Сайын Борбасов: Кітап ренессансы жаңғырмай білім сапасы күшеймейді

14 Мамыр 2023, 09:05 1098

Соңғы кездері елімізде білім мен ғылымды дамыту жиі сөз болып жүр.  Бұл салада бірқатар реформа қабылданып, елеулі өзгерістер  жасалды.  Десе де, ғылымда кенжелеп қалғанымыз ешқандай дау тудырмаса керек. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі ашық айтты. "Ғылымды дамыту – мемлекет саясатындағы ең маңызды бағыттың бірі. Өкінішке қарай, елімізде ұзақ жыл бойы оған баса назар аударылған жоқ. Соған байланысты шешімін таппай жатқан мәселелер аз емес. Тіпті, бұл сала артта қалды деуге болады. Біз өркениетті ел боламыз десек, осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек", – деді Президент. Әділ баға, тұщымды пайым. Алып-қосар дәнеңе жоқ. Мұны ғалымдардың пікірі де қостай түсетіндей.

Саяси ғылымдарының докторы, профессор Сайын Борбасов білім беру, ғылымды дамыту және жоғары оқу орындағы білім сапасы жөнінде el.kz тілшісіне сұхбат беріп, ой-пікірімен бөлісті.    

Өркендеймін деген ел үшін білім беру және ғылымды дамыту – өте өзекті мәселе. Қазіргі біздегі білім саласының дамуына қандай баға берер едіңіз?

– Білім саласында қолға алынып жатқан реформалар қанағаттанарлық дәрежеде. Өйткені, ниет бар. Өзгеріске деген құлшыныс бар. Бірақ қаржыландыру мәселесінде кемшіндік бар. Бұл – бір.

Екіншіден, ғалымдардың, доцент, профессор секілді оқытушылардың мәртебесі құлдырады. Мысалы, ғылым кандидаты мектеп мұғалімінен 30 мың теңгедей ғана артық жалақы алады. Мектеп мұғалімінің еңбекақысы қазір 400 мыңға жуықтайды. Кейбір ЖОО-да ғылым кандидаттарының өзі мұндай айлық ала алмайды.

Мен профессормын, ғылым докторымын. 500 мың ақша аламын. Балаларым ер жетіп, менің қолыма қарамайды. Бұған да тәубе! Ал енді талабы жоғары, өсу үстіндегі жас ғалымдар үшін бұл аздық етеді. Ұлттық компанияларда, жеке кәсіпкерлікте 500 мың теңгені қанағат тұтпайды. Ғылыммен айналысып, диссертация, мақала жазып, танымал болған адам өзіне іштей жоғары баға береді. Онысы да дұрыс. Көз майын тауысып, күндіз-түні ізденді, оқыды, жазды, зерттеді. Алайда табысы аз. Тіпті, орта таптың деңгейіне де жетпейді. Бұл – қоғамда білімнің, ғалымдардың мәртебесі мен абыройы төмен екенін көрсетеді.   

–  Ғалымдардың мәртебесі қандай болуы тиіс?

– 1983 жылы кандидаттық диссертация қорғадым. Аспирантураны бітірген соң, Семейге қайтып бардым. Сол кезде ғылым кандидаты ретінде обкомның хатшысымен бірдей жалақы алатын едім.

Президент жақында ғалымдардың жалақысын 50 пайызға көтереміз деп уәде берді. Меніңше, мұның өзі жағдайды түзей алмайтын секілді, Еңбегімен елдің өркендеуіне үлес қосқан ғалымдардың әлеуметтік жағдайы жақсы болуы тиіс. Әйтпесе, ғылым дамымайды. Ғылым дамымаған соң, білім де дамымайды. Бұл екеуі – егіз ұғым. Ғылым мен білім – адамның екі аяғы тәрізді. Оң аяқ ақсап жатса, сол аяқ дұрыс жүре ала ма?

Ғылым білімді алға сүйреп отырады. Кітаптарды, оқулықтарды жазатын – ғалымдар. 

Жастардың ғылымға көп келуі үшін мемлекеттік қолдау қажет дейсіз бе?

– Мемлекеттің қолдауы – аса маңызды. Бұдан бөлек, қоғамның да қолдауы қажет. Мәселен, біздің кәсіпкерлер ғылымға қаржы салмайды. Ғылымды қолдап жатыр деген кәсіпкер жайлы естігенім жоқ.

Рас, кітап шығаруға қолғабыс беріп жүр. Мысалы, өзімнің екі кітабымды бір кәсіпкер азамат шығарып берді. Десе де, бизнес ғылымды қолдап отырған жоқ. Көбінде мектептерге компьютер әперу секілді бір реттік көмектермен шектеледі.

Мұның бір себебі ғылымның аз насихатталуында емес пе?

Насихат бар. Насихатталудан кемдік жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдарында ғалымдар туралы көрсетіліп жатады. Ғылыми жетістеріміз жайлы ауыз толтырып айтып жатады.

Мәселен, ковидке қарсы вакцина шығарған ғалымдарымызға бірден мемлекеттік сыйлық берілді. Біздің бір жас тарихшы ғалымымыз шетелдердегі көне мұрағаттардан қазақ жерінің картасын тапты. Президентіміз оны да қабылдап, сый-құрметін жасады. Бұл картаның маңызы өте зор. Жерімізге көз алартып жүрген көрші елдердің аузына құм құйылатын болады. Өздеріндегі 18-ғасырдағы карта мен Итальядан табылған картаны салыстырса, бірдей болып шығады.  Демек, «даулы» жерлердің бәрі қазақтың байырғы жері екенін мойындауына тура келеді. Бұл да – үлкен ғылыми жаңалық!

Мұндай жаңалықтарды біздің ғалымдарымыз шығарып жатыр. Тәубе!

«Білімді ұлт» сапалы білім беру» атты ұлттық жоба қолға алынып жатыр. Сіздіңше, бұл бізге не береді?

– Отыз жылда осы тақілеттес 40-50 жоба жасалынды. Бірақ ешқайсысы толыққанды орындалған емес. Мәселен, «Жүз қадам» деген тамаша жоба болды. Батыс елдерінің өзі «жүзін емес, соның жартысын – елуін орындаса, Қазақстан бәсекеге қабілетті елге айналады» деп сараптама жасаған-ды. Бірақ бәсекеге қабілетті ел болмадық, кері кетіп қалдық.

Кеңес одағы неге күшейді? Рас, Сталин қанша адамды қырды. Бірақ ол бағдарлама қабылдаса, оны орындайтын министрге барлық құзірет берілетін. Оған қаржы бөлетін. Орындалмаса, басы кететін еді. Ал бізде «комбайн жасаймыз, байланыс жер серігін жасаймыз» деп қаржы алады. Бірақ орындалмайды. Талап жоқ. Неге? Өйткені, арғы жағындағы басшылардың өзі былығып жатыр. Қоғамды жайлаған коррупция ғылымға да кесірін тигізді.

Өзіңіз ғылым әрі ұстазсыз. Жоғары оқу орындарының сапасы туралы қандай ой түйдіңіз?  

– Әрине, жақсы университтер бар. Мысалы, өзім Қазақ мемлекеттік университетін бітіргенмін. Сапасы әлі де жаман емес. Қанша айтқанмен, грантпен түсетін балалардың білімі өте жақсы. Балалар кітап оқи бастады. Дейтұрғанмен, бізде жаппай кітап оқу мәдениеті қалыптаспаған. Кітап ренесансы жаңғырмай білім сапасы күшеймейді.

Біздің студент шағымызда жаңа әдеби кітап шығып жатса, іздеп жүріп, тауып оқитын едік. Мамандығымыз әдебиетші болмаса да. «Көшпенділер», «Махаббат қызық мол жылдар», «Өмір мектептері» романдары жастырдың қолынан түспейтін. Қазір оқу культі жоқ. Әр адам өз мамандығына қатысты кітаптарды үзбей оқып, өзін-өзі ұдайы дамытып отыруы тиіс. 

Бәрі интернетте. Әрине, интернетте жақсы ақпараттар бар. Оларды да алу керек. Алайда сол ақпараттарды білім мен ғылымға айналдыру мәселесі ақсап тұр. Кәдеге асырмайды. Ақпараттан қорытынды шығарып, жүйелі білім алу жоқ. Бәлкім, интернет мәдениеті жетіспейтін болар.

ЖОО-ларда студенттер арасында кітап оқу деңгейі алдыңғы буынмен салыстырсақ төмен екені аңғарылады. Кітап оқу культін қалыптастыру керек. Мәселен, Батыс елдерінде студенттердің қолынан кітап түспейді. Жатып та, тұрып та оқып жатады. Бізде метрода, қоғамдық көліктерде кітап оқып отыратын жастар некенсаяқ.

Жоғары оқу орындарда кооперацияны нығайту мәселесі жиі сөз болады. Мұның артықшылығы неде?

Кооперация жаман нәрсе емес. Мәселен, біздің аграрлық университетіміз Голландияның Вагенинген университетімен байланысты. Біздің мамандар осы университеттің тәжірибесінен өтеді де, екі бірдей университеттің дипломын алады. Демек, біздің түлектеріміз шетелге барып, жұмыс істей алады.

Бұл – өте жақсы тәжірибе. Ғылым үшін араласу маңызды. Бір ғана конференцияда ғалымдар өздері естімеген тың жаңалықтардан хабардар болады. Мәселен, бір ғана механика туралы ауқымды жаңалықтарды жинай алады. Араласу, кооперация, бірге жұмыс істеу, қос диплом алу – қажет нәрсе. Заманның талабы.

Сұхбатыңызға рахмет!  

Сәкен Арыс
Бөлісу: