Сенат депутаты Ұлттық ұланның әскери бөліміне барды

15 Шілде 2022, 21:20 2290

6636 әскери бөлімі қызметшілерінің жауынгерлік қызметімен және тұрмысымен танысты

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Қайрат Қожамжаров Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімінде жұмыс сапарымен болды, деп хабарлайды El.kz

Сапардың негізгі мақсаты – 6636 әскери бөлімі қызметшілерінің жауынгерлік қызметімен және тұрмысымен танысу, сондай-ақ, жеке құрамға әскери қызмет өткеру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы жеткізу.

Сапар барысында 6636 әскери бөлімінің командирі полковник Дмитрий Бастер сенаторды әскери бөлімнің қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.

Депутат құқықтық тәртіп жауынгерлерінің қызметі және тұрмыс жағдайымен танысты, оған тұрмыстық, спорттық және мәдени-демалыс үй-жайлары, әскери киім-кешекті ұстау және сақтау шарттары, әскери техника мен жеке құрамның киім-кешек үлгілері көрсетілді.

Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тыл жөніндегі орынбасары генерал-майор Жандос Омарқұлов бейне байланыс арқылы сенаторға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әміреевпен бірге оңтүстік өңірдегі бөліністердің қызметін күшейту және жаңа бөлімшелер құру процесі туралы айтып берді.

Өз кезегінде Қайрат Пернешұлы жеке құрамға құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің және әскери қызметшілердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуы мен жауапкершілігін арттыру мәселелері бойынша Заңдарға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы жеткізді.

Заң жобалары құқық қорғау органдарының қызметкерлерін материалдық қамтамасыз ету мен әлеуметтік қорғауға, оның ішінде бұрынғы қызметкерлерді зейнетақымен қамсыздандыруға бағытталған.

Осылайша, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен олардың отбасыларына қосымша әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді. Әр үш жыл сайын инфляцияны ескере отырып, жалақыны индекстеу, яғни өсіру жүргізіледі. Сондай-ақ әскери қызметші жауынгерлік іс-қимылдарда өзінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде мертіккен немесе қайтыс болған жағдайда оның отбасына, әскери қызметшінің жұбайы және балаларына жалақысының кемінде 40%-ы 60 АЕК мөлшерінде бір реттік өтемақы берілетін болады, балабақшалармен кезексіз тегін қамтамасыз етілетін болады. Егер балалары жоғары оқу орындарында оқуға ниет білдірсе, онда олар конкурстан тыс гранттарға қабылданады және жәрдемақылар 23 жасқа толғанға дейін жүргізіледі.

Сонымен қатар, қылмыстық әрекеттің жолын кесу барысында туындайтын бірқатар мәселелер шешілді. Қажетті қорғаныс шегінен асып кету туралы нақты түсінік берілді, қорғаныс үшін арнайы құралдарды қолдану бойынша жағдайлар енгізілді, әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша мемлекеттік органдар басшыларының дербес жауапкершілігі белгіленді.

- Әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғауға бағытталған түзетулерді бекіту қызмет өткеру үшін бедел мен уәждемені арттыруға ықпал ететін болады. Сондай-ақ, бүгінгі кездесудің қорытындысы бойынша әскерлердің жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз ету, үй-жайларды, әскери техниканы, қару-жарақты жөндеу жөніндегі проблемалармен таныстым. Әрине, олар бірден шешілмейді, бірақ жан - жақты көмек көрсетіледі, - деді сенатор.

Бөлісу: