Сенімсіздіктің құрбаны болған Бегім ана

10 Қазан 2017, 19:02 8254

Бір қаланың жойылуына себепкер сұлу

Орта Азиядағы биік мұнаралардың бірі – Бегім ана мұнарасы ІХ – ХІ ғасырларда бой көтерген. Ол Қызылорда облысына қарасты, Арал ауданы, Жаңақұрылыс ауылында орын тепкен. Мұнара мемлекеттік қорғаудағы нақты аймағы белгіленген тарихи ескерткіштердің бірі.

Бегім ана туралы көптеген аңыз-әңгімелер кездеседі. Олардың барлығында Санжар сұлтанның сенімсіздігінен зардап шеккен Бегімнің оқиғасы айтылады. Бірақ, деректері әр қилы. Бегім ананың өзі ислам дінін таратумен айналысқан Қарабура әулиенің қыздарының үлкені. Кей әңгімелерде баба киесі осы қызына дарыған делінеді. Ұлжан Шайхы Назар өзінің «Ордалы» хикаясында былай дейді: «Қарабураның қызы Бегім асқан сұлу еді. Оның көркіне қызыққандарда сан жоқ. Бірақ ол алдына келгендердің ішінен таңдай отырып, Жанкенттің патшасы Санжар сұлтанға тұрмысқа шығады. Бірақ, Санжар сұлтан оңбай жаңылысып, бір істің байыбына бармай-ақ, Бегім сұлудың ашу үстінде оң қолы мен бұрымын шауып тастаған екен. Бұл оқиға құлағына жете сала, қартайып қалған шағына қарамай Қарабура жылдамдатып, Жанкентке жетеді. Мән-жайды білген әулие ханға қарап: «Қызым кінәлі болса, сені қостаймын, ал бірақ кінәсі жоқ болса кескен қолы мен бұрымы жайына келер, тек азабын өзің көрерсің» деп кете барады. Қарабура өз кезегінде аты мәшһүр жұртқа аян, айтқаны дәл келетін әулие кісі еді. Оның сөзін естіген жергілікті халықтан ес кетеді. Себебі, Қарабура жәй айтпайтындығын жақсы біледі. Істің не боларын білуге асыққан жұрт хан сарайының маңына аяңдайды. Олар сарайға келсе, Бегім сұлудың кесілген қолы мен бұрымы орнында тұр. Расымен де, налыған қарт әулиенің сөзі шындыққа айналып, қалаға ордалы жылан басып кіреді. Үлгергендер қашып шығады, қалып қойғандарын жылан шағып өлтіреді. Осылайша, бір мезетте-ақ, қала бос қалады. Содан, Жанкент қаласы «ордалы жыланның мекені» аталып кетеді.

ХІІІ ғасырда Сыр бойындағы бірнеше қалалар моңғол шапқыншылығын басынан өткерді. Солардың бірі – Жанкент қаласы еді. Қаланың орны әлі күнге дейін толық зерттеуден өтпеген. Бұл шаһар жайында Түркістан қаласы арнайы өткізген үйірменің жазған деректері мен Хорезмнің археологиялық-этнографиялық зерттеуінен ғана ақпараттар таба аламыз. Осы қаланың жойылуына бірден-бір себепкер болған Бегім ана оқиғасы ХІХ ғасырдың соңында орыс тілінде қағазға түскен екен. 1989 жылы жаз мезгілінде Қызылорда өңіріне зерттеу жүргізіп жүрген А.Нестеров Қазалы мекенінен осы аңызды естіп, жазып алған. Оны 80-ге таяп қалған қарт кісі айтып берген екен.

«Бұрынғы заманда Үргеніштің билеушісі болған Бәгір ханмен замандас Санжар (кей деректерде Шаншар деп айтылады) хан ғұмыр кешкен екен. Ол өз ордасын Жанкент қаласына тігеді. Ал бұл орданың күйреуі мен Санжардың өлімі мына бір келеңсіз жайттың кесірінен болған деседі. Қаралы күн былай баяндалады. Санжар ханның Бегім атты өте көрікті сұлуы болыпты. Хан өз сұлуын қатты қызғанады екен. Себебі, Бегім көркіне көз тоймайтын, ай десе аузы бар, күн десе көзі бар ерекше сұлулықтың иесі болыпты. Ол Қарабура атты әулие кісінің қызы екен. Бірде Санжар хан аңшылықтан келе жатып, жолдан жылан мен батпаттың мінгескенін көріп, «неткен опасыздық мынау, осындай опасыздықта мақұлық пен адам арасында байланыс қаншалық екен?» деп ашуланып, жыланның құйрығын кесіп тастайды. Қасындағы шабармандары ханның бұл әрекетін дұрыс қабылдап, бастарын изеп тұра береді. Ал жылан мен батпат қашып үлгереді. Құйрығы кесілген жылан өз ініне келіп,  еріне шағымданады. Ол Санжар ханнан тезірек кек алып беруін өтініп, "кек алмасаң, кетіп қаламын" деп қорқытады. Ханның бұл ісіне булыққан ері жорғалап отырып, Санжар ханның сарайына еніп, бөлмесіне кірер тұста Бегім мен Санжар ханның әңгімесін естіп қалады. Санжар әйеліне нәзік жандылардың тұрақсыздығын баяндап, әлгінде жолда көрген оқиғасын айтады. Бұл әңгімеге құлақ салып тыңдаған жыланның ері, кері бұрылып кетіп қалады. Ол үйіне барып, опасыздық жасаған әйелін қуып жіберіпті.

Осы оқиғадан көп өтпей-ақ, Санжар хан тағы да аң аулауға шығады. Қаладан шыға берген тұста қолындағы жыртқыш құсының томағасын ұмытып кеткені есіне түсіп, жанындағы көмекшілерінің бірін бүркітінің томағасын алып келуге жұмсайды. Бұл жұмсаған құлы баяғыдан-ақ Бегім сұлуға ойы кетіп жүрген еді. Ол томағасын беріп жатқан Бегімнің қолынан ұстап алып, арам тірлік жасағысы келеді. Әрлі-берлі қарсыласқан сұлу одан амалын тауып, құтылып кетеді. Өз арам пиғылын жүзеге асыра алмаған құл қалайда кек алудың амалын іздестіре бастайды. Санжар хан оның неге кешігіп кеткенін сұрап, тергеуге алады. Ақыры дұрыс жауап бере алмаған құл, патшаның аяғына жабысып, зар илеп:

– Мәртебелі, патшам! – дейді ол, көз-жасын көлдей етіп, – сізге бір жайттың бетін ашамын, тек өмірімді сақтап қалсаңыз екен.

– Не деп тұрсың? – деп, хан қатты ашуға мінеді, – не боп қалды?

– «Жаныңдағы әйеліңе сенбей, астыңдағы тұлпарыңа сен» деп бекер айтпаған ғой... – дейді, құлы міңгірлеп.

– Не болса да, айт енді, өміріңді сақтаймын!

Осыдан кейін құлы сарайға барып, Бегім сұлудың әдейі аялдатқанын, мұны жаман жолға итермелегісі келгенін айтады. Санжар хан болса, бұл жалған сөздерге құдайдай сенеді. Ол сарайға тездетіп жетіп, қатты ашу үстінде, Бегімнің сол қолы мен бұрымын кесіп тастаған екен.

Ал Бегімнің әкесі бір жаман істің болғанын түс көріп, біледі. Ол Жанкентке келіп, ханмен жолығып, болған оқиғаның жәй-жапсарын түсінде көргенін, ақиқатқа көз жеткізбей, қызын қорлағанын айтады. Бірақ, ашулы хан райынан қайтпайды. Жағдайды жайғастыра алмайтынын сезген Қарабура:

– Ақылыңды бұлай ашуға жеңдіргенің не? Халқыңды хан сарайына жина! Егер қызым күнәсіз болса, сол жерде кесілген қолы мен бұрымы қалпына түсер! – дейді. Ертеңіне, жұртшылық алаңға жиналып, ортаға Бегім сұлуды шығарады. Қарабура айтқандай оның қолы мен бұрымы өз орнына келеді. Бұдан кейін әулие қарт Санжарға өз қарғысын жаудырып, «мынау қалаң қара жерге айналып, жылан қаптасын» дейді. Бұл наразы сөзі, көп өтпей-ақ шындыққа айналып, ордалы жылан қаптап, халықтың бәрін шағып өлтіреді. Тек бұл жерден Қарабура мен қыздары құтылып шығады. Сондай-ақ, Мазы атты жасөспірім бала қаладан аман шығып, Бұхараға оқуға кетіпті. Оның етігіне кіріп тұрған жыланды көріпкелі бар ұстазы байқап, басын шаптырып тастағанынан тірі қалған екен. Мұны Бұхараның ханы естіп, баланы сарайға алдырып, оның басынан өткерген оқиғасын сұрап алады. Билеуші Жанкенттің байлығына қызығып, оған өз жауынгерлерін аттандырады. Сондай-ақ, олармен бірге жыланның уын өткізбейтін сиқырлы дұға оқитын молдаларды қоса жіберіпті. Міне, сыртқы күштің арқасында түгел Жанкенттегі құнды заттарды жиып, қаладан аман-есен шығарыпты. Бұл табысы үшін Бұхара ханы Мазыға алғыс білдіріп, оған кішігірім қалашық сыйға тарқан деседі. Ол қалашық әлі күнге дейін Бұхараның жанында бар екен. Онда Мазының ұрпақтары ғұмыр кешіп жатыр».

Жанкент қаласының құлауы жайлы Нестеровтың аңызында осылай баяндалады. Ал бірақ, жергілікті тұрғындардың әңгімесі бұдан өзгешелеу. Бегім – махаббаттың берік иесі, ол өз еріне адал, ары таза жан. Қариялардың аңыздарында да қолы мен бұрымы кесілгенен соң, әкесінің келіп, айтқан сөздерінен кейін қайтып қалпына келеді. Мұны көрген Санжар есінен тана жаздап, кешірім сұрап, аяққа жығылады. Бірақ, Бегім торғайға айналып ұшып кете барады. Ол қонған жерден биік мұнара пайда болыпты-мыс. Ол мұнараға жергілікті тұрғындар барып, табынатын киелі орын санаған. Бір қызығы, мұнара маңына ер адамдар баруға болмайды. Және бұл жерге бала көтере алмай жүрген әйелдер келіп, басына түнейді екен. Бүгіндері Бегім ана мұнарасы ауылдардан тысқары жатыр. Ал Жанкент қаласының Сырдарияның сол жағалауында Қазалы жерінен сәл төменірек орны бар.

Ел аузында ілгеріде айтқан аңыздарға ұқсас келетін тағы бір аңыз жүр. ІХ ғасырда түріктер Каспий маңына үдере көшіп келіп, Селжұқ мемлекетінің негізін салады. Келген соң, бірнеше жерлерге шабуыл жасап, оларды басып алып, өз мықтылығын танытқан екен. Қаһарлы Мәлік шах қаза тапқан соң, оның орнын Санжар алады. Ол астананы Жанкентке көшіріп, көп ұзамай Қарабураның қызы Бегімге үйленеді. Ілгерідегі келтірілген дәйектердегідей томағасын үйіне ұмытып, өз құлын алып келуге жібереді. Оқиға осылай өрбиді. Құлы оған өтірік айтып, ашуға булыққан Санжар Бегімнің оң қолын, оң бұрымын кесіп, оң танауын тіліп, зындаға тастатады. Мән-жәйдың ақ-қарасын айырмай осындай іске барған Санжарды ойлап, Бегім бір түн көз ілмей шығады. Келесі түн түсіне әкесі кіріп былай дейді:

– Қызым, ақсың ба, қарасың ба? Тек шыныңды айта қойшы. Күнәсіз болсаң Жаратқанның өзі жәрдемдеседі, ал күнәлі болсаң сені қарғайды, тек расын айт!

Бегім болса:

– Әкешім, Алла атымен ант ішейін, егер де Санжар сұлтанға титтей де қиянат жасаған болсам, Құдай атсын, ғұмырымды қысқартсын! Ақпын, ақпын! – деп, зар жылайды. Осыдан кейін Қарабура әулие Санжардың түсіне кіреді.

– Сен де менің үміт артқан балам едің. Егер де қызым саған қиянат жасаған болса, сол қолы жоқ, бұрымы қиылған, танауы тесік мүгедек күйінде қалсын! Қызымның күнәлі-күнәсіз екенін анық білмей, бірде бір әділ сөз айтуға жарамаған жұртыңмен бірге жылан жұтсын! – деп қарғап, теріс батасын береді. Бұл түстен кейін, Санжарды ой мазалап тыным бермейді. Ол келесі күні зынданға құлын жіберіп, Бегімнің жағдайын сұратады. Құлы барып қараса, Бегім сұлу сап-сау күйінде отыр екен. Жендеті жетіп барып ханға мән-жайды баяндайды, Санжар бірден шошып түседі. Ол кешқұрым кеңес құрып отырғанда төбеден мес түсіп, ішінен қаптаған жылан шығып, қаладан бірде-бір адамды шығармай, бәрін шағып өлтіріпті. Осылайша жайнап тұрған Селжұқтардың астанасы түгелімен жылан апатына ұшыраған екен. Бұл оқиғаны аңыз деп ұғынсақ та, әлі күнге дейін бұрыңғы Жанкенттің шет жағында ордалы жылан жатыр.

Бегім бұл оқиғадан кейін әкесінің арқасында мұнара салдырып, қалған жұмбақ өмірін сонда өткізуге бекінеді. Себебі, ол ер атаулыдан қатты көңілі қалған екен. Кейін оған Қарабураның әулиелігі дарып, «Бегім ана» атағына ие болады. Бегім анаға баласыз әйелдер келіп, алақан жайып тілесе, олардың ниеттері қабыл болады екен. Көпшілік оның әулиелігін мойындап, Бегім анаға мінәрат етіп келушілер көбейіпті.

Сандуғаш Мамышқызы
Бөлісу: