Семейдегі жаңартылған Бейбітшілік аралында балалар темір жолы пайдалануға берілді. Әкімдіктігелір бұл облыс туризмді дамытуға ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар өңір орталығында жаңа қоғамдық кеңістік салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қоғамдық кеңістікте балалар ойын алаңдары, футбол, волейбол, стритбол алаңдары мен воркаут аймағы бар. Барлық алаңдарда жаңа кәсіби тренажерлер орнатылған.
Балалар темір жолы 1979 жылы теміржолшылар күніне орай ашылған болатын. Алайда 90 жылдардың ортасына қарай жабылған еді. 20 жылдан астам уақыттан кейін балалар теміржолы қайта қалпына келтірілді.
Еске салсақ, былтыр маусым айында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев Орталық коммуникациялар қызметінің өңірдегі көшпелі баспасөз конференциясында балалар темір жолын жандандыруды жоспарлап отырғанын айтқан еді.
Теміржол аралдың әсем жерлерін аралап, жолаушыларға Ертіс өзенінің ерекше табиғи ландшафы мен әдемі көріністерін тамашалауға мүмкіндік береді.
Бірінші кезеңде темір жол ұзындығы 2 шақырым болады. Аралдағы көпірден биологиялық орталыққа дейінгі аралықта жүреді. Тепловоз бен вагондар теміржол техникасына маманданған Қамбар машина жасау зауытында дайындалды. Ұзындығы 12 метр болатын әр вагонда 32 орын бар. Егер маршрут сұранысқа ие болса қосымша вагондарға тапсырыс беріледі.
Балалар темір жолы тек ойын-сауық орны емес, жастардың темір жол мамандығына қызығушылығын арттыруға ықпал ететін маңызды білім беру жобасы болмақ. ҚТЖ басшылығы қажетті персоналды оқытуға қолдау көрсетуге дайын. Сонымен қатар, теміржол мамандығына баулитын балалар үйірмесін құру жоспарлануда.
Жобаның жүзеге асуына «KazMinerals» компаниясы тепловоз бен вагондарды сатып алуға демеушілік жасаса, «Бақыршық тау-кен кәсіпорны» инфрақұрылымды салуды өз мойнына алды.