Сайлау-2023: Партия өкілдері өңірлерді аралап жүр

3 Наурыз 2023, 13:18 1458

«AMANAT» партиясы ерекше қажеттілігі бар адамдарға баса назар аударады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«АМАNAT» сайлауалды штабының мүшелері «Еңбек адамы» партиялық жобасының қатысушысы Нұрлыбек Бәйменов ашқан техникалық қызмет көрсету стансасы қызметкерлерімен кездесті. Онда партиялықтар ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау мәселесін талқылады. Нұрлыбек Бәйменов мүгедектігіне қарамастан, кәсіпкерлікпен белсенді түрде айналысады.

Сайлауалды бағдарламада «AMANAT» партиясы ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін жұмыс орнын құратын әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуды заңнамалық деңгейде жалғастыратыны жазылған. Әлеуметтік қызмет стандарттары жетілдіріліп, салаға жеке бизнес тартылады.

Жиынға қатысушылар штаб мүшелерімен әңгімелесу барысында кедергісіз орта қалыптастырудағы кемшіліктерге, жәрдемақы мөлшерінің аздығына, сондай-ақ әлеуметтік қызметтер порталы жұмысының проблемаларына баса назар аударды. «AMANAT» партиясы ерекше қажеттілігі бар адамдарды кешенді қолдау ісіне айрықша басымдықтар береді. Ерекше қажеттілігі бар балалар күтіміне арналған қымбат құралдармен қамтамасыз ету үшін оңалту техникалық құралдары паркі құрылады. Сонымен қатар, әлеуметтік қызметтер порталы жаңаша жұмыс істейді. Енді арнаулы құралдармен қамтамасыз ету критерийі тауардың арзандығына емес, олардың сапасына негізделеді.

Ал ҚХП Шымкент қаласы филиалының ұйымдастыруымен «Таза қала» іс-шарасы өтті.

Онда партия өкілдері тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға, табиғатты аялауға шақырып, ҚХП сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

Акцияның басты мақсаты қала тұрғындарын қоршаған ортаны қорғауға, қаланы қорқыстардан тазартуға насихаттау. Шарада қатысушылар ағаш көшеттерін отырғызды, қаланың көгалдануына өз үлестерін қосты.

«Халық партиясы Қазақстанның барлық қалаларында сәулет ерекшеліктерін және оның тарихи құндылығын ескермей, ретсіз әрі тығыз салынатын құрылыстарға қарсы. Сондай-ақ, қалалар мен ауылдардағы таза ауа мен әдемі сәулетті  келбетті қолдайды», – деді ұйымдастырушылар.

Айта кетейік, партияның қалалық филиалы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында 8 мың адамды қамтыған елуге тарта іс-шара өткізген. Сонымен қатар Халық партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырып, Шымкент жұртының талап-тілектерін назарға алған.

Іс-шарада білім, денсаулық, жұмыссыздық пен көпбалалы аналар мәселесі де айтылды.

«Әйелдерге барлық салада қолайлы жағдай жасау – партияның алдағы бес жылда атқаратын ісі. Біріншіден, әрбір қазақстандық ана бақытын алуы керек. Ол үшін барлық жағдайды жасаймыз. Дені сау ана – дені сау балалар. Бүгінгі біздің міндетіміз аналарға көмектесу және қолдау көрсету. Ана болу – әйелдің басты мақсаты», – деді Г.Танашева.

Сондай-ақ, акция барысында ұйымдастырушылар жастарды отансүйгіштікке шақырып, 19 наурызда болатын сайлауға белсенді қатысуға шақырды.

EL.KZ
Бөлісу: