Сегіз жасар Елназ әлемді бағындырды

27 Мамыр 2019, 13:48 8870

Балғын шахматшымен сұхбат

Психологтар шахмат ойыны күрделі мәселелерді шешу мен түрлі идеяларды ойлауға мүмкіндік беретінін айтады. Сондықтан да болар, ақ халатты дәрігерлер альцгеймер ауруымен күресу үшін науқастарға шахмат ойнауға кеңес береді. Тұңғыш рет бесінші ғасырда  Үндістанда пайда болған   шахмат ойыны әсіресе елімізде соңғы уақытта  қарқынды дамып келеді. Бұған жас шахматшыларымыздың тақта үстіндегі текетіресте облыс, республика, халықаралық чемпионаттар мен ареналарда ел намысын қорғап,  жеңімпаз атанып, тек биіктен  көрініп келе жатқаны мысал бола алады. Солардың  бірі – сегіз жасар алматылық Елназ Қалиахмет. Қазақстанның жас шахмат ханшайымы жақында Түркияда өткен әлем чемпионатында тоғыз жасқа дейінгі қыздар арасында бақ сынап, алтын жүлдені қанжығасына байлап,  шахматтан әлем чемпионы атанды.

Фотода: Елназ Қалиахмет

Бүгінде шаршы тақта үстінде шайқасатын шахмат – ойын ғана емес, өзін-өзі дамытудағы ең күшті құрал. Бұл ойынды ойнаған адамның логикасы дамиды, миы жаттығады әрі стратегиялық ойлау жүйесі қалыптасады. Сондықтан адамды ойландыратын ойын түрімен 2-сынып оқушысы Елназ төрт жасынан бері айналысып келеді. Оның шахматқа деген қызығушылығын әкесі мен туған әпкесі оятқан. Олар яғни алғашқы жаттықтырушылары алғашында шахмат фигураларының жүрістерін үйретуден бастапты. Кейін балғын шахматшы әкесі мен әпкесінің шахмат тақтасы үстіндегі бірнеше қызу ойындарын көріп, тәжірибе жинайды. Арада бірнеше күн өткеннен кейін Елназ әкесімен алғашқы партиясын ойнапты. Осылайша ол бес жасынан король, ферзь, ладья, ат, піл, пешка сынды шахмат фигураларымен таныса бастапты.

Ойын кезінде әр фигураны дұрыс жүруге тырысып отырдым. Көп қателіктер де жібердім. Өйткені, үйдегі жаттықтырушыларым дайындық кезінде әр фигураның жүрісін жеке-жеке көрсеткенмен, шынайы ойын барысында бұл тактикаларды қолданылуын түсіндірмепті. Бір қызығы, бұл спортқа  қызығушылығым жоғалып кетпес үшін алғашқы кездері әкем мен әпкем кезек-кезек ұтыла беретін еді, - дейді Елназ. 

Ал жаңа ережелерді көбінесе ойын барысында үйренген Елназ шамамен бір-екі айдан соң әр жүрісін жүйелі түрде ойланып жүре бастағанын айтады. Тіпті кейде үй-ішімен шахматтан отбасылық жарыс та өткізеді екен.

Демалыс уақытында әкем, 12 жастағы әпкем Елдана, 6 жасар інім Елсұлтан және мен төртеуіміз үйде шахматтан шағын турнир өткізіп отырамыз. Ал анамыз әр ойынымызға бас төреші болады. Жарысымыз өте тартысты өтеді. Шаршы тақтадағы жеңімпаздардың есімі барлығымыздың ойын деңгейіміз бірдей болғандықтан, әркез өзгеріп отыратын, - дейді жас шахматшы.

Елназдың бұл ойынға қызығушылығы үш-төрт жасында пайда болған. Осы уақыттары үйіндегі шахматшы  әпкесі Елдана түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүріпті. Әсіресе 2015 жылы әпкесінің Грекияда өткен әлем чемпионатына қатысып, бақ сынауы  кішкентай Елназдың шахматқа деген қызығушылығын арттыра түсіпті. Сөйтіп, ол шахмат ойынын жетік меңгеріп, әпкесі секілді ел аралап, медальдар мен мақтау қағаздарын алуды мақсат еткен екен.

Содан ата-анасы  Елназдың күн өткен сайын қызығушылығы жоғарылағанын байқап, жасы 5-ке жеткенде шахмат үйірмесіне берген. Бұл балғын спортшының арнайы мамандардан сабақ алып, кәсіби шыңдалуына мүмкіндік ашылған.

 Мен қазір халықаралық гроссмейстер Антон Филипповпен күніне  үш-төрт сағат дайындаламын. Жаттықтырушыммен дайындық барысында теориялық және тәжірибелік даярлыққа аса мән береміз. Сонымен қоса, бос уақытымда жүзуге де барамын. Өйткені шахматты ұзақ ойланып ойнау үшін физикалық тұрғыда мықты болуың қажет, - дейді ол.

Осындай күнделікті бірнеше сағатын дайындыққа жұмсайтын Елназ тәжірибелік дайындығын жетілдіріп тұру үшін түрлі спорт мектептерінде өтетін жарыстарға да қатысып тұрады. Жас шахматшы осы уақытқа дейін ойнаған партиялары  бірнеше сағатқа дейін созылғанын айтады.

 – Негізі біз ойын кезінде уақыттың қалай тез өтіп кететінін тіптен байқамаймыз. Кейін бес сағатты артқа тастағанымызды біліп, таң қаламыз.  Алайда партиядан кейін әбден қалжырағаныңды сезесің. Өйткені үздіксіз ой үстінде болу және ойынның басынан аяғына дейін бақылап, есептеп отыру оңай шаруа емес, -  дейді ол.

Фотода:  Таиландта өткен Азия чемпионатында Елназдың кезекті қарсыласымен кездесу сәті

Алғашқы қатысқан жарыстарда Елназ өзі ойнаған ойындардың маңызын түсіне бермегенін айтады. Тек уақыт өте үздік нәтиже көрсетіп, жеңімпаз атана бастаған сәттен жауапкершілікті сезіне бастапты. Алғашында бойын  қорқыныш сезімі де билеген екен. Бірақ, балғын шахматшы бірнеше турнирге қатысып, тәжірибе жинаған соң, толқыныстың біртіндеп сейіле бастағанын айтады. Қазіргі кезде шахмат  2-сыныпты тәмамдаған Елназдың сабағына кедергі келтірмей, керісінше пайдасын тигізіп жүр екен.

  – Әзірше сабағыма кедергі келтіріп жүрген жоқ. Үлкен жарыстардан келгеннен соң сынып жетекшім өткен тақырыптарды түсіндіріп, оны тәжірибе жүзінде пысықтау үшін қосымша тапсырмалар береді. Негізі бірінші сабағымды оқып, содан кейін шахматтан дайындығымды жалғастырамын. Сосын  шахматтың арқасында үй  жұмысын тез орындай алатын болдым, - дейді.

Әкесі Бақдәулет Ақынның айтуынша, Елназдың әпкесі әрі үйдің тұңғышы Елдананың шахмат ойнауды жетік білгені Назарбаев зияткерлік мектебіне емтихан тапсырған кезінде көп көмектесіпті.

Ойын барысында  Елназ жылдам шешім қабылдап, қарсыласты қыспаққа алғанды ұнатады. Оған жүріске бес минуттан артық уақыт берілмейтін блиц түрін ойнау кезінде өзінің  тез шешім қабылдау қасиеті көп көмектеседі екен.

  – Халықаралық жарыстарға әлемнің түкпір-түкпірінен ең мықты ойыншылар келетіндіктен, олардың оңайы жоқ. Әр турнирге жауапкершілікпен қарап, дұрыс дайындалмаса, жеңіске жетем деу бос әурешелік, - дейді.

Соңғы екі-үш жылдың ішінде жас шахматшы Таиландтың Чиангмай қаласында өткен жасөспірімдер арасында Азия чемпионатына, Беларусьтың Минск қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Рапид пен блицтен әлем чемпионатына, Қырғызстанның Ыстықкөл облысында өткен Д.Дербишев атындағы халықаралық жарысқа, Испанияның Сантьяго қаласында өткен жасөсіпірмдер арасындағы әлем чемпионаттарына қатысып, блицтен Азия чемпионы, классикалық шахматтан Батыс Азия чемпионы және спорт шеберлігіне кандидат атағына да ие болыпты.

Ал жақында Елназ Түркияның Анталья қаласында оқушылар арасында өткен турнирден алтын жүлдеге ие болды. Төрткүл дүние көз тіккен чемпионатқа отыз үш елден 392 адам қатысыпты.

  – Бұл жарыста мен Грузия мен Түркияның мықты ойыншыларымен бақ сынастым. Нәтижесінде үздіксіз еңбектің арқасында тоғыз жасқа дейінгі қыздар арасында алтын жүлдеге ие болып, шахматтат әлем чемпионы атандым, - дейді ол.

Фотода: Түркияда өткен турнирде Елназ Алматы қаласы Спорт басқармасының өкілімен бірге 

Мықты шахматшы болу үшін «бірінші кезекте шахмат ойынын жақсы көріп, көп еңбектену керек. Адам өзінің ұнатқан ісімен айналысқанда ғана жетістікке қол жеткізеді емес пе?» дейді Елназ. Оның айтуынша, шахмат ойнаудың адамға тигізер пайдасы көп.

  – Менің ойымша, шахмат ойнаған адамның дүниетанымы кеңейіп, есте сақтау мен логикалық ойлау  қабілеті дамиды. Оған қоса, адамда шыдамдылық, төзімділік қабілеттер пайда бола бастайды, - дейді ол.

Жалпы, шахмат дегеніміз – күрес. Бұл адамды жылдам ойлауға, тез шешім қабылдауға үйретеді. Зейінділікті дамытып, әр түрлі болжамдарды шапшаң әрі дәл есептей білуге, жеңіске итермелейтін ерік-жігерді қалыптастыруға, адам бойындағы өзге де қасиеттерді тәрбиелеуге және математика, физика, химия сияқты пәндерге көп септігін тигізеді. Сонымен қоса, шахмат талдау мен зерттеу дағдыларын үйретіп, өмірде алдыңнан шығар тосын жайттарда дұрыс шешім шығаруға көмектеседі. Бір сөзбен айтқанда, шахмат бұл өмірдің моделі болып табылады.

Фотода: Шахматтан әлемді бағындырған балғын шахматшыларды қарсы алу сәті

Қазір жасы небәрі сегіздегі Елназ болашақта Динара Сәдуақасова, Жансая Әбдімәлік сынды бірнеше дүркін әлем чемпионы атанып, дүние жүзіне танымал шахматшы болғысы келеді.

  – Келешекте әлемнің ерлер мен әйелдер арасындағы қазіргі әлем чемпиондары норвегиялық Магнус Карлсен мен қытайлық Хоу Ифаньмен ойнағым келеді, -  дейді ол.

Елназдың айтып кеткен Магнус Карлсені дүние жүзін мойындатқан марқасқа шахматшылардың бірі болып есептеледі. Тіпті он мыңдай ойынды жатқа білетін Магнус  шахматтың алдын-ала жоспарлауға үйрететін қасиетін ерекше бағалайды екен. Ол осы ойынның көмегімен сабырлы болуды, темірді қызған кезінде соғуды әр ойынында көпшілікке көрсеткісі, танытқысы келеді.  Әсіресе сабыр мен уақыт оның шахмат ойынындағы тасын өрге домалатып, бағын асырып, жеңіске жеткізіп жүр. Сондықтан жас шахматшылар осындай марқасқаларға қарап, бой түзейтіні белгілі.

Алдағы уақытта Елназ Өзбекстанда жалауы желбірейтін Азия біріншілігі мен Қытайда өтетін Әлем чемпионаттарына қатысуды жоспарлап отыр. Сондықтан қазіргі кезде өзінің жаттықтырушысымен қызу дайындыққа кірісіп кеткен.

Елназдың ата-анасы Алматы облысы Спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаевқа, Алматы облысы Спорт мектебінің директоры Айдын Сейтбакаловқа және Алматы облысы Шахмат федерацясының президенті Саят Егенбердиевке көрсетіп келе жатқан қолдаулары үшін алғысын білдіреді.

Жалпы балалық шағынан партия, стратегия, тактика сынды шахмат терминдерін біліп өскен баланың болашағы жарқын болмақ. Өйткені олар жаңалыққа, ерекше жаңалық ойлап табуға жаны құмар болатыны белгілі. Әлем таңғалып, ел іші тамсанатын қазақстандық жас шахматшылардың бағындырар белестері көп болатынына сенейік.

(Суреттер   жеке мұрағатынан

және ғаламтор беттерінен  алынды)

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: