Сенат екі айда 36 заң қабылдады

16 Наурыз 2023, 16:36 743

Мемлекет басшысының 2023 жылғы 19 қаңтардағы Жарлығымен жетінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі таратылған болатын, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«Конституцияға сәйкес, Мәжіліс уақытша болмаған кезеңде Парламенттің конституциялық заңдар мен заңдар қабылдау жөніндегі функциялары Сенатқа жүктеледі. Соған байланысты осы екі айда Сенат 36 заң қабылдады. Олардың тоғызы Парламент депутаттарының бастамашы болуымен әзірленді», деді Сенат төрағасы.

Ол осы аралықта қабылданған заңдар Президентіміздің тапсырмаларын орындауға және аса маңызды мәселелерді шешуге бағытталғанын айтты.

Сонымен қатар Сенат цифрлық активтер нарығындағы, еңбек даулары мен тұрғын үй қатынастары саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдірді.

«Салық кодексіне енгізілген түзетулер шағын және орта бизнес субъектілерін қосымша қолдауға мүмкіндік береді. Жерді тиімді пайдалануға құқықтық жағдай жасалды. Бұл саланы одан әрі цифрландыруды көздейтін заңдар қабылданды. Әскери полицияның  қызметін ұйымдастыруға арналған заңнамалық негіз қалыптасты. Сот жүйесін жетілдіруге, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға арналған заңдар қабылдадық», деді Мәулен Әшімбаев.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында әлеуметтік қамсыздандыру саласы үшін аса маңызды Әлеуметтік кодекс қабылданды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатымен Республикалық бюджет нақтыланды.

«Бұл заңдар, халықтың әл-ауқатын жақсартуға, еліміздің қаржылық және әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ,мемлекеттік құқықтық саясатты жетілдіруге өз үлесін қосатыны сөзсіз. Жалпы, соңғы екі айда Сенатқа жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып, нәтижелі жұмыс істедік деп ойлаймын», деді Сенат төрағасы.

 

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: