Сенаторлар өңірлерде 600-ге жуық кездесу өткізді

7 Қыркүйек 2023, 13:33 1128

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының «Бас тақырып» бағдарламасына берген сұхбатында Палатаның өңірлермен жұмыс мәселесі туралы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ол конституциялық реформаға сәйкес Сенат өңірлердің мүддесін қорғайтын негізгі институт ретінде қалыптасқанына назар аударып, жергілікті жерлердегі проблемаларды шешуге ықпал ету Палата қызметінің басты мақсаттарының бірі екенін тілге тиек етті.

Сенаторлар үнемі өңірлерге шығып, жергілікті тұрғындармен жүйелі түрде кездесіп тұрады. Жаз айларының өзінде 600-ге жуық кездесу өткіздік. Соның барысында аудан, ауылдардағы нақты мәселелерге назар аударамыз. Оның ішінде инфрақұрылымға қатысты проблемалар өте өзекті. Таяуда Жетісу облысының Текелі қаласына барған сапарымызда осы жайтқа қатысты қордаланған түйткілдерді өз көзімізбен көрдік. Қазір Текелідегі негізгі мәселенің бірі канализациялық-тазарту жүйесін жаңғырту жұмысы болып отыр. Алдағы уақытта өңірлердегі осындай проблемаларды әріптестерімізбен бірге талқылап, оларды оң шешу үшін жұмыс істейміз. Бұл мәселелер республикалық бюджетті қараған кезде де назардан тыс қалмайды, – деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, сұхбат барысында Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттердің маңызы, олардың іске асырылуын заңнамалық қамтамасыз ету мәселесі және Сенат пен жергілікті өкілді органдар арасындағы жұмыс жайында сөз қозғады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: