүрген Николай Рычковтың хан қонысына келетінін білген Нұралы сұлтан оны күтіп алудан бұрын, Ресей әкімшілігі алдындағы әкесінің беделін көтеруді мақсат тұтқан секілді.  Бұл 1971 жылдың 30 сәуірі болатын. Н. Рычков Әбілқайыр ханның бейітінің басында ту бие сойылып, үлкен ас берілді деп жазады. Қазақтың тұрмыстық салтын жақсы білетіндер, ежелгі уақытта көктемде ас беретін кездің аз болғанын түсінеді. Ас әдетте жазғытұрым беріледі. Н. Рычков Әбілқайыр хан зиратының үстіне кірпіштен мавзолей сипатындағы бейіт тұрғызылған, мәйітті сол жерге өз киімімен, қару-жарағымен көмген деп жазады. Хан ауыр жарақаттан көз жұмды. Ашық жараланудан оның қансырағаны анық. Ханға жасалған жауыздық елді шошытты. Тіпті Бопай ханым Нұралы мен Ералы сұлтандарға «Хан әкелерің өлтірілді, әзір елге келмеңдер» деп хабар жібереді. Әрине, хан денесін жуындырып, арулап, тез жерлеу керек болды. Ол ханға лайық мұсылман дәстүрімен жерленген. Сондықтан, біз тарихшылар хан жауынгер киімімен жерленді дегенмен келіспейміз. 23 жылдан кейін, әкесінің беделін көтеріп, оған үлкен мазар салуды сұраған Нұралы хан оның қасына қару-жарақты қойып, әдейі үлкен ас беріп, оның халық арасындағы беделінің өлгеннен кейін де жоғары екендігін ресей әкімшілігіне дәлелдегісі келген. Мұндай қарама қайшылы деректер келтірілгенде, зерттеу жүргізу қиын. Алайда, біздің тапқанымыз ханның моласы екені анық. Мен ұзақ жылдар бойы асықпай, мамандардың пікіріне сүйеніп, қорытынды жасадым.

- Әбілқайырдың Мажарстанда бас сүйегі арқылы қалыпқа келтірілген бет-бейнесі мен оның тікелей ұрпақтарының арасынан қандай ұқсастықты баса айтар едіңіз?

- Әбілқайыр ханның бас сүйегі реконструкция жасау үшін Венгрияға Будапештке жіберілді. Кейін оның нәтижесі шынымен таңқалдырды. Біз оны ұрпақтарының фотосуреттерімен салыстырып көрдік. Нұралы ханнан тарайтын Мұрат Қаратаев, Роллан Қаратаевтың түр-тұлғасы Әбілқайыр ханның реконструкциядан өткен бейнесінен айнымайды. Ал Ералы ханнан өрбіген ұрпақ Ибрагим Шамшатов Джон Кестль салған сурет пен антропологиялық реконструкцияның арасындағы ұқсастықтың айқын дәлелі бола алады. Джон Кестль салған сурет пен антропологиялық реконструкцияға дұрыстап зер салып қарар болсаңыз, мұрындарында, көздерінде ұқсастық бар екенін анық байқар едіңіз.

Ағылшын суретшісі Джон Кестльдің 1736 жылы Әбілқайыр ханды бейнелеген суреті



- Тылсым дүниеге сенесіз бе, Хан моласында сіздер куә болған ғажайыптар болмады ма?

- Мен ғалыммын. 2007 жылы сонда қонған кезімізде, бәлкім шын мәнінде бір жұмбаққа кез болармыз деп, шәкіртім екеуміз түнде екі-үш рет сыртқа шығып жүргенбіз. Бірақ, ештеңе де болған жоқ. Кейде жол таппай, қиналған сәттерімде экстрасенс шақырсақ па екен, деп ойлаған кездерім де болды. Алайда, біз қандай дерек болмасын, ғылыми тұжырымдамаға ғана сүйенеміз.

- Әбілқайыр хан моласына қатысты зерттеуге нүкте қойдыңыз ба, әлде сіз әлі де ақиқатын ашсам деп жүрген мәселелер бар ма?

- Нүкте қойған сияқтымын. 1983 жылдан бастап есептесем, мен Әбілқайырдың бейітін іздеуге бірнеше ондаған жылдарды сарп етіппін. О баста, бағыт беретін деректер бар деген сенімде болған Хан моласының өзін табу үшін қаншама еңбек еттік, бірнеше ұжымдар мен мамандар бірлесіп жұмыс жасады. Негізгісі генетикалық талдаманың оң нәтиже бергендігі.

 «Хан моласы: ақиқатқа апарар ұзақ жол» деген оны іздеу мен зерттеудегі іс-әрекет, болжам мен тұжырымға негізделген деректі дәйектер топтастырылған кітап жаздым, бірақ әзірге шықпады. Қазір осыны қолға алсам деп отырмын. Ең бастысы, ендігі мәселе - жаңа антропологиялық реконструкцияны Әбілқайырдың шын бейнесі ретінде бекіту, халыққа таныстыру болып отыр.

 

Естелік

Бекарыстан Мырзабай, өлкетанушы:

- Әкем пошташы болатын, Ырғыз ауданының Нұра совхозының Мамыр деген фермасында тұрамыз. Пошта тарататын кезде әкем жаныма серік болсын дейтін болар, 3-4 класта оқып жүрген кезімнен бастап, мені екі аяқты ат арбаға жанына отырғызып алатын. Жол-жөнекей жүріп өткен жерлеріміздің атауларын айтып, тарихынан сыр шертіп отырады. Біздің ауылымыз тоқсан салалы Торғай, отыз екі салалы Өлкейік, жиырма бес салалы Ырғыз өзені келіп құятын тоқсан көлдің ортасындағы арал секілді жерде орналасқан.

Ол уақытта мектеп бағдарламасында шетелдің географиясын оқимыз, кез-келгенін картадан көрсетіп бере алатынбыз, ал өзіміздің жергілікті жердің жер-су атауларын оқытпайтын.  Әкем әрине, ауылды картадан көрсете алмайтын, бірақ біздің өлкенің ой-шұңқырын жатқа білетін. Сол уақытта ол кісінің бір айтқан әңгімесі жадымда жатталып қалыпты. Ол отыз екі салалы Өлкейіктің бір саласы Қабырғаның бойында Әбілқайыр деген хан жатыр, оның ар жағында Қореннің қопасы деген жер бар, Қорен хан Төлегеннің інісі Сансызбаймен сол жерде соғысқан деп көнеден сыр шертер бір әңгіменің шетін шығарды. «Ееее» деп бала қиял өзгеге алаңдап кетті де, ары қарай қазбаламадым.

Бірақ, кейін дәл осы әңгіме санамда қайта жаңғырып, Әбілқайыр туралы ақиқатты іздеуіме ықпал еткен жағдайлар болды. 1978 жылы Тахауи Ахтановтың «Ант» спектаклін көрудің сәті түсті. Сол «Анттағы» Әбілқайырдың қайғылы бейнесі, Бопайдың зар жылаған мұңы тарихи санамыз тұманданған, ештеңені оқып, әлі танысып үлгермеген жастар үшін бір жұмбақ дүние секілді әсер етті.

1979 жылдың аяғы 1980 жылдың басында елге каникулға келдім, ауылдың көзі ашық азаматы Қапаз Еламанов музей ашу үшін жәдігерлер жинақтап жатыр екен. Мені шақырып алып айтқан әңгімесінен білгенім, Ырғызға өткен жазда Әбіш Кекілбаев келіп кетіпті. Жәй келмепті, Әбілқайыр ханның ізін зерттеп жүр екен. Осыны айтқан Қ. Еламанов мен қатарлы Алматыда оқып жүрген ырғыздық студент жастардың қолына он адамның тізімін ұстатып, тапсырма берді. Мақсат – музейге жәдігерлер жинау керек.  Міне, осы тапсырмамен мен Әбіш Кекілбевпен кездесіп, одан ең үлкен олжам - сонау 1736 жылы ағылшынның барлаушы-саяхатшысы Джон Кестль хан ордасында отырып салды делінген суреттің көшірмесі және Әбілқайыр ханның 1730 жылы 8 қыркүйекте Анна Иоанновнаға жазған хаты мен оның Әбілқайырға жіберген сенім грамотасы.

Ол уақытта Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуы деген термин болды. Дінмұхаммед Қонаевтың тапсырмасымен Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуының 250 жылдығына дайындық барысында Әбілқайырды, оның маңындағы батырларды зерттеу керек деген ұйғарым болды. Осының негізінде Әбіш Кекілбаев мұрағатты еркін ақтарып, Әбілқайыр хан Ресей елшісі Алексей Иванович Тевкелевті қабылдаған Ырғыз жеріндегі көне орындарды аралап, Хан моласында болып, ел аузындағы фольклорлық аңыз-деректерді жинақтаған. Нәтижесінде «Жұлдыз» журналына «Үркердің» алғашқы бөлімдері жариялана бастады. 1985 жылы мен оқу бітіргеннен кейін Ырғызға аудандық өлкетану музейінің меңгерушісі болып келдім. 1983 жылы Әбілқайыр ханға барған мен білетін алғашқы ғалым Серік Әжіғалиев болды. Алғаш рет 1979 жылы Әбіш Кекілбаев келген. Ал 1982 жылдары Өзбекәлі Жәнібеков тікұшақпен ұшып келіп, бірнеше сағат болған.  Сөйтіп, жетпісінші жылдардың аяғы, сексенінші жылдардың басынан бастап, Хан моласына алғашқы қазақ интеллегенттері аяқ ізін сала бастады деп айтуға болады.

Менің Әбілқайырды зерттеуге байланысты ерекше айтып өтетінім, бұл халықтың тарихи санасының оянуына, жаңғыруына, Әбілқайырды тануға ұмтылуына бірінші кезекте көркем әдебиет, оның ішінде Т.Ахтановтың «Анты», Ә.Кекілбаевтың «Үркері» мен «Елең-алаңы» әсер етті. Одан кейінгі жылдары ғалым Серік Әжіғалидың 1983 жылы, 1998, 2001, 2007-2012 жылдар аралығындағы кешенді, жан жақты ғылыми археологиялық экспедиция жүргізуінің арқасында бүгінгі ұрпақ баға жетпес тарихи құндылығын қайта қалпына келтірді. 

Айтылуы керек шындық бар. Әбілқайырдың хатында бодан боламын, қосылам дейтін ешқандай әңгіме жоқ. Бұл хатты әйгілі Бабыр патшаның кеңесшісі болған Мақтум мағзамның ұрпағы, Самарқандтан Әбілқайыр әдейі атпен алдырған қожа тұқымы Әбдіжәлел Нарғожаев деген өте білікті адам жазған. Хат сол кездегі дипломатиялық тілмен жазылады. Онда «Сіз патшалық құрғанға дейін естек, ноғай, башқұрттармен бірлігіміз жоқ еді, енді түзеледі деген үміттеміз» деген жолдар бар. Бұл дипломатиялық саясат. Ресей империясы астыртын қару беріп, қазақтарға айдап салған башқұрттардың, естектердің бейбастығын мәмілемемен тоқтатуды ойлайды. Хаттың мазмұны бүгін де бұрмаланып жүр, осыған байланысты Әбілқайырды зерттеу кеш басталды. Бұл саясат Кеңес одағының тұсында да жалғасты. Сондықтан, сұңғыла саясаткер Д. Қонаев Ресейге өз еркімен қосылуға еңбек етті деген желеуменен Әбілқайырды, көптеген қазақ батырларын жарыққа шығаруға, осылайша ұлтымыздың тарихи санасын қайта жаңғыртып, қалыптастыруға әсер етті.

1993 жылы Ақтөбе облыстық тарихи мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекцияда қызмет етіп жүрген кезімде, 600 шақырым қашықтықта Торғаймен шекарада жатқан Қабырға өзенінің Өлкейікке құятын аңғарынан 4 км жоғарыда жатқан Хан моласын өз көзіммен алғаш рет барып көрдім. Ол уақытта барлық зерттеушілер Николай Рычковтың жазбаларына ғана сүйенетін. Кейін 1998 жылы этномәдени мұраларды кешенді зерттеу мемлекеттік бағдарламасы аясында Әйтеке би, Хромтау, Ырғыз, Шалқар аудандарына С.Әжіғалиевтің басшылығымен жасақталған экспедицияға қатыстым. Н.Рычков 1771 жылы хан баласы Нұралымен бірге Әбілқайырдың бейітінің басында бірнеше сағат болады. Сонда Нұралы хан, әңгімесінде әкемді майдан даласында қаза тапқан жауынгер батырға лайық бес қаруымен, өзінің өсиеті бойынша осы жерге жерледім деп айтады. Хан 1748 жылы тамыздың басында ыстықта қаза болды.

Н.Рычков Әбілқайырдың қару жарағын көрдім деп жазады. Ең бірінші, біздің санамызды серпілткен, тарихқа көзқарасымызды өзгертіп, Әбілқайыр хан бейнесін қайта тірілткен көркем әдебиет болды. Оған ауызша сақталған фольклорлық жырлар негіз болды.  Архивтік библиографиялық жазбалар, Әбілқайыр ханның орыс патшайымына 1730 жылы жазған хаты, Ресейдің 1731 жылы Кіші жүзге жіберген елшісі Алексей Тевкелевтің күнделігі, Джон Кэстльдің 1936 жылы жазылған «Орынбордан Әбілқайыр ханға саяхат» күндерегі, орыс саяхатшысы Н.Рычковтың 1771 жылғы жазбалары негізге алынды. 2007 жылы қорым аумағы жоғарыдан дельтапланмен аэрофотсъемкаға түсірілді. Сол уақытта Хан моласын қиып өтіп, Жаманқаладан Хиуа Бұқараға баратын керуен жолы айқындалды. Н.Рычов Әбілқайырхан өмірден өткеннен кейін 23 жылдан кейін қорымына келгенде, оны жолдың бойында жатыр, алдында он екі аршын тас төселген алаң бар деп жазады. Сол алаңның орны табылды.

Мен Әбілқайыр ханның ұрпақтарын табуға қатыстым. Бұл қиын болмады, себебі олардың дені ақсүйек төре ретінде шежірелерін жүргізіп отырған. Мысалы, өзіме ғылыми коммунизмнен сабақ беріп, сынақ алған Ибрагим Шамшатовтың Әбілқайырдың ұрпағы екенін мен зерттеу барысында ғана білдім. Үйінде болдым. Сол уақытта 90-ға жақындап отыр, Ералы сұлтанның ұрпағы екен. Қаратаев Роллан Әбілқайыр ханның Нұралы ханнан тарайтын ұрпағы, медицина саласында еңбек еткен Жангереев Амангелді Айшуақ ханнан тарайды. Танымал заңгер, Ресей думасының депутаты болған Бақытжан Қаратаев, атақты әнші Мұхит Мерәліұлы, күйшілер Дәулеткерей Шығаев пен Қамбар Медетов жырау   Руслан Ахметов, Алматы қаласында 30 жылдай бас архитектор болған Рүстем Сейдалин секілді ел ішінде танымал тұлғалар. Ләйла Жансүгіровамен бірге жалпы ұзын саны 150 адамның тізімін жасадық. Оның ішінде 40-50 адамнан қан үлгілерін алып, салыстырма талдама жүргізілді.  

Қосымша мәлімет:

Хан моласы туристік аймаққа айналуы үшін не жасалуда?

 Әйтеке би ауданы әкімінің орынбасары Мүлкаев Бақытжан Ілімжанұлы:  

«Хан моласын туристік аймаққа айналдыру бағытында қомақты жұмыстар қолға алынуда. Атап айтқанда, 2019-2020 жылдары Хан моласы мен одан 90 шақырым қашықтықта жатқан Толыбай ауылының арасына жол төселеді. Хан моласы кесенесінің маңынан қонақ үй, асхана кешені салынады деп жоспарланып отыр. 2015 жылдың 2 қазанында Толыбай ауылында «Әбілқайыр хан» музейі ашылған болатын. Музей бір экспозиция залынан тұрады. Кіре берісте, сол жақ қапталдан бастап Әбілқайыр ханның серіктері Шақшақ Жәнібек, Табын Бөкенбай, Тама Есеттің графикалық портреттері орналасқан. Одан соң, Әбілқайыр хан үш жүзге басқолбасшы болып барған Аңырақай шайқасының диорамасы залдың бір бұрышын алып тұр. Залдың оң жақ қапталында бәйтерек басына қонған самұрық түріндегі ханның генеологиялық шежіресі, Әбілқайыр ханның бюсті, XYI-XYIII ғасыр үлгісімен жасалған хан-сұлтандардың киімдері қойылған. Қазіргі таңда, музейде 31 экспонат бар. Толыбай ауылы. Хан моласы қорымынан 90 шақырым қашықтықта, Аудан орталығынан 160 шақырым жерде орналасқан. Хан моласына мамыр айынан бастап қараша айына дейін келушілер саны үзілмейді. 2015 жылы Әбілқайыр ханның мемориалдық кешенінің ашылуына байланысты Хан моласына 1000-ға жуық келушілер болса, 2016 жылы – 486, 2017 жылы – 328, 2018 жылдың қараша айына дейін – 282 келушілер болды.

Нұргүл ҚАЛИЕВА

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: