Сайлаушылар өзіне артылған жауапкершілікті сезінуде - халықаралық байқаушылар

20 Қараша 2022, 17:05 1325

Халықаралық байқаушылар пікірін білдірді

Халықаралық байқаушылар Президент сайлауына қатысты пікірін ортаға салды, деп хабарлайды El.kz

Өзбекстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Низамхожаев Зайниддин Махаматұлы жас буынның сайлауға деген қызығушылығы жоғары деңгейде деп отыр.

«Мені қуантатын бір жайт - жастардың сайлауға белсенді түрде қатысуы. Олар сайлауға бейжай қарамай мемлекеттің болашағын құруға атсалысып жатыр. Халықтың сайлауға қатысуға деген белсенділігі де жоғары», - деді төраға.

Ал Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Шайлдабекова Нуржан Кармабековна сайлау учаскелерінде жан-жақты жағдай жасалғанын айта кетті.

«Бірқатар учаскелерге бардық. Алматы, Шымкент қаласындағы байқаушылармен пікір алмастық. Учаскелер қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға жақсы жағдай жасалған. Ашық форматта дауыс берушілер тізімнен өзінің бар-жоғын тексере алды. Сайлаушылар жақсы көңіл-күйде болды», - деді ол.

Әзірбайжан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Панахов Мазаир Магомед оглы сайлау әділ өтіп жатыр дейді.

«50 учаскеге дейін барып қайттық. Біз барған сайлау учаскелерінің барлығында тиісті ережелер сақталды. Сайлауды өткізетін ғимараттар дұрыс таңдалған. Біріншіден, комиссия мүшелеріне жағдай жасалған. Олар жоғары деңгейдегі дайындықтан өткен. Екіншіден, дауыс берушілер еркін түрде келіп, дауыс бере алады. Сайлаушылар мемлекеттің болашағы өз қолында екенін түсініп, артылған жауапкершілікті сезінуде», - деді ол.

Панахов Мазаир Магомед оглы сайлауға қанша делегация қатысқанын айтты.

«Бізді сайлау учаскесі халықаралық байқаушылар ретінде жақсы қабылдады. Дауыс берушілер мен байқаушылар бір-біріне кедергі келтірмейтіндей орын қарастырылды. Біздің делегация 20 адамнан тұрады. Сайлауға кері әсер тигізетін заң бұзушылықты байқамадық», - деді төраға.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: