Сенаторлар ТМД ПАА шараларына қатысты

24 Мамыр, 19:05 1334

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Сұлтанбек Мәкежанов, Нұртөре Жүсіп, Бекболат Орынбеков және Ләззат Рысбекова ТМД Парламентаралық Ассамблеясының шараларына қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сенатор Сұлтанбек Мәкежанов ТМД ПАА Мемлекеттік құрылыс және жергілікті өзін-өзі басқару тәжірибесін зерделеу жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында басқа елдерден келген парламентшілерімен бірге мемлекеттің сайлау егемендігін қамтамасыз ету және қорғау, сондай-ақ электрондық дауыс беруді қадағалау мәселелерін талқылады.

Сенатор Нұртөре Жүсіп ТМД ПАА Мәдениет, ақпарат, туризм және спорт жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында «Су нысандарындағы мәдени мұра түрлерін мемлекеттік қорғауды қамтамасыз ету туралы», «Цифрлық медиаресурстар ортасындағы электрондық коммуникациялар туралы», «Балаларды денсаулығына және дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы» және «Меценаттық және қайырымдылық қызметі туралы» үлгі заңдардың жобаларын талқылады.

Сонымен қатар сенатор Бекболат Орынбеков «ТМД-ға қатысушы мемлекеттеріне арналған үлгі Салық кодексін қолдану және салық саласындағы ұлттық заңнаманы дамыту» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысына қатысты.

Сенатор Ләззат Рысбекова ТМД ПАА Экономика және қаржы жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында «Трансшекаралық дәрменсіздік және банкроттық туралы» үлгі заңнамалық актінің жобасын әзірлеудің өзектілігі мен орындылығын талқылады.

Зарина Арман
Бөлісу: