Сәуірдегі соңғы кездесулердің нәтижесі қандай болды?

30 Сәуір 2018, 15:25 2896

Ал мамыр айында не өзгерістер орын алады?

Қазақстан Премьер-лигасының 7-тур ойындары өз мәресіне жетті. Бұл кездесулерде 3 ұпайдың маңызы зор болған командалар жасыл алаңда барын салып, қажетті жеңістеріне қол жеткізді. Ал бұл жылды сүреңсіз бастаған клубтар турнир кестесіндегі жағдайларына қатты бас ауыртар емес. Олардың осы маусымда өрге сүйрейді деген ойыншылары артқан үмітті ақтай алмай жатыр ма? Әлде бас бапкер барынша біліктілігін байқата алмай жүр ме? Сұрақ көп, ал жауабын төменгі көрсеткіштерден көруге болады.

28-сәуір

«Ақжайық» – «Шахтер» 1:1 (1:0)

Гол салғандар: Шаихов 26 (1:0), Володько 55 (1:1)

Бұл ойынның басты қаһарманы ретінде – желді айтуға болады. Иә, кәдімгі жел. Себебі, қатты соғылған табиғат ресурсы ойынның жоғары деңгейде өтуіне кері ықпал етті. Футболшылар бір-біріне дұрыс пас жеткізе алмай, допты өз ырықтарына көндіре алмай әбігер болды. Кездесудің бірінші таймында алаң иелеріне желдің пайдасы тиді. Олар стандартты шабуылдарға иек артып, Игорь Шацкийдің қақпасын қарауылдаумен болды. Сондай бір сәтте Берік Шаихов қақпаның алыс бұрышын дәл көздеп, есеп ашты. Гол жіберіп алған «шахтерлықтар» алға ұмтылып, ойынды құтқаруға барын салды. Бірақ, сәтті комбинациялар соңына дейін жетпей, ойын снаряды футболшылардан гөрі, жел ырқымен кетіп жатты. Ал ойынның екінші бөлігінде, жел «Ақжайықтың» ойын мәнеріне зиянын тигізді. Ендігі, қарағандылықтар қауіпті шабуылдар ұйымдастырып, Володьконың көмегімен есепті теңестіріп кетті. Ойынның 65 минутында оралдық аяқдопшы Еркін Талапов автоголдың авторы атануға сәл-ақ қалған. Боровик қорғаған қақпаның айналысында бірнеше рет талас-тартыс орын алып, теке-тірес күшейе түсті. Сондай сәттің бірінде Милан Стояновичтың тепкен добы қақпа бағанынан қисық кетсе, Даниэль Суботич бағыттаған аладоп қақпа маңдайшасынан жоғарырақ ұшты. Желмен жарысқан матч осылайша 1:1 есебімен тең аяқталды. Әрине, алаң сапасы сын көтермейді, жоғарғы лигадағы ойындардың осындай стадиондарда өткізу футболымыздың абыройына нұқсан келтіретіні анық. 

«Қайсар» – «Ордабасы» 0:0

Қызылордадағы Мұратбаев атындағы стадионның қосалқы алаңына жиылған үш мың жанкүйер бұл матчта голға куә бола алмады. Алаң иелері бірінші таймда біршама басымдыққа ие болса да, Жасур Нарзиқұлов қорғаған қақпаның кілтін табу мүмкін болмады. Тоқтар Жанғылышбайдың көмегімен қауіпті шабуылдар орын алған. Бірде шабуылшының өзі допты ыңғайына көндіре алмаса, бірде командаластары соңғы нүктені қоя алмай жатты. «Қасқырлардың» бас бапкері Стойчо Младеновтың тағдыры қыл үстінде тұрғанын жақсы түсінген шәкірттері алға ұмтылып, бұл маусымдағы алғашқы жеңіске жетуге тырысып-ақ бақты. Әрине, оған медальдан үмітті шымкенттік футболшылар мүмкіндік бермей, сәті түссе Марсель Исламқұловтың қақпасын нысанаға алып жатты. Жасыл алаңның әр метрінде күшті тартыс орын алып, ақыры бұл ойында жеңімпаз анықталмады. Жоғарғы орындар үшін таласамыз деген «Ордабасының» жоспарына соңғы ойындары сызат түсуде. Қатарынан екі ойында ұтылған Дерменджиев шәкірттері бұл матчта да ұпай жоғалтты. 

«Ертіс» – «Қайрат» 1:2 (1:1)

Гол салғандар: Попадюк 12 (1:0), Аршавин 45 (1:1), Анене 63 (1:2)

Осы ойыннан бір күн бұрын «Ертіс» клубының басшылығы команданың бас жаттықтырушысы испандық маман Херард Нусты қызметінен алып тастады. Оған павлодарлықтардың нәтижелі ойын көрсете алмай жүргені анық себеп. Бұл жаңалық та ойыншыларды соншалық серпіндіре қоймағандай. Премьер-лигадағы негізгі фовариттердің бірі боп саналатын «халық командасына» қарсы ойында павлодарлықтар өз жанкүйерлерін қуанта алмады. Бұл кездесуде «Қайрат» ойыншыларының шеберліктері негізгі орынға шықты. Олар бірінші боп гол жібергендеріне қарамай, ардагер ойыншы Аршавиннің көмегімен алғашқы таймда-ақ таразы басын теңістіре алды. Ал екінші таймда Чума Анене нәтижелі соққысымен көзге түсіп, бүгінгі ойынның нүктесін қойды. Одан артық қос команданың ойыншылары көзге түсе алмады. «Қайрат» өз кезегінде маңызды үш ұпайды қоржынға басып, чемпиондық үшін күрес жалғасатынын білдірді. Ал «Ертіс» футбол клубы кімнің бас бапкерлікке келетінін талқылап жатыр.

«Атырау» – «Жетісу» 1:0 (0:0)

Гол салған: Хайруллин 68 (1:0)

Өз алаңында «Ертістен» басым түскен талдықорғандық клубтың жанкүйерлері бұл ойыннан да жақсы нәтиже күткені белгілі. Ал сарапшылар болса, қос команда тең нәтижемен тарқасады деді. Бұған дейін қос команда арасындағы тартыста атыраулықтардың 17 рет жолы болып, жеңіс тойын тойласа, тиісінше «Жетісу» командасында 14 жеңіс бар. Сол себепті де букмекерлік орталықтар «мұнайшылардың» жеңісіне күмән келтірмеді. Қос команда алғашқы минуттан алға ұмытылып, есепті ашуға бар күштерін салды. Десек те, шебер ойыншылары басым атыраулықтар ойынның екінші бөлігінде алға шықты. Голдың авторы – Марат Хайруллин. Ал нәтижелі пас Эдуард Сергиенконың еншісінде. Бұған дейінгі кездесулерде қанша тырысқанымен, жеңіс дәмін сезіне алмай жүрген «Атырау» футбол клубы Дмитрий Огай шәкірттерінен басым түсіп, турнирдегі жағдайын біршама жақсартып алды. Ал Талдықорғаннан келген қонақтар 7-сатысын сақтап қалды.

29-сәуір

«Ақтөбе» – «Қызыл-Жар» 2:0 (1:0)

Гол салғандар: Айымбетов 31 (1:0), Радин 82 (2:0)

Орталық стадионға жиналған 11 000 жанкүйер алдында «ақтөбелік» ойыншылар барын салуға тиіс еді. Ойынның алғашқы бөлігінде Петропавловсктен келген футболшылар гол жібермеуге барын салғанымен, 31 минутта Абат Айымбетовтен көз жазып қалды. Жас шабуылшы өзіне берілген мүмкіндікті мүлт жібермей, есеп ашты. Ал ойынның келесі бөлігінде қонақ ойыншылар ең болмағанда бір ұпай еншілеу үшін алға ұмтылды. Бірақ, дегендері болмай, кездесудің аяқталуына аз қалғанда Милан Радиннен доп жіберіп қойды. Осылайша, ақтөбеліктер де бұл футбол маусымындағы кезекті ұпайларына қол жеткізіп, минустан шықты (бұған дейін ФИФА тәртіп комитеті «Ақтөбе» ФК-ға экс-футболшысы Данило Некоға 800 мың еуро жалақысын төлемеген үшін ескерту қағазын жіберген, ол мәселе шешімін таппаған соң, клубты 6 ұпайынан айырып отыр).

«Астана» – «Тобыл» 1:0 (0:0)

Гол салған: Твумаси 11-метрліктен, 67 (1:0)

Премьер-лиганың көшбасшысы «Астанаға» қонаққа келген қостанайлық команда 90 минут бойы қорғаныста болды. Оларға бұл кездесуден бір ұпай алып кету – басты мақсат болғандай. Өз кезегінде Григорий Бабаян шәкірттері де «Тобыл» қорғанысын жарып өте алмай, еңселері түсті. Ойын тағдырын 67 минуттағы 11-метрлік айыпдобы шешіп кетті. Өз айып алаңында Азат Нұрғалиев елордалық команданың көшбасшысы Марин Томасовты ережеден тыс ұстап, айыпталды. Ал 11-метрлік айыпдобын Патрик Твумаси тамаша орындап, «Астананың» кезекті жеңісіне сеп болды. Олар ізін қуып келе жатқан «Қайрат» командасынан 5 ұпайға алшақтап кетті.

Бір турды артқа тастаған командалардың еншісіне ұпай жазылып жатса да, турнир кестесінде аса  өзгеріс бола қоймады.

Сандуғаш Мамышқызы
Бөлісу: