12.08.2025
10:00
1440
«Сені ешкімге бермеймін» әні халыққа қалай танылды?

«Сені ешкімге бермеймін» әні халыққа қалай танылды?

«Сені ешкімге бермеймін, сұрамасын!

Сұрамасын, жанымның мұнарасын.

Маған сені Тәңірдің өзі берген,

Пейіште періштелер жылағасын...»

Әннің осы бір жолдары биылғы жылдың нағыз хитіне айналып, миллиондаған тыңдарманның жүрегін жаулады. Әлеуметтік желілерде сансыз бейнежазбаның түсірілуіне себеп болған «Сені ешкімге бермеймін» әні бүгінде тойлар мен мерекелік кештердің басты әуені ретінде шырқалып келеді. Осы ретте әннің тарихын білу үшін El.kz интернет порталының тілшісі оның авторы әрі орындаушысы, шымкенттік жас композитор Талғат Леспен сұхбаттасқан еді.

Балалық шақтан басталған өнерге құштарлық

Талғат Лес – Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Жетісай қаласында дүниеге келген. Өнерге деген қызығушылығы бала кезінен байқалған ол мектептің 9-сыныбын тәмамдаған соң, Шымкент қаласындағы «Оңтүстік Қазақстан саз колледжіне» түсіп, хор дирижері мамандығын игереді.

Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Дирижер мамандығын оқығаныммен, бұл салада жұмыс істеген жоқпын. Білімі ұнағанымен, өзімді дирижер ретінде елестете алмадым. Маған хор өнері қатты ұнады, сондықтан осы бағытты таңдадым. Дауысты қою, музыкалық есту қабілетін дамыту – қызығарлық дүниелер болды. Дирижерлік те тартымды көрінді, бірақ уақыт өте келе өз жолымды таптым, – дейді ол.

Студенттік жылдарында-ақ композиторлыққа бет бұрған жас музыкант 2018 жылы алғашқы «Жоқ деме» әнін жазды. Бұл туындыны халыққа танымал әнші Заттыбек Көпбосынұлы орындады.

Ол кезде ән сатпайтынмын, сыйға тартатынмын. «Жоқ деменің» сөзін колледждегі досым Айбек Тұрсынбек жазған еді, – дейді Талғат.

«Сені ешкімге бермеймін» әні қалай жазылды?

Бүгінге дейін автор оннан аса ән шығарған. Олардың ішінде «Сезім үшін» және «Сені ешкімге бермеймін» халыққа кеңінен танылды. Екі әннің де сөзін жазған – жазушы, ақын Ақберен Елгезек, ал әнін Талғат Лестің өзі шығарған. Әсіресе, «Сені ешкімге бермеймін» әнінің сөзін халық о бастан ұнатып, түрлі бейнежазбалар түсіретін болған.

Бұл өлеңнің сөзі поэзияда бұрыннан танымал. Көпшілік Мұқағали Мақатаевтың өлеңі деп шатастырады, бірақ оны жазған – Ақберен Елгезек. Ол өлеңді сол кездегі өзінің ұнатқан қызына, қазіргі жарына арнаған еді. Көптен бері дәл осы өлеңге ән шығарғым келетін. Ақберен ағам да өзі қолқа салып, «сен осы сөзге ән жазып көрші» деді. Біз «Сезім үшін» әнін шығарғаннан кейін жақсы араласа бастадық. Бұған дейін ағаны сырттай ғана білетінмін, – дейді Талғат. 

Талғат Лес «Сезім үшін» әні «Сені ешкімге бермеймін» әнінің шығуына оң әсерін тигізген.  

«Сезім үшін» әнінің алғашқы орындаушысы – Ғазизхан Шекербеков. Кейін 2023 жылы оны Дариға Бадықова мен Олжас Абай дуэт болып орындап, әннің танымалдығын арттырды. Сол сәттен бастап Ақберен аға екеуміз күнделікті байланыста болдық. «Не істейміз, тағы қандай ән жазамыз?» деп ақылдасып отырдық. Ол кісі маған бірнеше өлең жіберді. Солардың ішінде «Сені ешкімге бермеймін» де болды, – дейді композитор.

Автор әнді жазу процесін ерекше шабытпен еске алады.

«Сезім үшін» әні халыққа тарап, өзім шабыттанып жүрген кезім еді. Ақберен аға кешкі сағат 11 шамасында «Мына өлеңге ән жазып көр» деп жіберді. Бір сағатқа жетпейтін уақытта әуені дайын болды. Шығармашылық адамда іштегі сағыныш, айта алмаған сырлар болады ғой, солардың барлығы осы әнде төгілді деп ойлаймын. Көп нәрсені сыртқа шығармайсың, бірақ ән арқылы айтуға мүмкіндік туады. Мүмкін, ішімдегі бір сезімдер ән болып жарыққа шыққан шығар, – дейді ол.

Көпшілік «Сені ешкімге бермеймін» әнін белгілі бір аруға арналған деп ойлағанымен, автор мұны жоққа шығарады.

Шыны керек, ол кезде менде нақты бір адамға деген сезім болған жоқ. Тек үлкен шабыт болды. Жүрген жерімде «енді қашан жаңа ән жазасың? Тағы қандай туынды шығарасың?» деген сұрақ жиі қойылатын. Сол сенім мен мотивация ерекше әсер берді. Әнді сондай көңіл күймен жаздым, – дейді Талғат Лес. 

Әуен дайын болған соң, ол бірден Ақберен Елгезекке жолдаған.

Гитарамен орындап жібердім. Ақберен аға музыкант емес, бірақ талғамы жоғары, әнді бағалай алатын адам. Басында әнді 50/50 қабылдады. Өйткені ол кезде аранжировка жасалмаған, өңдеу де болмаған. «Жалпы құрылымы жақсы, бірақ әлі де бір қарап шығу керек» деген пікірін айтты, – деп еске алады ол.

Талғаттың айтуынша, ол туындының болашақта қандай деңгейге жететінін іштей сезген.

Өзімнен шыққаннан кейін әннің қай жерге дейін баратынын сезіп жүрдім. Әрине, әуелі Алла, бірақ іштей сенім болды, қорқыныш та қатар жүрді. Дегенмен бұл әннің тыңдарман жүрегінен орын табатынына сендім, – деді әнші.

Әннің жарық көруі және саундтрекке айналуы

«Сені ешкімге бермеймін» әні 2023 жылы жазылғанымен, әннің жарыққа шығуы біраз уақытқа созылып кеткен.

Әні шығарамыз, міні шығарамыз деп жүргенде қалай 2025 жыл болып кеткенін байқамай қалыппын. Тек «Сені ешкімге бермеймін» әні ғана емес, жалпы көп ән бірден жарық көрмеді. Шығармашылық үзіліс болды деп айтуға келмейді, себебі екі жыл бойы да ән жазып жүрдім. Тек сол әндердің студияда жатып қалатын кездері болады. Мысалы, 2024 жылы шыққан кей туындыларым 2021 жылы жазылған, – дейді Талғат Лес.

Көпшілікке «Сені ешкімге бермеймін» әні «Болмаған балалық шақ»  фильмінің саундтрегі ретінде де танылған. Алайда оны саундтрек етіп шығару бастапқыда ойда болмаған.

Ән жазылғанда саундтрек болады деп Ақберен аға да, мен де ойлаған жоқпыз. Бірде Ақберен аға «Болмаған балалық шақ» фильмінің бас продюсері болып жүрген кезінде, премьераға екі аптадай қалғанда, бірге Шымкентке іссапарға бардық. Сол жерде шай үстінде есіме бұл ән түсті. «Аға, дайын тұрған «Сені ешкімге бермеймін» әні бар еді ғой, шығарып жіберсек қалай болады?» деп қолқа салдым. Ол кісі ойланып отырып, «осы әнді саундтрек етсек қалай болады?» деп ұсыныс тастады. Мен қатты қуандым. Бірден іске кірісіп, туындыны фильмнің саундтрегі ретінде шығарып үлгердік, – деді әнші.

Алғашқы әншілік тәжірибе және тыңдарман қабылдауы

YouTube желісінде 5 айдың ішінде 11 миллионнан астам қаралым жинаған «Сені ешкімге бермеймін» әні – Талғат Лестің орындауындағы алғашқы туындысы. Бұған дейін ол тек өзге орындаушыларға ән жазып келген.

Бұл – менің орындауымдағы бірінші ән. Бұған дейін ән айтпадым, тек қана мәтінге әуен жазып беріп жүретінмін. Өзімді жарнамалау, көпшілікке таныстыру деген қасиетім жоқ. Көбіне бірінші әнімді танып жатады, кейін орындаушысы мен екенімді біледі. Кейде той-томалаққа барсам, біреулер әнімді орындаған соң ғана «міне, әнді осы жігіт айтады екен ғой» деп пікірін білдіреді, – дейді автор.  

Талғат Лес алғашында әншілікті арман еткенін, алайда білім алған соң студиялық жұмысқа қызығушылығы артқанын айтады.

Музыкалық білім алуға оқуға түскендердің басым бөлігі әнші болуды армандайды. Мен де солай түскенмін. Бірақ оқу барысында аранжировка жасауға, студияда жұмыс істеуге қызығушылығым ашылды. Өз әнімді өзім өңдеуді мақсат еттім. «Сені ешкімге бермеймін» – алғашқы орындауымдағы ән, сол себепті мен үшін үлкен жауапкершілік. «Халық қалай қабылдайды екен?» деген қорқыныш болды, – деді ол.  

Ән шыққалы бері тойларға шақыру, вальс биіне орындауын өтіну, әлеуметтік желіден хат алу көбейген.

Маған көп адам жылы лебіздерін білдіреді. Бір тыңдарман «осы әнді тыңдасам, жылай беремін, неге екенін білмеймін» деп жазды. Оған не деп жауап берерімді білмедім, мүмкін ән бір ерекше әсер сыйлаған шығар. Кейде өзімнің де басқа әндерді тыңдағанда себепсіз көзіме жас келеді, – дейді ол.

Композитор әннің бірнеше нұсқасы жазылғанын да атап өтті.

Осы туындының төрт-бес нұсқасы бар. Мен тек Медет Салықов пен Клара Төленбаеваның орындауында тыңдадым. Ақберен аға бастапқыда оларға сеніп тапсырған, кейін маған да сенім білдірді. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе, – деп атап өтті әнші.  

Автор әннің халыққа сәтті таралуында Ақберен Елгезектің еңбегі зор екенін айтты.

Киноға ұсынып, оны саундтрек етіп бергені үшін Ақберен ағаға алғысым шексіз. Құдай қаласа, болашақта да бірлесіп жұмыс істейміз деп ойлаймын. Менің орындауымда болса да, болмаса да, бірқатар туындылар жазатын шығармыз, – деді ол.

«Әнді сатып алғысы келгендер болды»

«Сені ешкімге бермеймін» әнін орындап шыққаннан кейін, Талғат Леске бұл туындыны өз репертуарына қосқысы келетін өнерпаздар тарапынан ұсыныстар түскен.

Менен «өзің орындамасаң, осы әнді маған берші» деп сұрағандар болды. Бірақ мен шешімімді оңай өзгертетін адам емеспін. Басында қандай шешім қабылдасам, сонымен қаламын. Әрине, кейде өнердегі әріптестеріме әнімді көрсетіп, тыңдатамын, бірақ әнімді сұрағаннан кейін «неге көрсеттім екен?» деп ойлаймын. Бұл қызғаныштан емес, «әнді бермегенім үшін көңіліне қаяу түсе ме?» деген ойдан туындайтын сұрақ. Сол себепті оларды жұбатып, «Құдай қаласа, саған басқа ән жазып беремін» деп жауап беремін, – дейді автор.  

Ән жазудағы басты талап – сөздің сапасы

Әннің танымал болуы Талғат Леске белгілі бір сенімділік сыйлағанымен, қорқыныш сезімі әлі де бар екенін айтады.

Қорқыныш толық сейілген жоқ. Әр өнер адамының бойында ондай сезім бар деп ойлаймын. Толық сенімділік кейде жақсы шығар, бірақ өнерде аздап толқу да қажет секілді. Қазір де ән жазып жатырмын, бірақ «алдыңғысы өтті, енді бұл жолы қалай болар екен?» деген ой мазалайды. «Мүмкін сәйкестік шығар, алғашқы әнім сәтті шықты, ал екіншісі өтпей қала ма?» деп қорқамын, – дейді ол.  

Талғат Лес әнді көп жазбайтынын, ең алдымен сапалы мәтін іздейтінін айтады.

Мен үшін ең бірінші – өлеңнің сапасы маңызды. Әдемі сөз болса ғана, оған ән жазғым келеді. Күніне бірнеше ән жаза беретіндер бар, бірақ мен ондай емеспін. Көбіне сөзін өзім жазбаймын, бірақ кезінде мектепте, колледжде жүргенде жазғанмын. Қазір де сөз құрай аламын, – дейді автор.

«Тағы бір ән шығаруды жоспарлап отырмын»

Талғат Лес алдағы уақытта толыққанды авторлық туындысын шығарғысы келетінін айтты.

Бастан-аяқ өзім жазған ән шығарғым келеді, бірақ сапалы дүние болады деп сенімді түрде айта алмаймын. «Сөзін жазған да, әуенін шығарған да, орындаушысы да өзім» деп жүріп, «тыңдаушысы да өзім» болып қалмайын деген әзіл бар ғой, – деп күледі ол.

Талғат Лес өзіне талапты тым жоғары қоятынын мойындайды.

Жарыққа шыққан әндерім көп емес – бар-жоғы он-он беске жуық. Олардың ішінде танымал болғаны да, көпшілікке жетпегені де бар. Әнді ұсынбас бұрын өзімнің көңілімнен шығуы тиіс. Тіпті, кейде бір әнді әртүрлі ауа райында тыңдап көремін. Жаңбыр жауғанда, қар жауғанда, күн ысығанда адамның көңіл күйі әртүрлі болады ғой, сәйкесінше әнді қабылдау сезімі де өзгеріп отырады, – дейді автор.

Қазіргі таңда автор студияда жаңа ән жазу үстінде.

Биыл тағы бір әнді шығаруды жоспарлап отырмын, бірақ бәрі бұйырғанына байланысты. Бұрын әнімді басқа орындаушыларға беретінмін, енді өзім орындаған соң, жауапкершілік артты. Осы лепті суытпай, сапалы дүние ұсынғым келеді, – дейді Талғат Лес.

Айта кетейік, бұған дейін «Бәйтерек» тобының «Сен», «Ханшайым» әндері қалай хитке айналғаны жайлы жазған едік.