Саясат Нұрбек сарапшылармен ядролық ғылымды дамыту мәселесін талқылады

2 Қараша 2022, 20:12 1825

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлім етті

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Біріккен ядролық зерттеулер институтының өкілдерімен кездесті. Кездесу аясында Қазақстанда ядролық ғылымды дамыту перспективалары талқыланды, деп хабарлайды El.kz

Кездесуге Біріккен ядролық зерттеулер институтының вице-директоры Лъчезар Костов, Бас ғылыми хатшысы Сергей Неделько, «Ядролық физика институты» РМК бас директоры, ҚР Үкіметінің БЯЗИ-дағы өкілетті өкілі Саябек Сахиев, БЯЗИ ҚР ұлттық тобының жетекшісі Ержан Мұхамеджанов, «Ядролық физика институты» РМК ғылыми қызметкері Әділжан Серіков қатысты.

Министр Саясат Нұрбек Қазақстан ғалымдары институтпен ынтымақтасып, ядролық физиканың қазіргі заманғы мәселелері бойынша ірі халықаралық бағдарламаларға қатысып жатқанын атап өтті.

«Біріккен ядролық зерттеулер институты мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты Ядролық физика институты, Физика-техникалық институт, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ 12 ғылыми тақырып бойынша жүзеге асырады. Жүзге жуық студент БЯЗИ-де қос диплом бағдарламасы бойынша білім алды. Яғни, отандық ғылымға зор үлес қосылуда. Іргелі ғылымның ұстанымын одан әрі нығайту үшін эксперименттік жабдықтар базасын дамыту маңызды. Онсыз қолданбалы зерттеулер жүргізу мүмкін емес», – деді Саясат Нұрбек.

Басқосуға қатысушылар ірі зерттеу инфрақұрылымы, ғылыми қызмет және кадрлар даярлау саласында кооперацияны дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты.

Кездесу соңында министр Саясат Нұрбек ядролық ғылым саласындағы БЯЗИ-мен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, қонақтарға жұмыс сапарымен келгендеріне ризашылығын білдірді.

EL.KZ
Бөлісу: