Еуро-2024 турниріне іріктеу кезең де өз мәресіне жетіп келеді. Бүгін Қазақстан ұлттық құрамасы мен жанүкүйерлер үшін маңызды сәт. Өйткені, Словениямен Германияға баратын жолдамаға таласамыз. Келесі кезеңге өту үшін тек жеңіс керек. Сарапшылардың пікірінше, мүмкіндік аз. Бірақ, бұл мүлдем жоқ дегенді білдірмейді. Сенім мен жігер біздің жігіттерге жолдаманы қолына салып беруі әбден ықтимал. Барлығын уақыт көрсетеді.
©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ
Бүгін, яғни 20 қараша күні Еуро-2024 турниріне іріктеу кезеңінің 10 туры өтеді. Қазақстан ұлттық құрамасы Словения астанасы Любляна қаласына Германияға баратын жолдаманы сарапқа салуға барды.
Даниядан кейін Еуро-2024 додасына қатысу құқығы кімге бұйырады? Бұның жауабы бүгін белгілі болатыны анық. Бірақ, шетелдік спорт сарапшыларының пікірінше, келесі кезеңге Словения ұлттық құрамасы өтеді. Өйткені, біріншіден Қазақстан мен Словения арасындағы айырмашылық. Барлығына белгілі, словактардың басым көпшілігі топ чемпионаттарда өнер көрсетеді. Ал, қазақтардың құрамында мұндай ойыншы жоқ. Ең үздік ойыншы деп саналып, Түркия біріншілігінде доп тебетін Бахтиер Зайнутдиновтың өзі матчқа жарақатына байланысты қатыса алмайды. Мұның өзі команда лидерсіз жақсы ойын көрсете алмайды дегенді білдіреді. Екіншіден, Словения ұлттық құрамасына тең нәтиже де жетеді. Ешқандай қысым жоқ. Ал, керісінше, Қазақстан ұлттық құрамасына Германия төрінде доп тебу үшін тек жеңіс ғана керек. Сондықтан, Словения келесі кезеңге өтеді.
©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ
Букмекерелік кеңселердің ойынға жасаған болжамы бойынша, Қазақстан ұлттық құрамасы топта фаворит саналған қарсыластарға қарсы жеңісті жұлып әкете алады. Бұған дәлел, «Астана Арена» стадионында өткен Даниямен ойын. Оған қоса, сырт алаңда да сәтті ойнайды. Мысалы, Могамед Адиевтің шәкірттері Солтүстік Ирландияны (1:0) және Финляндияны (2:1) есебімен сырт алаңда жеңді. Бірақ, бұл фактілерге қарамастан «Словения» ұлттық құрамасы келесі кезеңге өтеді деп болжануда.
Ақпараттарға сүйенсек, Словенияның жеңісіне 1,48, екі құрама арасындағы ойын тең нәтижемен аяқталатынына 4,30 ал, Қазақстанның жеңісіне 7,10 коэф. көрсеткіші белгіленген.
©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, доп домалақ. Бұл ойын тарихында бірқатар ғажайыптар орын алған және болашақта да бола береді. Себебі, ештеңені кесіп айту мүмкін емес.
«Қазақстан ұлттық құрамасының бұндай жетістіктерге жетуіне кімнің көп септігі тиді деген сәтте?» жанкүйерлердің басым көпшілігі ұлттық құраманың бас бапкері Могамед Адиевті айтады. Бұлай болуының да өз себебі бар. Өйткені, ресейлік бапкер қазақ футболшыларының бас біріктіре алатынын көрсетті. Одан бөлек, әр спортшының мықты тұстарын қарсыласқа қарсы қолданып білді және миллиондаған қазаққа үміт сыйлады.
Осы ретте, Қазақстан ұлттық құрамасының бас Могамед Адиевтың ойын туралы пікірін назарларыңызға ұсынамыз.
Енді бар назарды қарсыласқа емес, ұпай санына аудару керек. Себебі, бұл ойын біз үшін финал. Шешуші ойын. Қандай қарсыласқа қарсы ойнайтынымыз маңызды емес. Осыған дейін қандай жол жүргеніміздің де, қандай ұлттық құраманы жеңгеніміздің де маңызы жоқ. Маңыздысы - ертең жеңіске жетіп, қазақ елін қуанту. Маңыздысы – Германия жолдама алып беретін 3 ұпай, - деді Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері.
Қазақстан ұлттық құрамасының жалғыз үміті Адиев ғана ма? Бұлайда ат тонын кесіп, айтуға болмайды. Өйткені, ұлттық құрама жігіттерінің қайсысы бірі де жауапкершілікті сезініп, әр ойынның ауырлығын кезекпен кезек мойнымен көтеретін бар. Мысалы, сырт алаңда Солтүстік Ирландияға қарсы ойында Абат Айымбетов қарсыластың жарты футболшысының алдап, жалғыз жеңісті голдың авторы атанды. Оған қоса, Финляндиямен болған матчта Бахтиер Зайнутдинов дубль жасап, жеңісті жұлып берді. Тіпті, соңғы Сан-Мариноға қарсы ойында болашағынан үміт күттірер ойыншылардың бірі – Ислам Чесноков те қонақтар қақпасына екі гол соғып, Германияға апаратын жолды қысқартты десек те болады. Осы сынды факторларды негізге ала отырып, Словенияға қарсы ойында да ұлттық құрама қатарынан бір қаһарман шығып, жеңіс туын желбіретуіміз де ықтимал.
©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ
Ашығын айтқанда, Қазақстанның келесі кезеңге өті мүмкіндігі қандай? Осы секілді сұрақтарға белгілі спорт комментаторы, Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі Ермұхамед Мәуленнің пікір білдірген болатын. Оның айтуынша, ұлттық құрамамыз да үміт те, мүмкіндік те бар.
Үміт те, мүмкіндік те бар. Бұл футбол деп аталатын спорт болғаннан кейін түрлі оқиғалар болады. Словенияның өзі де бұрындары аутсайдер деп есептеліп жүрген командалардың бірі. Бірақ, олар Украинаны да Ресейді де фаворит саналғанына қарамай екі рет жеңді. Қазақстан да тура сол секілді жеңіске жетеді. Мықты ойыншыларымыз бұл матчқа қатыса алмайын деп тұр. Жарақат бар, басқа да себептер бар. Бірақ, Словенияның қазіргі құрамы өте мықты. Мойындау керек. Қақпашысы Янн Облактың өзі әлемдегі ең үздік 5 қақпашының қатарына кіреді. Ойыншыларының көп бөлігі Бундес лига мен А сериясында өнер көрсетеді. Сондықтан, Қазақстан ұлттық құрамасына оңай болмасы анық. Словения бізбен салыстырғанда күштірек. Алайда, футболдағы 90 минутта ерік-жігер, намыс, елдік рух, жанкүйерлердің қолдауының арқасында оларға да төтеп беруіміз мүмкін. Соған сенеміз!
Әлемнің өзі Қазақстанның жеңісіне сенбейді. Жаһандық ақпарат құралдарыынң 90%-ы Словенияны Германияда футбол додасына қатысатын номиналды үміткер ретінде есептейді. Бірақ, жоғары да айтқандай мүмкіндік аз болғанымен, бұл - мүмкіндік мүлдем жоқ дегенді білдірмейді. Жасыл алаңдағы 90 минутта барлығы өзгеруі ықтимал. Бастысы сенім мен жігер. Қазақстан ұлттық құрамасына бірге жанкүйер болайық!