Қазақстандық жас саяхатшы Ернат Темірбеков туған елдің табиғаты мен тарихи жерлерін насихаттап қана қоймай, шетелдік сапарлардан алған тәжірибесін де көпшілікпен бөлісіп жүр. «Тауғашық» жобасын бастап, жастарды тауға шығып, табиғатпен етене араласуға шақырған ол бүгінде Қазақстанды аралап қана қоймай, бір жылдың ішінде сегіз елді көріп үлгерген.
Ернат үшін саяхат – жаңа білімнің, рухани өзгерістің және өзін-өзі танудың шексіз мектебі. El.kz интернет порталының тілшісі жас саяхатшымен әңгімелесті.
Ернат Темірбеков – саяхатты өмірінің бір бөлігіне айналдырған жас әрі еліміздің және шетелдің көрікті жерлерін насихаттап жүрген отандасымыз. Ол барған әрбір елдімекеннің табиғаты мен тарихын, мәдениеті мен ерекшелігін тың қырынан көрсетіп, көпшіліктің қызығушылығын арттыра біледі.
Ернат 1998 жылы Алматы облысы, Ақсу ауданы Жансүгіров ауылында дүниеге келген. Саяхат пен табиғатқа деген сүйіспеншілігі мектеп қабырғасынан бастау алған.
Бірінші сыныпта оқып жүргенде ауылымыздағы Қоңыртау деген тауға жиі шығатынбыз. Сол сәттерден бастап тауға деген махаббатым оянды. Кейін Алматыға көшіп келіп, сол әдет жалғасын тапты, – дейді ол.
Бүгінде ол саяхатты тек хобби ретінде емес, жаңа мәдениеттерді тану, туған жердің сұлулығын бағалау және өзгелерге үлгі ету жолы деп біледі. Оның мақсаты – Қазақстанның әсем табиғаты мен тарихи орындарын көпшілікке танытып, жастарды саяхатқа шақыру.
Оның айтуынша, саяхат адамға бір ғана демалыс емес, жаңа білім мен өмірлік тәжірибе сыйлайды.
Саяхат маған бәрін береді. Жұмыс істей жүріп демалуға да мүмкіндік бар және түрлі ақпарат алып, білімімді де шыңдаймын. Әр сапардағы алғашқы әсер – әрқашан ерекше. Әлем тек Қазақстанмен шектелмейтінін түсінесің, әр елдің тұрмысы мен мәдениеті қызықтырады. Мен үшін саяхат – шексіз мектеп іспетті, – дейді Ернат.
Ернат Темірбеков ең алдымен туған жерді танып-білуге басымдық берген. Ол өзіне Қазақстанды толық араламайынша, шетелге шықпаймын деп уәде еткенін айтады.
Арада жылдар өте еліміздің көптеген жерлерінде болғанымды байқадым. Сол кезде шетелді де көрсем деген мақсат қойдым. Бүгінгі күні бір жылдың ішінде 8 елге барып үлгердім. Оның ішінде бір мемлекетке бірнеше рет барған кездерім де бар, – дейді ол.
Саяхатшының айтуынша, әр елдің мәдениеті мен тұрмысы өзгеше, бірақ барлығы жаңа әсер сыйлап, дүниетанымды кеңейте түседі.
Ернат туған жердің табиғатын ерекше бағалайды. Оның айтуынша, елімізде әсер қалдырған ең ғажайып мекен – Қатонқарағай.
Бұл сұраққа еш ойланбастан – Қатонқарағай деп жауап беретін едім. Сұлу табиғатқа қарап еріксіз көзге жас келеді. Осындай табиғаттың бізде бар екені жүректі жылытады, – дейді ол.
Ернат үшін Қатонқарағай тек әсем пейзаж ғана емес, ел байлығы мен ұлттық мақтаныштың символы.
Саяхатшы қазақстандық табиғатты насихаттауда заманауи тәсілдерді қолданады. Ол әсем жерлерді бейнеформатта түсіріп, әлеуметтік желілер арқылы көпшілікке жеткізуді қолға алған.
Еліміздің табиғатын көбіне заманауи форматта видеолар жасап, Instagram мен TikTok-қа салып, адамдардың қызығушылығын оятып жүрміз. Әзірге қолымыздан келуде, – дейді ол.
Оның айтуынша, әлеуметтік желі арқылы жастарды туған жердің сұлулығына тарту әлдеқайда тиімді.
Ол жастарға Қазақстанның табиғаты мен тарихи жерлерін насихаттауды басты мақсатының бірі санайды. Оған туған елдің әрбір бұрышы ерекше екенін айтады.
Кеше ғана Медеуге барғанымда осы туралы ойландым. Шын мәнінде біздің елдің барлық жері әдемі. Шымбұлаққа қарап отырып қайта ғашық боласың. Көз алдымызда қанша тұрса да, Алматы тауларына деген махаббатым сөнген емес, – дейді Ернат.
Жас саяхатшы үшін Алматы таулары – табиғаттың ғана емес, туған жерге деген сүйіспеншіліктің символы.
Шетелдік сапарлардың ішінде Ернатқа ерекше әсер еткен мемлекет – Индонезия. Ол бұл елді өмірін өзгерткен мекен ретінде санайды.
Әр ел өзінше әдемі. Бірақ Индонезия сапары өмірімді өзгертті десе де болады. Сол сапардан кейін басқа адам болып шыға келдім. Адамдардың мейірімділігі мен сұлу табиғаты мені одан бетер саяхаттауға ынталандырды, – дейді ол.
Оның айтуынша, Индонезиядағы жылы шырайлы халық пен әсем табиғат оған жаңа серпін беріп, саяхатқа деген құштарлығын күшейткен.
Ернат шетелдік тәжірибені салыстыра отырып, саяхат мәдениетінің әр елде өзіндік ерекшелігі бар екенін айтады.
Біздің ел интернет арқылы тур сату бойынша бірінші орында секілді. Яғни, барлығы онлайн жүйеде қолжетімді. Ал шетелде мүлдем басқа схема жұмыс істейді. Туристер өздері кезекке тұрып, арнайы дүңгіршектерден билетін алады, – дейді.
Оның пікірінше, бұл айырмашылық әр елдің туристік инфрақұрылымы мен дәстүрлі тәжірибесіне байланысты.
Ол шетелдік сапарларын аудиториясына дер кезінде жеткізуге тырысады. Айтуынша, саяхаттағы әсерді дәл сол сәтте бөлісу маңызды.
Шетелге шыққанда стористерді уақытылы салуға тырысамын. Кейінге қалдырғанды ұнатпаймын. Қалай бар, солай көрсетемін. Бірақ музыкалар қосып, кішкене әрлеймін, – дейді Ернат.
Саяхатшы үшін бастысы – шынайылық. Ол көрермендеріне барған елдің атмосферасын бар қалпында жеткізуді мақсат етеді.
Ернат Темірбеков үшін әр сапардың өз естелігі бар. Дегенмен, ең есте қалған сапардың бірі – Индонезиядағы тәжірибесі.
Қыста Ява аралындағы Иджен вулканына өзіміз гидсіз шықтық. Сол сапар жүрегімде мәңгі қалды. Артынша алып сарқырамаларды аралап, ормандарға кірдік. Адастық, күлдік, қызық болды, – дейді.
Бұл сапар Ернатқа саяхаттың тек жаңа жер көру емес, сонымен бірге ұмытылмас сәттер жинау екенін тағы бір дәлелдеген.
Саяхат кезінде кездесетін қиындықтар жайлы сұраққа Ернат ашық жауап берді.
Көбіне тіл мен интернет мәселесі туындайды. Интернет болмай қалса, жол табу немесе тіл аудару жағынан қиындықтар шығады. Дегенмен қорқатындай дүние емес, әрқашан бір амал табылады, – деді.
Ернаттың пікірінше, кез келген саяхатшыға ең бастысы – сабыр мен бейімделе білу қасиеті.
Алдағы жоспарымен бөлісті.
Қараша айында Балиге тур жасау жоспарда бар. Оған қоса Италияға барып, «Интер» мен «Қайрат» матчына қатысып, Қайратқа қолдау көрсетіп келсем деген ниетім бар, – дейді ол.
Ернат үшін саяхат тек жаңа жер көру емес, сонымен бірге сүйікті командасына жанкүйер болу арқылы ерекше әсер алғысы келеді.
Саяхатшы ретінде басты мақсаты туралы Ернат Темірбеков былай дейді:
Шетелді зерттеп, ол жаққа қазақтілді аудиторияға тур жасағым келеді. Әсіресе маршруты қиын, өз еркімен бара алмайтын жерлерге бағыт ұйымдастыруды мақсат етемін, – деді.
Ернаттың ойынша, бұл бастама қазақ жастарына жаңа мүмкіндіктер ашып, саяхат мәдениетін дамытуға үлес қоса алады.
Аудиторияның саяхатқа деген көзқарасы туралы сұраққа Ернат Темірбеков өз жобасын мысалға келтірді.
Меніңше, менің «Тауғашық» жобам қазақ туризміне үлкен жаңалық болды, – дейді ол.
Бұл жоба арқылы Ернат жастарды табиғатқа жақындатып қана қоймай, еліміздегі туризмнің жаңа деңгейде дамуына серпін беруді көздейді. Қазақстан туризмінің дамуына қатысты пікірін ол ашық жеткізді.
Туризмнің күшін әлі толық түсінбейтін секілдіміз. Дегенмен ақырындап дамып келе жатыр. Алдағы бірнеше жылда туризм саласында үлкен держава болуымыз керек. Әрине, бұл бағыттағы жетістік барлығы жоғарыдағылардың әрекеті мен шешіміне байланысты, – дейді ол.
Ернаттың ойынша, мемлекет тарапынан жүйелі қолдау көрсетілген жағдайда Қазақстанның туристік әлеуеті әлемдік деңгейде мойындалуы әбден мүмкін.
Саяхат кезінде өмірлік сабақ берген сәттер де аз емес. Ернат Темірбеков үшін ондай ерекше жағдайлардың бірі – Богданович мұздығына жасаған сапары.
Қыста Богданович мұздығына барғанымда үлкен депрессияда едім. Ол кезде 20 жаста болатынмын. «Тау маған қаншалықты керек, уақытымды құр босқа өткізіп жүрген жоқпын ба?» деп ойландым. Дұрыс жұмысым да жоқ еді, туыстар жан-жақтан мазалайтын. Сол жолда 70 жастағы атаны кездестіріп, әңгімелестім. Содан кейін көзқарасым түбегейлі өзгерді. Дұрыс жолда келе жатқанымды түсіндім. Артынша «Тауғашық» жобасын аштым, – дейді ол.
Бұл оқиға Ернаттың өмірлік бағытын айқындап, жаңа белеске жетелеуге себеп болған.
Ол үшін саяхат – өзін танудың ең ерекше жолы. Оның айтуынша, әрбір сапар адамды шыңдап, жаңа қырынан танытады.
Сапарда мың құбылып, мың өзгересің. Қиын маршруттарды еңсергенде, «шын мәнінде осы жолды өзім жүріп өттім бе?» деп ойланып қаласың. Осындай сәттерде өз-өзіңді қайта тани түсесің, – деді.
Ернаттың ойынша, саяхат тек жаңа жерлер ашу емес, ең алдымен адамның ішкі әлемін зерттеу. Ернат Темірбеков алдағы жоспарын да бөлісті. Оның айтуынша, басты мақсат – шетелге арнайы тур ұйымдастыру.
Барлық жаңалықтар Taugashyq Travel парақшасында жарияланып отырады, – дейді ол.
Бұл бастама арқылы Ернат өз аудиториясына жаңа бағыттарды ұсынуды және саяхат мәдениетін кеңейтуді көздейді. Жас саяхатшының «Тауғашық» жобасы қазақ туризміне үлкен жаңалық болды.
Жоба аясында ол жастарды табиғат аясында демалуға, тауға шығып серуендеуге, еліміздің көрікті жерлерін бірге тамашалауға шақырады. Ернаттың айтуынша, басты мақсат – қазақстандықтарға саяхат мәдениетін дәріптеу, туған жердің байлығын өз көзімен көруге мүмкіндік беру.
Сондай-ақ бүл жоба тек серуен ғана емес, жастар үшін ортақ қызығушылық табатын, жаңа достар табатын, салауатты өмір салтын насихаттайтын алаңға айналған. Әрбір турда қатысушыларға ерекше эмоция сыйлап қана қоймай, таудың табиғи сұлулығы арқылы рухани тынығу да ұсынылады.
«Тауғашық» қазақстандық туризмге тың леп әкеліп, жастар арасында саяхат мәдениетінің қалыптасуына ықпал етіп келеді.