«Сен рухың арқылы бізбен қоштастың»: Бекжан Тұрыс Асқар Наймантаевты еске алды

6 Желтоқсан 2023, 13:43 4194

Отандық танымал актер Бекжан Тұрыс дүниеден өткен әріптесі, құрдасы Асқар Наймантаевты еске алып, қандай сынақты бастан өткергенін айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сатиралық мұраларың «Алтын қорда» ғана сақталып қалуы тиіс құрдасым-ау, сенен осылай айырылып қалам деп ойладым ба… «Кластасым» деп қағытып, «құрдасым» деп қалжыңдап жүретін Асекең – Асқар Наймантаев өзінің әлеуметтік желідегі әрбір жазбасына кейде тіпті қатысым болмаса да мені ілмектеп белгілей беретін. Құдайдың кұдіретін-ай, өмірінің соңғы күндерінде қасында болуды жазды. «Әй, Асқар, сен ештеңені уайымдама. «Бекжан тәуіп» деген Бауыржан аға Қаптағаев қойған атым бар, өзің жақсы білесің. Көресің осыдан жазам сені. Әлі-ақ еске алып айтып отырамыз осы күндерді», — дегеніме мәз болып күлген едің.

Денсаулығыңа араша түсудің қамына кірісіп, дәрігерлермен де келісіп, жанашыр жанның арқасында алғашқы қажетке жаратар қаржыны да тауып қойғанда бақиға бет бұрып кете бердің, құрдасым-оу… Күйікке толы күрсініс, өзек толы өкініш, өкпеде өксік, қабырғам сөгіліп, жаным езіліп тұр… - деп жазды Бекжан Тұрыс.

Ол Асқар Наймантаевтың бәрі үлгеруге тырысқанын, ешқашан ешкімге налымағанын, өнермен ғана өмір сүргенін айтты.

Желді күнгі туырлықтай желпілдеп өсек тасып, сұмырай тілек сауған жоқсың… Күйкі тіршілік кешіп ұсақ тілекпен емес, ұлы мақсатпен өмір сүрдің. Қос театр үшін білегіңді сыбанып, беліңді буып еңбек еттің.

Қайбір жылы туған күніңмен құттықтағанда: «Өз басым Асекеңнің күш-қуатына қайран қалам кейде. Біз: «Жетпейді!» – деп байбалам салатын уақытты жеткізеді. Актер де, ұстаз да, сценарийст те, ұйымдастырушы да – бір өзі. Өнер десе ішер асын жерге қояр ол кино түсіруге де, туған жерінде өтуге тиіс мәдениет саласына қатысты іс-шараға да, гастрольге шығуға да, ең аяғы әлеуметтік желіге әзілдеп отырып ой салатын, ойландырып отырып күрсінтетін, қалжың мен қағытпадан да кенде қалдырмайтын жазбаларын жариялауға да уақыт табады», — деппін. Әттең-ай, бәріне табылған уақыттың алдағы дүйсенбіге — дәл бүгінге жеткізбегені-ай! Дәл бүгін дәрігердің қолына тапсырсам, жаныңды алып қалардай көрінген. Бірақ амал нешік… Тағдырдың талабына талқы жүрмейді, өзгермейтін өз заңын, өз үкімін орындатады….

Сенен айырылып қалдық. Өкініші көп дүние-ай! Тура бүгін Жер-бесігіңе бөлеп қайттық... Түнеріп тұрған күн сені жерлеп болған соң-ақ себелей бастады. Өзіңді қимаған жандардың өксігі ме жаңбыр тамшысына айналған, әлде топырақ қасынан бұйыртқанына анаңның көктен жаудыртқан алғысы ма, құдайдың құдіретіне шек жоқ қой, - деп өкінішін білдірді.

Бекжан Тұрыс екеуінің бірге жүріп өткен жолдарын да еске алды.

Өнерді ешқашан сатпаған, ештеңеге айырбастамаған жан едің. Біздің театрдан бастадың, екі-үш спектакльде бірге ойнадық. Кейіннен «Тамашаға» кеттің. Ойын-сауық отауына сіңірген еңбегің орасан болды. Жыл сайын ақын атындағы кешті міндет етіп алғандай өзің өткіздің. Сүрлеу-соқпағы салынып әбден қалыпқа түскен соң ие табыла кететін әдет қой бізде… Сөйтіп жүріп «Аққу-Гәккуді» шығардың. Маған: «Әй, қаланың мәдениетін сен-ақ көтер, даланың – ауылдың мәдениеті кімге қалады?!» – деуші едің, екі ауылдың арасына жол салып қала мен даланың ортасында алтын көпір орнаттың… Қайсыбірін айтайын, аудандағы театрдың бутафоры да, режиссері де, костюмері де, гримері де өзің болдың. Жанталасып жүретінің тұз-дәміңнің ерте таусылатынына көрінген екен ғой… - деп жазды актер.

Бекжан Тұрыс Асқар Наймантаевтың орындалмай кеткен арманы туралы да жазды.

Сенбі күннен бері сені соңғы сапарыңа шығарып салудың қамымен жүріп өзіңмен іштей сырласа бастаппын. «Бес бойдаққа бір тойдағы» Қырманбай-мүттәйіміңнің «Қарадала» театры актерлерімен бірге ойнағанын қатты қалаған едің, әттең-ай! – деді ол.

Асқар Наймантаевқа арналған қонақасында «Абылай ханның ақырғы күндерінде» ойнаған Бекжан Тұрыс бұл қойылым үзеңгілесінің рухына арналғанын айтты.

 «Жұлдыз» мейрамханасына саған арналған қонақасы берілген кешегі кешке қатыса алмай, өзіңнің ұстазың – Тұңғышбай аға екеуміз «Абылай ханның ақырғы күндерін» ойнадық. Сенің пәнидегі соңғы күніңде. Сенің рухыңа арнағандай. Кездейсоқтық па бұл? Мен Бұқар арқылы сені жоқтадым, ұстазың Абылай хан арқылы ішіндегісін саған ақтарды. Сен рухың арқылы бізбен қоштастың. Сахна соны сездірді. Өйткені үшеуміздің де ғұмырымыз сахнада өтті, өтіп келеді, - деді ол.

Сонымен қатар Бекжан Тұрыс құрдасының ақтық сапарға мешіттен аттандырылғанына да мән берді.

Бар ғұмырыңды театр өнеріне арнағаныңмен, театрдан шығартпай, адамдар қарсыласқанымен, Алла дәрежеңді көтеріп Орталық мешіттен «шықтың». Көрерменің, қалың қазағың қоштасты солай. Білмеймін, бірақ ақиқаты — осы! Ал білетінім... Енді мені ешкім «мүттәйім» демейді. Енді ақпанның 9-ында: «Менің жаңа жылым Мұқағалидың туған күнінен басталады» деп те ешкім айтпайды. «Туған күнің көп болсын!» дейтін әдемі тілегің де өзіңмен бірге кетті.

Бақұл бол, Асеке! Ұзақ сапарың ұлағатты болсын! – деп жазды Тұрыс.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: