Сәуле Тәйкешова: Қандастарымыздың көзі ашылып, генетикалық жады оянып жатыр

11 Қазан 2023, 16:32 1109

«Қазақ тілі» халықаралық орталығының Орынбордағы өкілдігінің төрайымы Сәуле Тәйкешова Ресейде қазақ тілін насихаттау мақсатында қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Әр Ресейдің өңірінде қазақ тіліне қатысты, әсіресе Алаштың арыстары туралы дөңгелек үстел өткізіп тұрамыз. Мұндағы қандастарымыздың көбі Орынбордың – Алаштың алтын бесігі екенін білмейді. Соңғы 5 жылда офлайн, онлайн шеберлік сағаттары өткізіліп жатыр. Бұл – өте жақсы көрініс. Біздің қандастарымыздың көзі ашылып, генетикалық жады оянып жатыр деген сөз, - деді ол.

Сәуле Тәйкешованың сөзінше, Алтай өңірінде білім саласындағы ұстаздардың арқасында 5-сыныпқа дейінгі қазақ тілі оқулығы шығарылып жатыр.

Оның барлығы ешқандай шектеусіз Оқу-ағарту министрлігінің келісімімен жасалды. Егер Ресейдің әр облысында қазақ тілінен курс өткізілсін десеңіздер, Ресейдің әр аймағы басқармаға тапсырма беруі керек. Сол тапсырма аясында қанша кітап берілсе, соның бәрін ала алады. Тек қана қазақ тілін үйрететін мамандар жағынан қиындық болып тұр, - деп атап өтті төрайым.

«Қазақ тілі» халықаралық орталығының Орынбордағы өкілдігінің төрайымының айтуынша, жастардың елге деген қызығушылығы жоғары.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: