Жеңіс күнін Абай облысында 5 ардагер, 2 164 тыл еңбеккері қарсы алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Облыстық әкімдік мәліметінше, Жеңістің 79 жылдығы соғыс батырларына арналған мемориал саябақтағы іс-шарадан басталды. Бұл жерде елі үшін жанын құрбан еткен сарбаздар рухына тағзым етіліп, Мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылды.
Шараға облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев, мәслихат төрағасы, ардагерлер, тыл еңбеккерлері, запастағы әскери қызметшілер, «Шығыс» ӨӘҚ офицерлері, оқушылар мен қала тұрғындары қатысты.
Еліміз үшін қастерлі мереке - Ұлы Жеңіс күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – жанқияр ерлік пен еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген ұлы мереке. Халқымыз «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деп, жеріне қорған болған азаматтарды әрқашан ерекше құрметтейді. Біз әрқашан Отан үшін от кешкен батырлар мен боздақтарды ұлықтап, есімдерін мәңгі жадымызда сақтаймыз! Ешкім де, ешқашан ұмытылмайды! Ерлік даңқы өшпейді! - деді облыс әкімі.
Сондай-ақ аймақ басшысы өз сөзінде Жарма ауданының тумасы Төлеуғали Әбдібеков пен Әбдіғали Қаймолдиннің ең жоғары марапат «Халық қаһарманы» атағына ие болғанын атап өтті.
Мәңгілік алау басына жиналғандар майдан даласынан оралмаған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Бірнеше мыңдаған жерлестеріміз қолына қару алып, елін қорғады. Араларынан хас батырлар шықты. Кеңес Одағының Батыры атағына 52 адам лайықты болса, 12-сі Даңқ орденінің толық кавалері болды.
Іс-шара қалалық Мәдениет үйі ұсынған концерттік бағдарламамен жалғасты. Сондай-ақ алаңда қонақтарға майдан асханасы ұсынылды.