Саяси партиялар өкілдері арасындағы кезекті пікірсайыс басталды

16 Наурыз 2023, 20:13 1079

Парламент Мәжілісі сайлауына қатысатын 7 саяси партия өкілдері арасында пікірсайыс басталды. Пікірсайыс «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде көрсетіліп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Пікірсайысқа «Amanat» саяси партиясынан Ерлан Қошанов, «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясынан Жигули Дайрабаев, «Respulica» партиясынан Айдарбек Қожаназаров, «Қазақстан халық партиясынан» Оксана Әубәкірова, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясынан Азаматхан Әміртаев, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясынан Азат Перуашев, ал «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан» Нұрлан Әуесбаев түсіп жатыр.

Телевизиялық пікірсайыс регламент бойынша үш раундтан тұрады. Бірінші раундтың өзі екі турға бөлінген. Алғашқысында қатысушылар өз партияларын таныстырады. Атап айтқанда, партияның мақсат-мұраты, саяси кеңістіктегі орны мен халықтың тұрмыс-тіршілігін қалай жақсартатыны туралы мәлімет береді. 2 минутта таныстырып үлгерулері тиіс. Бірінші раундтың екінші турында қатысушылар қарсыластарына өткір, өзекті сұрақ қоя алады.

Екінші раунд «Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы» деп аталады. Ол да екі турға бөлінген. Бірінші турда қатысушылар өздерінің сайлауалды бағдарламалары аясында Қазақстанды әлеуметтік-экономикалық жағынан қалай дамытатыны туралы айтады. Оған да 2 минут уақыт беріледі. Ал, екінші турында партия өкілдері «Хабар» агенттігі арнайы ұйымдастырған Call орталыққа көрерменнен келіп түскен бір сұраққа жауап береді.

Үшінші раундта теледебат қатысушылары «Сайлаушыларға үндеу» жасайды. Әр қатысушыға 1,5 минуттан уақыт беріледі.

EL.KZ
Бөлісу: