Сенатор елімізде соңғы 15 жылда болған әуе апаттарына тоқталды

12 Қазан 2023, 11:11 898

Осыған байланысты мемлекеттік авиация, еліміздің қорғаныс қабілетін, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заң бүгін Сенат отырысында мақұлданды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Сенатор Ғалиасқар Сарыбаевтың айтуынша, қабылданатын заң форс-мажор туындаған жағдайда жедел және уақтылы шешім қабылдауға, отандық қорғаныс өнеркәсібін дамытуға, мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру мен орындау кезінде импортты азайтуға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік авиация саласына келетін болсақ, кейінгі 15 жылда әртүрлі қайғылы оқиғалар болды. 2012 жылы Шымкент жанындағы АН-72 ұшағының, 2014 жылы Талдықорған маңындағы әскери ұшақтың, 2019 жылы Қызылорда облысындағы тікұшақ апаты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, Шекара қызметінің және «Оңтүстік» өңірлік басқармасының басшылық құрамы мен кәсіби ұшқыштардың, әскери қызметшілердің өмірін қиды. Кадрлық офицерлердің онсыз да толық емес қатарын жойып жіберді, – дейді депутат.

Осы саланы ретке келтіру мақсатында «Әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, мемлекеттік авиацияның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ұшқыштардың кәсібилігін арттыруға және еліміздің әуе кемесінде келеңсіз жағдайларға жол бермеуге бағытталды.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: