Саяхатта да, ақшаңды қайтарып ал: Оңтүстік Корея туристерге жаңа мүмкіндік ұсынды

Саяхатта да, ақшаңды қайтарып ал: Оңтүстік Корея туристерге жаңа мүмкіндік ұсынды

Назерке Чакирбаева
Фото: AI көмегімен жасалды

Оңтүстік Кореяда саяхаттағандар жұмсаған қаражатының 50 пайызына дейін қайтара алады. Бұған қоса пойыз бен ұшақ билеттеріне, қонақүйге, көлік жалдауға, кемпинг пен туристік бағыттарға жеңілдіктер қарастырылған. Алайда жаңа бағдарламаның басты мақсаты туристі Сеул немесе Чеджуға көбірек тарту емес. Ел билігі саяхатшыларды халқы азайып бара жатқан өңірлерге бағыттауды көздеп отыр.

Оңтүстік Кореяның Мәдениет, спорт және туризм министрлігі мен Корея туризм ұйымы қазан-қараша айларында «2026 жылғы күзгі саяхат» науқанын өткізеді. Оның аясында көлік пен қонақүй шығынын арзандатудан бастап, саяхатқа жұмсалған ақшаның бір бөлігін қайтаруға дейінгі бірнеше қолдау тетігі енгізілген.

Бір ерекшелігі – жеңілдіктің едәуір бөлігі туристер көп баратын ірі қалаларға емес, халқы азайып жатқан 89 өңірге бағытталған.

Турист шығынының жартысы қалай қайтарылады?

Ең үлкен жеңілдіктің бірі – сапар шығынының 50 пайызын қайтару. Арнайы бағдарламаға қатысатын өңірге баратын адам алдымен сапарын жергілікті билікке тіркеп, мақұлдау алуы керек. Саяхат аяқталған соң жұмсаған қаражатын растайтын құжаттарды ұсынады. Шарттар орындалса, шығынның 50 пайызы жергілікті мобильді сертификат түрінде қайтарылады. Бір адамға берілетін ең жоғары сома – 100 мың вон. Ал жастар үшін 140 мың вонға дейін қарастырылған.

Демек бұл барлық туристің картасына қолма-қол ақша түседі деген сөз емес. Қаражат нақты талаптар орындалған жағдайда және жергілікті жерде пайдаланылатын сертификат түрінде беріледі.

Халқы аз өңірге барғаны үшін де бонус береді

Көлікпен саяхаттайтындарға арналған бағдарламада да қызық шарт бар. TMAP навигациясын пайдаланған саяхатшы бағдарламаға енген 89 өңірдің біріндегі туристік нысанды бағыт ретінде белгілеп, бастапқы нүктеден кемінде 30 шақырым жүруі керек. Сапар расталған соң арнайы белгі мен ұпай беріледі. Осылай бірнеше өңірге барған турист 30 мыңға дейін ұпай жинай алады.

Қосымша бонус та бар. Электромобиль жүргізушілеріне 2 мың, цифрлық туристік резидент картасын пайдаланғандарға 5 мың, сапары туралы видео жариялағандарға тағы 2 мың ұпай қарастырылған.

Пойызбен барса, билет құнын қайта жеңілдікке айналдырады

Теміржол арқылы саяхаттайтындарға арналған жүйе де өзгеше. Korail компаниясымен келісім жасалған халқы аз 41 өңірдегі белгіленген туристік нысанға барып, сапарын растаған адам пойыз билетіне жұмсаған қаражатына тең жеңілдік купонын ала алады.

Бұдан бөлек, бес бағыттағы тақырыптық пойыздарға 50 пайыз жеңілдік жасалады. Railro Pass билеті де 20 мың вонға арзандайды. Яғни мемлекет туристің тек діттеген жеріне жетуіне емес, сол өңірдегі туристік нысандарды аралауына да жағдай жасап отыр.

Фото: TheKoreaTimes

Ұшақпен саяхаттайтындарға не ұсынылады?

Naver Flight арқылы Оңтүстік Корея ішіндегі әуе билетін сатып алғандарға да бонус беріледі. Материктегі бағыттарға ұшатын жолаушы бір билет үшін 10 мың вон көлемінде Naver Pay ұпайын ала алады. Бір бронь бойынша төрт адамға дейін жеңілдік қарастырылған. Чеджу бағыты бойынша әр жолаушыға 5 мың воннан беріледі.

Қонақүйге жеңілдік: 80 мың купон таратылады

22 қыркүйектен бастап астаналық аймақтан тыс жерлердегі қонақүйлерге шамамен 80 мың жеңілдік купоны таратылады. Купондар онлайн туристік платформаларда бір адамға бір данадан, қор таусылғанша беріледі.

Биыл алғаш рет аралдардағы қонақүйлерге жеке жеңілдік енгізілген. Құны 70 мың воннан асатын қонақүйге 50 мың вонға дейін, ал одан арзан орындарға 30 мың вон жеңілдік беріледі. Кемпингті қалайтындарға да мүмкіндік бар. CampingTalk және Camfit платформаларындағы ресми кемпингтерге 10 мың вондық жеңілдік қарастырылған.

Туристік көлікке де 50 пайыз жеңілдік бар

Бағдарлама тек билет пен қонақүймен шектелмейді. Ел бойынша туристік такси мен қаланы аралайтын туристік автобустарға 50 пайызға дейін, ең көбі 50 мың вон жеңілдік беріледі.

Теңіз жағалауындағы 64 қала мен ауданда экологиялық көліктерді жалдау да арзандайды. Гибрид, электр немесе LPG көлігін кемінде 24 сағатқа жалдаса, 10 мың вон, 48 сағаттан артық пайдаланса, 20 мың вон жеңілдік қарастырылған. Чеджуда жеңілдік мөлшері бөлек есептеледі.

Тіпті ауылға барып демалуға ынталандырады

Күзгі науқанға басқа мемлекеттік мекемелер де қосылған. Қазан айында шағын ауылдық туристік бағдарламаларға 50 пайызға дейін жеңілдік беріледі. Онлайн платформалардағы ауылдық демалыс пен тәжірибелік бағдарламалар 30 пайызға, кейбір орналастыру орындары 20 пайызға арзандайды.

Қарашада Оңтүстік Кореядағы буддалық храмдарда тұрып, жергілікті мәдениетпен танысуға мүмкіндік беретін Temple Stay бағдарламаларына да 50 пайызға дейін жеңілдік жасалады.

Осылайша туристік науқан классикалық «қонақүй + билет» үлгісінен шығып, ауыл, арал, жағалау және діни-мәдени туризмді де қамтып отыр.

Неге Корея туристерге мұнша жеңілдік беріп отыр?

Бағдарламаның астарында тек туристік маусымды ұзарту мақсаты тұрған жоқ. Жеңілдіктердің негізгі бөлігі халқы азайып жатқан өңірлерге бағытталған. Турист сол жерге барса, қонақүйге орналасады, тамақтанады, көлік пайдаланады, жергілікті туристік орындарға ақша жұмсайды. Сондықтан саяхатшыға берілген жеңілдік бір мезетте жергілікті экономикаға сұраныс қалыптастырудың құралына айналады.

Жақында қатты жауыннан зардап шеккен Кодже мен Тхонъёнға да жеке қолдау қарастырылған. Бұл қалаларға туристерді қайта тарту үшін қосымша жеңілдіктер мен жарнамалық бағдарламалар іске қосылады.

29 қазан мен 15 қараша аралығында елде Korea Grand Festival өтіп, туристерге арналған бірқатар бағдарламалар тағы кеңейтіледі.

Оңтүстік Корея осылайша туристі тек елге шақырумен шектелмей, оның қайда баратынына, қалай саяхаттайтынына және ақшасын қай өңірде жұмсайтынына әсер ететін жүйе қалыптастырып отыр. Нәтижесінде саяхатшы шығынын азайтады, ал туристік ағыннан тыс қалып жүрген шағын қалалар мен ауылдар жаңа келушілерге ие болады.

Оқи отырыңыз

{