Сенат еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау жөніндегі заңды қабылдады

14 Желтоқсан 2023, 10:51 755

Сенат еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау мәселесі жөніндегі заңды бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Әлеуметтік және Еңбек кодекстеріне еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын адамдарға арнайы әлеуметтік төлем енгізу бойынша түзетулер енгізілді. Бұл төлем еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін азаматтар 55 жасқа толғанда кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген болса, жұмысынан кеткенде немесе басқа жеңіл қызметке ауысқан кезде алатын болады, - деді Сенат депутаты Әсем Рахметова.

Төлемдер мыналардан тұрады:

- бюджеттен 2 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы;

- жұмыс берушінің қаражаты есебінен 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде кәсіби төлем;

- сақтандыру ұйымдарынан зейнетақы алдындағы аннуитет шарты бойынша 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде сақтандыру төлемі;

- бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемі.

Сенатордың сөзінше, бұл азаматтардың 55 және 63 жас аралығында міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын алу уақытын өз бетінше айқындау құқығы айқындалды.

Арнайы әлеуметтік төлем зейнеткерлік жасқа толғанға дейін жүргізіледі. Бұдан басқа, еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру жөніндегі нормалар ұсынылды, оларда мыналар көзделген:

- сақтандыру ұйымдарының сақтандыру сыйлықақысы сомасының 6%-ына дейін шегінде оңалту шараларына арналған шығыстарды өтеуі;

- сақтандыру ұйымдарының зардап шеккен қызметкерді санаторий-курорттық емдеуді 100 АЕК-ке дейінгі мөлшерде өтеуі;

- жазатайым оқиға нәтижесінде келтірілген зиянды өтеу (сақтандыру төлемі) мөлшерін айқындау кезінде қызметкердің кінәсін болдырмау.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне айлық жалақының ең төменгі мөлшерін айқындау жөніндегі әдістемені бекіту жөніндегі функцияны енгізу және мемлекеттік еңбек инспекторларының өкілеттіктерін күшейту жөніндегі түзетулер енгізілді. Осылайша, қабылданған шаралар жұмыскерлерді зиянды өндірістік факторлардың әсерінен босатуды ынталандыруға және мемлекет, жұмыс беруші, өмірді сақтандыру компаниясы және бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры арасындағы ортақ жауапкершілікті бірдей бөлуді көздейді, - деді депутат.

Әсем Рахметова заңды қабылдаудағы негізгі мақсат азаматтардың қорғамдық бірлестіктер құру рәсімдерін жеңілдету және еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғауды жетілдіру екенін айта кетті. 

Миражан Махан
Бөлісу: