17.10.2025
02:48
705
Сауд Арабиясы Меккеде қажылар санын 30 миллионға жеткізуді жоспарлап отыр

Сауд Арабиясы Меккеде қажылар санын 30 миллионға жеткізуді жоспарлап отыр

Сауд Арабиясы Мекке қаласында тарихтағы ең ірі қалалық қайта құру жобасын іске қосты. «Патша Салман қақпасы» деп аталатын жобаға ресми түрде тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман бастамашы болды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жобаның жалпы аумағы 12 миллион шаршы метрді қамтиды. Қайта жаңарту жұмыстары қасиетті әл-Харам мешітіне іргелес аймақта жүргізіледі.

Жоба аясында әл-Харам мешітінің сыйымдылығы 900 мың қажыға дейін арттырылмақ. Кеңейту жұмыстары мешіттің ішкі аумағында ғана емес, оған жақын алаңдарда да жүргізіледі. Сонымен қатар, заманауи қала кешені салынады. Онда тұрғын үйлер, мәдени орталықтар және қажылар мен қала тұрғындарына арналған қажетті инфрақұрылым нысандары болады.

Қоғамдық көлік жүйесін жетілдіруге айрықша назар аударылған. Бұл қажыларға қасиетті орындарға ыңғайлы әрі жедел қатынауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, исламдық тарихи мұраны сақтау мақсатында 19 мың шаршы метр аумақтағы көне ғимараттар қалпына келтіріледі.

Бұл жоба Сауд Арабиясының «Көзқарас – 2030» атты ұлттық бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Бағдарлама 2036 жылға дейін 300 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуды және жыл сайын Меккеге келетін қажылар санын 30 миллион адамға дейін арттыруды көздейді.

Мамандардың айтуынша, «Патша Салман қақпасы» жобасы Меккені тек рухани орталық қана емес, сонымен қатар заманауи әрі тұрақты қала үлгісіне айналдыруға бағытталған.