«Семей орманы» филиалының директоры ұсталды

11 Шілде, 08:35 614

9 шілдеде Абай облысының аумағында ІІМ және ҰҚК жедел уәкілдері прокуратураның үйлестіруімен «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты филиалдарының бірінің директорының басшылығымен әрекет еткен қылмыстық топтың қызметіне тосқауыл қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Естеріңізде болса, былтыр жазда болған ауқымды өртке байланысты мемлекет басшысы құқық қорғау органдарына орманды заңсыз кесуге және ағаштарды ұрлауға қарсы күрес шараларын күшейтуді тапсырған. Polisia.kz мәліметінше, осы саладағы қылмыстық схемаларды ашу жұмыстары тұрақты жүргізілген.

Полицияға 20-дан астам адам жеткізілді. Тінту жүргізіліп, ұрланған ағаштардың ондаған текше метрі, ағаш өңдеу станоктары, ақша және құжаттар тәркіленді. Филиал директоры мен қылмысқа қатысушылар уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Сондай-ақ күдіктілердің лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, мүлікті жымқыру фактілеріне қатысы бар-жоғы тексеріледі. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың қаңтар айында Павлодар облысында «Ертіс орманы» республикалық мемлекеттік мекемесінің директорының басшылығымен әрекет еткен қылмыстық топ ұсталған болатын. Күдіктілерге қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету, мүше болу фактілері бойынша іс тергелуде. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда, – деді Қуандық Алпыс.

Зарина Арман
Бөлісу: