Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Үкіметтің отставкаға кету-кетпеуіне қатысты кулуарда түсінік берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Журналист «Үкіметтің отставкасы күтіле ме?» деп төрағаға сұрақ қойды.
Бұл сұрақ менің құзыретіме кірмейді. Бұған қатысты қандай да бір пікір білдіргенім дұрыс емес деп ойлаймын. Десе де, Үкімет белсенді жұмыс істеп жатыр. Жүктелген міндеттерді орындап жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдарында жазылып жатқан ақпараттарға сүйенсек, кейбір олқылықтар бар. Десе де, Үкімет Президент бастамасымен кешенді реформаларды іске асыру үшін қажеттінің бәрін жасап жатыр. Парламент, соның ішінде сенаторлар тарапынан тиісті құқықтық база құрылуда, – деді сенат төрағасы.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Үкіметтің жұмысына баға беруден бас тартып, қандай да бір сын айтылса, оны әркім әртүрлі қабылдайтынын тілге тиек етті.
Сондықтан да бұған дейін де атап өткенімдей, қазір Үкімет белсенді жұмыс істеп жатыр. Ал енді нақты аспектілерге, министрлерге, бағыттарға қатысты мәселелер 7 ақпан күні өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылады деп ойлаймын, – деді Мәулен Әшімбаев.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен 7 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді.