Сайлауда дауыс беру – әр адамның азаматтық борышы

10 Қараша 2022, 16:58 3790

Сайлаушылар көп болған сайын, сайлау соғұрлым адал болады

Он күннен кейін болатын Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына жалпы қоғамның қызығушылығы қандай? Небір қоғам өкілдері бас қосқан жастардың қаласы - Алматыдай ірі мегаполистегі қазіргі саяси ахуал қандай? Осы ретте әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің оқытушысы Айман Жаудатқызы Қаймолдинаның пікірін білген едік.

– Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Алматы қаласындағы ең ірі жоғары оқу орны. Мұндағы жастардың биылғы Президент сайлауына қызығушылығы қандай? Жалпы ЖОО-да үгіт-насихат жұмыстары қалай жүріп жатыр?

– Дұрыс айтасыз, біздің университет еліміздегі ең ірі жоғары оқу орны және QS рейтингі бойынша Азия аймағында алғаш рет үздік 50 жоғары оқу орнының қатарына еніп, 44-ші орынға ие болды. Сонымен қатар қазіргі кезде «QS Asia University Rankings 2023: Орталық Азия»» рейтингінде бірінші орында тұр. Бұл тек ұстаздар қауымы үшін ғана емес, жалпы студенттер үшін де жоғары марапат әрі үлкен жауапкершілік. Сондықтан мемлекетіміздің қоғамдық-саяси өміріне қатысу біз үшін өте маңызды деп білемін. Қазір жастардың саяси өмірге деген қызығушылығы жоғары екені қуантады. Белсенді азаматтық ұстанымдарына қарап, олар еліміздің болашағы өз қолдарында екенін түсінеді. Өйткені, Жаңа Қазақстанды солар тұрғызады, олар реформаларды жүзеге асырудың басты күші. Сондықтан да бұл сайлау белсенділігі жоғары болады деген ойдамын.

– Сайлауда әр адамның дауысы маңызды екендігі сөзсіз, осыны жастарға ұғындыру үшін қандай жобалар жүзеге асырылып жатыр?

Үгіт-насихат жұмысындағы ең тиімді құрал – ол ең алдымен Қазақстанның жастар саясатымен үндесетін идеология. Жастардың әлеуетін арттыруға бағытталған түрлі шаралардың тұтас кешенін атауға болады. Олардың ішінде: патриоттық тәрбие беру, университеттегі әртүрлі жастар өкілдері арасында достық қарым-қатынасты күшейту, еріктілер қозғалысының жұмыстары және сол сияқты көптеген жобалар жүзеге асырылуда.

Университетіміздің күшімен түрлі бағыттағы ғылыми-тәжірибелік конференциялар, әртүрлі деңгейдегі кездесулер, жиындар сияқты барлық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады.

Ел болашағын айқындау – сайлаудың басты мәселесі. Әрбір дауыс маңызды, өйткені мемлекетіміздің егемендігін қорғау соған байланысты. Ұстаздар үшін осыны түсініп қана қоймай, өскелең ұрпаққа жеткізу маңызды. Егер жобалар туралы айтатын болсақ, онда әрине, бұл тақырып бойынша дөңгелек үстелдер, брифингтер, сондай-ақ дәрістер дәл қазіргі сәтте өте қарқынды өткізілуде. Ол жайлы мақтанғандай болмай-ақ қояйық, біздің университетіміздегі соңғы ұйымдастырылған шаралар жайында www.kaznu.edu.kz порталынан оқып білуге және Farabi media ютубарнамыздан қарауға болады.

– Өзіңіз сайлауға тұрақты түрде қатысып тұрасыз ба?

– Әрине! Өйткені, бұл тіпті талқыланбауы керек. 1991 жылы Қазақстан Президентінің бірінші жалпыхалықтық сайлауы өткенде мен бірінші курс студенті едім, ол кезде біздің оқу орнымыз С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті деп аталды. Өкінішке орай, мен қатыса алмадым, себебі ол кезде мен небәрі 17 жаста едім. Бірақ мен осы процесті бақылап, 30 жылдан кейін тәуелсіздігімізге арналған бағдарламалардың тұтас циклін жасадым!

Еліңнің патриоты болсаң, мемлекет тағдырына бейжай қарамасаң, сайлауға бару – ең алдымен азаматтық борышың! Өйткені, сайлаушылар көп болған сайын, сайлау соғұрлым адал болады.

– Биылғы Президенттік сайлаудағы кандидаттарға көңіліңіз тола ма? Сіздің таңдауыңыздағы кандидат қандай болуы керек?

Президент – мемлекет басшысы! Тұтас елдің менеджері! Демек, ең алдымен оның мойнына мемлекет үшін ғана емес, адам тағдыры үшін де үлкен жауапкершілік жүктеледі!

Сыртқы және ішкі саясат, әлеуметтік-экономикалық даму, халықаралық қатынастар мәселелері бойынша жоғары біліктілік, менің ойымша, өтініш беруші тұлғаның негізгі сипаттамаларының аз ғана бөлігі болып табылады.

Бүгінгі таңда Қазақстан Президенттігіне алты үміткер бар. Олардың әрқайсысының тиісті білімі бар екені сөзсіз, бірақ Қазақстан халқы кімді таңдайтынын 20 қарашада білетін боламыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Дәурен Мақсұтханұлы
Бөлісу: