Сәті түскен сұхбат

10 Қыркүйек 2017, 16:27 4479

Жазушының қызымен сұхбат 

«Қолда барда алтынның қадірі жоқ, қолдан шығып кеткен соң өкіндім- ай...» демекші, барында атағы алты алашқа жете қоймаған, жетсе де қаншама жастардың көкірегінен орын алмаған, Қытай қазақтарының көрнекті жазушысы, арғы беттегі әдебиеттің негізін салушы Қажықұмар Шабданұлының қызы Жайнар Қажығұмарқызы тілдесудің сәті туған еді.

Ат басын Алматыға бұрып, атамыздың алдынан білім алған шәкірті бар дегенді естіп, Байбесік деген ауылға тарттым. Көктем кезі, қардың шеті енді сөгіліп, арқасын күн шалдырып, аулада отырған ақсақалдан жөн сұрастырып жүріп, атамыздың үйін тауып барғаным сол еді, көктен тілегенім жерден табылғандай лепірген көңілім су сепкендей басылып, марқұмның аруағына бағыштап құран оқып қайта қара жолға бет алдым. Ұзын ағашта жалғыз қызы бар дегенді ұзын құлақтан естуім бар еді, неде болса деп сол жаққа бет бұрдым, сұрастырып жүріп тауып, хан сарайындай жәйнап тұрған бір үйдің есігіңнің алдына барып бірақ тоқтадым. Есіктен еңкейе шығып, әдеппен амандасқан жас келіншекке мен де әдеп танытып, амандастым, аздаған амандықтан кейін жөнімді сұрап, үйге енгізді, ақ жарқын әңгіме ақ дастархан басында басталып кетті.

Жөнімді білдіріп болғасын бірден әңгімеге араластық.

– Көкемнің оқырманы едім…жүзінен қуаныштың лебі есіп, жарқылдай сөйлеп кетті.

– Иә.

– Өзіңізбен әңгімелесіп, көкем турасында сұрайтындарым бар еді.

– Сіз кімсіз? – Романдағы үрей мен үміт арпалысының тынысын бірден таныдым. Кім екенімді, қайда жұмыс істейтінімді түгел айттым, мейлінше сендіріп айттым.

– Қазақтың қабырғалы жазушысы Қажығұмарды сүткенжесі «ата» деп атапты. «Атасының» аядай Жайнары бүгінде атамекенде. Атамекеннің айдынына қай аманатты арқалап қондыңыз?

– Иә, атамның кенжесімін. 1980 жылы Шәуешек қаласында дүниеге келдім. Естіліп тұр ма? – Емен-жарқын әңгіме осылай болса керек-ті. Осы сұрауының өзі аңғал. Естіліп тұрғанын айтып, әрі қарай айта беруін ишараладым. – Ол кез Мәдениет қозғалысы деген алапаттың аяқталып, бұрын жазықсыз түрмеге жабылғандар босатылып, елге оралып жатқан кез екен. Сол қатарда айдаудан оралған әкемнің алпысқа ілініп қалған шағы дейді. Ес біле келе қарт әкемізді «ата» деп атап кеткеніміз сондықтан. Қазір атамыз армандаған атажұртта жақсы тұрмыс кешіп жатырмыз. Солай да солай, ардақты әкеміздің туған жерге деген махаббатын арқалап келген жайым бар.

– Жоғары оқу орнын Қытайда бітіріп келдіңіз бе?

– 1999 жылы мектеп бітірген соң, Үрімжідегі Шыңжаң университетіне барғам. Екі жыл сонда оқыдым да, аяқ астынан осы жаққа аңсарым ауып, тартып кеткім келді. Үйге барып: «Мен кетем!» дедім. Шешеміз кішкене қарсылық білдіріп: «Ең құрығанда оқуыңды бітіріп кетсеңші», – деп қипақтады. Бірақ атамыз қолдап екі жылын сонда бітіріп, қалған екі жылын тастап кеткем сол уақта. 2002 жылдар ғой.

– Мұнда келгесін жалғасты ма оқу?

– Жалғасты, әрине. Дайындық курсынан өттік, ҚазҰУ-ға түстік, физика факультетін бітірдік.

Бір естігенім бар еді, соны білейін деп ұшын шығардым:

– ҚазҰУ-дың физфагында жұмыс істедіңіз…

– Жоқ, бітірген соң тұрмысқа шығып, үйлі-баранды болдық. Қазір үй бикесіміз. Үш кішкентайым бар.

– Қандай жақсы.

– Бір ұл, екі қыз. Ұлымыздың есімін нағашы атасы елдің жүгін көтеретін арыстай азамат болсын деген ниетте ырымдап Еларыс деп қойды. Бесігінде тербеліп төрт айлық қызымыз жатыр.

– Құлыншақты кім деп атайсыздар?

– Жанерке!

– Ғұмырымен берсін. Енді аға-әпкелеріңіздің дерегін таратыңыз?

–Негізі әкеміз үш әйел алған кісі. Бірінші әйелінен Маздап есімді ұл қалған. Маздап ағамыз қазір Талдықорғанда тұрады. Екінші әйелінен Тайман есімді ұл қалыпты. Тайман ағамызбен жақсы қатынаста болдық. Ол кісілер Үрімжіде тұрақтаған. Тайман ағамыз өмірден өтіп кетті, артында екі қыз қалды. Үшінші әйелі біздің шешеміз. Одан туған Бақыткүл, Қайыржан, Фатима, Бауыржан есімді аға-әпкелерім бар. Ол кісілердің үшеуі Шәуешек қаласында, біреуі Шиху қаласында тұрады. Менің көп айта бермейтін сырым бар еді… Бесеуміз де бір шаңырақта өстік, туған аға-әпкелерім. Шешеміз бір де, әке бөлек… Олардың әкелері менің «атамның» інісі Әжіғұмар. Қажығұмардың пұшпағынан тараған үйде мен ғана.

Бір ойым әрі қарай суыртпақтап, қазбалай түс десе, бір ойым бәрі белгілі ғой, қазақтың кәдуілгі әмеңгерлік салты да, көңіліне қаяу түсіріп қайтем дейді. Артын бағып күтейін, түйінін өзі тарқатар. Менің бұдан бөлек те білгім келетіні аз емес:

– Айдаудағы әкенің артында қалған жары мен шиеттей балаларының хал-жайы қалай болыпты? Көмектесіп тұрған кісілер болып па сол аласапыранда?

– Мен ол кезде жоқпын ғой. Десе де, Тарымда айдауда жүрген жанкештілердің отбасының жайы көңіл көншітерлік болды деп ешкім ойламас. Жалғыз біздің әкеміз емес, зиялы ортадан, қарапайым шаруалардан да көп адам айдалған. Сол жақтағы қазақтың басына түскен жаппай қоғамдық апат еді бұл.

– Шешеміздің жанкештілігі еді дейсіз ғой аға-әпкелеріңізді жеткізген…

– Әр шаңырақта солай болған.

– Сол запыран құстырған замана жайлы не айтып отырады шешеміз?

– Ол замананың хикаяларын еске алғым да келмейді. Мұқым қазақ кешті бұл зұлматты. Құдай бұйыртқан бейбіт заманда несіне сөз қыламыз сол кесапатты.

– Кейінгі жастар білуге тиіс шығар…

– Шешеміздің тәрбиесі де осыған саятын. Зар еңіреп налып отырғанын көрмеппін.

Атамыздың Тарымға айдалуының себебін таратып айтып берсеңіз?

– Оңшыл деген айып тақты. Сол кезгі зиялылардың бәрін де оңшыл деп соттады. Жалғыз қазақ емес, ұйғырдың, қытайдың өзінің зиялылары да осы себеппен айдалған.

– Оңшыл…

– Мао Дзэдунның үкіметіне қарсы адамдар тобы дегенге саяды. Бұл үлкен саясат, менің ой-өрісімнен әлдеқайда үлкен. Қысқаша қалай түсіндіруге болатынын да білмеймін. Мао Дзэдунның өзі емес, ол кісі алжығаннан соң әйелі жүргізген мұны Мао Дзэдунның атын жамылған арнайы топтың жасағандары ғой. Зиялылар халықты ерте алатын күшке ие екенінен қауіптенген. Ұлардай шулаған халықты қорқытып ұстауды ұйғарған олар. Сөйткен де, жаппай жала жауып айдауға жіберген.

Осыны айтты да тұтыққандай үнсіз қалды. Жайнар кешкен күйді мен де кешіп отыр едім. Сөзсіз ұғыстық. Расында, қалай тауып айтты, мұнда біздің ой-өрісімізден үлкен саясат жатыр. Жазушының «Қылмысында» тәптіштеліп баяндалады бұл. Мен келесі әңгімеге икемделе бердім:

– Қажығұмар Шабданұлы қай кіндіктен тарайды? Атамекені, ағайындары кімдер еді? Ол кісілер қайда қазір?

– Атамыздың өз аузынан естігендерімді айтайын. Қазір, қазір… – Тұтқаның ар жағынан балалардың жамырап бірдеме сұрап жатқаны естілді. Кішкентайларын алдарқатып ап, – Ол кісі 1925 жылы Қазақстанда, Аягөзге қарасты Таңсық даласының Тауқұм деген жерінде туған. Арғы тегі Қаракерей-Семіз Найман руынан, арғы атасы Балпық деген би болған. Қытай жағына отызыншы жылдардағы ашаршылық кезінде Бақты өткелі арқылы өтіпті. Ашаршылық жайлап, ол аздай Кеңес өкіметінің байларды қанау саясатының салқынымен жуанның тұқымы деп малын тартып алып, Сібірге айдамақ болғанын естіген Шабдан үш ұл, бір қызын жетектеп бір түнде Қытайға қашады. Қажыкелді, Қажиакбар, Әжіғұмар, Қазғайшалар Шабданмен бірге кетсе, ал біздің әкемізді шешесі қайта келіп алып өтеді екен. Сіздер мұнымен «Қылмыстың» бірінші кітабынан таныссыздар. Әуелі Шәуешекке, кейіннен Дөрбілжіңге ауған.

– Қажығұмардың ағайындарынан тараған ұрпақ қайда қазір?

– Қажиакбар атамыздың балалары Үржар ауданында, бірсыпырасы осы Алматы қаласында тұрып жатыр. Ал Әжіқұмар атамыздың ұрпақтары Шәуешекте. Ол кісі ертеректе, Мәдениет революциясы кезінде қайтыс болыпты…

Әмеңгерліктің құпиясы енді ашылды. Тар кезеңде тірісін тарыдай бытыратпас салт бұл.

– Тарымда айдауда болған жылдардан «Қылмыста» жазылмаған сыздамалы уақиғалар бар ма, әке аузынан естіген?

– «Қылмыс» тікелей автордың бастан кешкендері негізінде жазылған тарихи роман ғой. Тірі кезінде: «Егер осы романды соңына дейін жазып шығатын болсам, әй бірақ ғұмырым жетсе, кейбір елеулі уақиғаларды қопарып жазуға мұршам жете ме екен?!» деп күрсініп көп айтып отыратын. Егер жазуға қуаты жеткенде бұл алты томның жалғасы болатын еді.

– Осы алты томға сыймаған уақиғалар жөнінде айтқанын түсіріп көріңізші есіңізге?

– Тарымдағы кешкендері ұсақ-түйегіне дейін тәптіштеліп жазылған. Бір ғана өзі емес, сондағы неше мың адамның күйікті тәлейі суреттелген. Кезең-кезеңімен келсек, кітаптан тыс ештеме қала қоймады деп ойлаймын. Өйткені, мұқым алты томдағы уақиғалардың дені Тарымдағы зұлмат жылдар.

– Реті келіп тұр, қазақ әдебиетіндегі соны соқпақ «Қылмыстың» жазылу тарихы жайлы сөз қозғасаңыз? «Қылмыстың» екі томы үйде бостандықта жүрген кезінде жазылыпты…

– Жоқ, үш томы бостандықта жазылған. Үшінші томының мұқабасы дайын болмай қап, баспадан шықпай қалған. Қалған төртінші, бесінші, алтыншы томдарын Үрімжінің №1 түрмесінде жазған. Жазу барысында қыруар тарихи материалдармен танысқан, көптеген куәгерлермен тілдескен. Өте жапалы жағдайда жазған. Соңғы томдары түрмеде жазылды дедік емес пе?! Түрмеде жариялы түрде шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік жоқ, сондықтан, таныстары арқылы қағаз-қалам алдырады да жатпай-тұрмай жаза береді. Күзеттегілер не жазып отырғанын сұраса, еміне қажет дәрі-дәрмектердің аттарын, отбасылық күнделік жазып отырмын деп құтылады екен. Қағаздың қиқымдарына жазып, барған сайын біз арқылы шығарып отырды. Біз жазбаларды қаттастырып жинай бердік. Кейін бостандыққа шыққасын өзі реттеп, қиқым қағаздарды құрастырып кітапқа айналдырды ғой.

– Үрімжінің түрмесінде көмектесіп тұрғандар болып па?

– Бір дәрігер қазақ болыпты. Сол кісі көп көмектесіпті атамызға.

– Әлгі жазбаларды алып шығу жағы қалай болды? Тексерістен ұсталмай қалай өтіп кетіп жүрдіңіздер?

– Көбіне мен арқылы шығаратын. Мен кішкентай баламын, жүгіріп кіріп кетем. Күзеттегілер менен көп күдіктенбесе керек, жеңдеріме салып жібереді. Ағамыз барады, оған да білдіртпей салып жібереді. Кездесу күндері темір тордың ар жағынан емес, кәрі кісі ғой деп арнайы кездесу бөлмесінде кезіктіретін. Жылына бір рет, ұзаса екі рет кездесуге мүмкіндігіміз болды.

– Көркем шығармадан тыс күнделіктері болып па атамыздың?

– «Қылмысты» бізден шығарып беріп отырған да, ең соңында өзімен алып шықпаққа ниеттенген күнделіктері болыпты, медицинаға қатысты құнды деректер жинаған екен, онысын анықтаған түрме қызметі тартып алған. Сұрап барып едік, бізге бермей қойды жазбаларды.

– Онда не жазылғанынан бейхабарсыздар…

– Иә, бейхабармыз.

Өкінішті-ақ! Қаламгердің қаламы еліне қызмет етуді ғана мақсұт тұтқан екен, қағаз бетіндегі шимайлар қаншама деректер мен халықтық емнің шипалы баяндарынан сыр шертер еді. Осыған миы жетпейтіндей әңгүдік емес өкімет адамдары. Білген. Қауіптенген. Сөйткен де, жазуға тыйым салған.

– Соңғы рет түрмеге жапқан Қытай өкіметіне не жақпай қалыпты?
– Соңғы рет түрмеге жабылуының себебі жаңарыпты. Баяғыдай «оңшыл» емес, енді Қазақстанның Қытайдағы тыңшысы! Мен енді ес біле бастаған бүлдіршінмін. Түкті де түсіне алмай абдырап қалдық қой. Үйімізде мамыражай енді тамағымызды ішеміз бе деп отыр едік, бір топ адам сау ете қалды. Кірді де бізді бір бөлмеге қамап тастады. Есейіп қалған әпкелерімнің айғайына қарамай үйдің астаң-кестеңін шығарып тінтіп жатыр, кітаптарды қадағалай тексеріп жатыр. Әкемізді өздерімен әкетіп барады, мен қайта әкеліп тастайды деп ойладым. Балалық қой, сөйтсек, он бес жылға бір-ақ алып кеткен екен ғой…

– Қанша кісідей келді сонда?

– Оннан көп. Шешеміз бен әпкелерім зар еңіреп жүр. Атам мені құшақтап: «Қайтып келем құлыным, қайтып келем», – деп еді қоштасып бара жатып…

Кемсеңдеп қалды-ау, жазған. Өксік келгенде айтар сөз көмейге кесек боп кептеледі деуші еді. Рас екен.

– Одан кейінгі күндеріңіз қалай болды?

– Менен басқалары есейіп қалғанмен, үлкен әпкемнің ғана жұмыстағы кезі. Үлкен ағам жоқ, басқа қалада студент. Қалғанымыз кішіміз, бізден не қайран?! Отағасы түрмеге жабылған үйдің қайбір шырқы болсын. Дегенмен, шешеміздің арқасында, мойымас қайсарлығының арқасында жеттік осы күнге.

– Соншама қыспақты көрген атамыздың денсаулығы қалай еді?

– Тарымнан келгенде денсаулығына қарап тұратын жолдастары болған. Небір аштықтарды көрген ғой, әкеміз өте ұқыпты еді. Айдауда жүргенде бір тілім нан берсе, жартысын сақтап қояды екен. «Қылмыста» да бар, еңбек істеген жерлерінде тышқанның ініне дейін қазып, тышқанның сақтаған жемін жеген күндері болыпты. Денсаулығынан айрылып келген кезі 2001 жыл, түрмеден оралған уақ. Жасы да келіп қалған, ақыры сол түрмеде тапқан миы құрғау деген аурудан кетті.

– Атамекенге оралдыңыз, алып-ұшып келгенде көңіліңізге қаяу түсірген кісілер яки жағдайлар болып, торығып қалмадыңыз ба?

– Көңілім қалатындай жағдай болмады. Алдымен туысқан ағамыздың үйіне келдім. Осындағы туғандар шақырып қонақ қылды. Келеңсіз жағдайға тап болардай қоғаммен бірден араласып кеткем жоқ. Келе сала оқуға түсу мақсатымен білім жетілдіру дайындығына кірістім.

– Осындағы зиялы ортадан Қажығұмардың қызы деп арқаңыздан қағып, қамқорлық жасаған ағалар болды ма?

– Болды. – Риза көңілдің риясыз қоңырауындай естілді. Жақсының жақсылығымен сүйіншілеуге тәрбиенің тілі жүйріктік танытты. – Бірі іздеп кеп амандығымды біліп жатса, кейбірі үйіне шақырып қонақ қылды, қамқорлығын аямайтындарын айтып хабарласқан ағаларға рахмет. Әсіресе, Қабдеш Жұмаділов ағамыздың үйіне барғанда қандай қуанышпен қарсы алғаны есімде. Әкеміздің өмірден өтіп кеткеніне қарамай «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбаевтың бастамасымен Қабдеш Жұмаділов, Мұхтар Шаханов ағалар болып «Ұлттық рух» сыйлығын тағайындады. Жақында өмірден қайтқан Асқар Жакулин, Алмас Ахметбек ағалар әкемнің көзі тірісінде де, өмірден қайтқасын да көмекке әзір тұратын. Қабдеш аға мәселе көтеріп, Мұхтар Құлмұхамет қаржы бөлгізіп Қауымдастық баспасынан атамның кітаптарының шықты. Өзімнің жеке басыма ешқандай көмектен дәмелі емеспін, кітап шығарса екен, осыны қолға алса екен деген ниетім болған.

– Көкемнің шығармашылық лабораториясы қалай болды? Аяқталмаған «Төте қырсық» пен «Бақыт жолында» повесі нені әңгімелейді?

– «Төте қырсық» аяқсыз қалды. Тезисі ғана түзілген осы дүниені жазуға түрмеден әбден ауру меңдеп шыққан атамыздың ғұмыры жетпеді, әттең. Қазақтың рушылдығын, жікшілдігін, қасақана көре алмаушылығын өзек еткен шығармада атауы айтып тұрғандай қоғамдағы «төте қырсықтарды» жазбақ болған. Ал «Бақыт жолында» көп сырдан хабар беретін көлемді повесть. 1955 жылы Шыңжаң баспасынан бірінші кітабы шыққан. Екінші бөлімі басылатын кезде «оңшыл» атамыз айдауға кете барған. Сол аласапыранда повесть жоғалып кеткен, екінші бөлімі үшті-күйлі жоқ, бірінші кітабын жақында шешеміз тауып маған берді. Қазір менің қолымда. Енді баспаға әзірлеп ұсынбақпын. Осыған қолым бір жетсе, шіркін. Өзге тілдерге аудару да керек, естір құлаққа алтын сырға.

– Баспадан шығаруға бейіл танытып отырған адамдар бар ма?

– Тілеулестер бар, бірақ мен шығарайын деп кеудесін қаққан ешкім жоқ. Қажығұмар атындағы қор құрсаң деп жатқандар баршылық. Шынында қор құрсақ, тоқсан жылдығын өткізсек… Бұл бір адамның қолынан келетін шаруа емес, жұмыла істеу керек. Сол қордың мәселесін әлі шеше алмай келе жатырмын.

– Өзіңіздің қалам ұстайтыныңыз бар ма еді?

– Маған дарымапты сол. Мына сәбилерден күтеміз бар жақсыны…

Осылай әңгіменің қызығына түсіп отырып күнде біраз жерге барып қалған екен, кенеземнің кепкені басылып, атамыздың қилы тағдыры өзегімді өртеп, бір жағынан қуанып, бір жағынан ащы өксік кеудеме тығылып, амалсыз қоштасып, аттанып кеттім. Тектіден қалған тұяқтың әсерлі әңгіменсінен көңілімен біраз дүниені түйіп кеттім. Адам баласы осынау аз ғана ғұмырында артына өшпес із қалдырса ғана адамша өмір сүргені екен, ал сол қалдырған ізін артындағылар бағалай алса ол тіпті бақыт. Қайран есіл ерлер, бүгінгі ұрпағының жүрегінде мәңгі мақтаныш болып қалса екен, ерліктері ертеңге аңыз болып жетсе екен.

Ұшқын Сәйдірахман
Бөлісу: