Сенатор: Қазақстаннан жыл сайын 16,7 млрд доллар заңсыз шығарылады

30 Сәуір, 14:15 816

Сенатор Сұлтанбек Мәкежанов «Капиталды заңсыз әкетудің алдын алу мақсатында валюталық реттеуді жүзеге асыру» тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысында Қазақстаннан заңсыз ақша шығарылуына қатысты мәселені көтерді, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Қазіргі уақытта елде заңсыз шығарылған қаражат көп. Егер Global Financial Integrity халықаралық зерттеу ұйымының жыл сайынғы есебін қарайтын болсақ, Қазақстаннан жыл сайын 16,7 миллиард доллар заңсыз әкетіледі. Біздің еліміз 148 дамушы мемлекет арасындағы рейтингте он бірінші орында тұр, - дейді ол.

Сонымен қатар сенатор капиталды елден тыс жерлерге заңсыз әкетудің зияны көп екенін айтады.

Біріншіден, бұл капиталдың көлеңкелі айналымына салық салынбайды, соның салдарынан мемлекеттік бюджет толық көлемде толтырылмайды. Капиталдың көлеңкелі айналымын анықтау және болдырмау мемлекеттік қазынаның кірісін едәуір арттыра алатын еді. Екіншіден, бүгінгі күнде қабылданған заңдар нәтижесінде заңдастырылған капиталды жасырудың қажеті де жоқ. Себебі ол отандық экономиканың өсіруін ынталандырып, ел ішінде инвестициялануы мүмкін, - деп атап өтті Сұлтанбек Мәкежанов.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: