Сәт қожа және жүз ит

27 Қыркүйек 2018, 11:00 8901

Қазақ даласына Ислам дінін таратушы Қожалар жайлы тылсым аңыздар

 

Ұшы-қиыры жоқ маң даламыздың қай аймағына сапар шексеңіз де жол жиегінен көне замандардан сыр шертетін кесенелерді көреріңіз хақ. Білмегенді білмекке ұмтылып, сол маңайдағы ел ішіне барып, ақсақалдарынан жай сұрасаң көп дүниеге қанығасың. Бүгінде  "Сакралды Қазақстан" бағдарламасы аясында білмейтінімізді біліп, танымымызды кеңейтіп жатырмыз. Әрине,алдағы уақытта бұл тізімге қазақ даласындағы талай киелі жерлер мен жұмбақ мекендер енетін болады.

Қазақ даласына Ислам дінін алып келген, көшпенді елге алғашқы дін таратушылар Қожалар деп үлкендер айтып отыратын. Соғыс көрген қарттардың сарқытын көріп қалған баламыз ғой. Сол қариялар өздерінен кіші болса да Қожа руынан шыққан адамдарды «Қожекелеп» төрге шығарып отыратын. Дегенмен, ел ішінді әлі де кеудесі қазынаға толы қарттар жетерлік. Тек, тілін тауып әңгімеге тарта алсаң болды. Қарағанды облысы, Ботақара ауданы, Ақөре ауылының тұрғыны Жетпіс Балабаев атты ақсақалдың таңды таңға ұрып айтарлық әңгімелері бар. Біз сол кісінің ауызынан естіген  Қожалар жайлы бірер аңызды сіздерге жеткізуді жөн санадық.

Сәт қожа жайлы аңыз

Сәт қожа бабамыз жайлы аңыз-әңгімелер көп. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының естеліктерінде «Сәт қожа соңына жүз ит ертіп жүреді екен. Барған жерінде иттеріне бір мал, өзіне бір мал сойғызтады екен. Әлгі иттері бір-бірімен төбелесуді білмейді екен» деген деректер қалдырған екен. Мен естіген аңызда Сәт қожа  соңына отыз ит ерткен деп те айтылып жүр. Сол Сәт қожа бабамыз бір күні ел аралап келе жатып,  Ақкүшік деген байдың көшіне жолығады.  Ақкүшік байдың жылқысының басы саналатын торы айғыры болған екен. Сол торы айғыры ауырып, Бауыр өзенінің бойында қос тігіп тұрса керек.  Сөйтіп, екі бағытта келе жатқан екі топ сол өзеннің бауырында тоқайласып қалады. Ақкүшік бай малдан бөлек бала-шағаға да бай болса керек. Жетіліп тұрған он ұлы бар екен. Он  ауыл болып отырған он ұлды арқаланып, желпініп сөйлейтін әдеті болыпты.  Сол әдетіне басып:

- Әй, Сәт қожамын, Сәт қожамын дейсің. Мына Торайғырым ауырып тұр. Бұған не істей аласың?- депті. Сонда Сәт қожа «Е, Ақкүшік! Баймын, баймын дейсің, сен мені шынымен бір жылқыға салып тұрсың ба? Шын айтасың ба?» - деп үш мәрте сұраған екен.  Ақкүшік те «Шын айтамын, шын айтамын, шын айтамын» деп үш мәрте жауап қатқан екен.

- Жарайды олай болса. Малға салсаң малға сал. Көрсет айғырыңды, – дейді  Қожекең. Содан айғырға тақалса, айғыр расымен де жамандатып, ауырып тұр екен. Сәт қожа қолындағы тобылғы сапты қамшысымен айғырды жауырыннан тартып-тартып жіберіп, қамшысының сабымен бауырын ысқылап-ысқылап «Бар, кет әрі, шүу!» деп айғырды сауырынынан алақанымен ұрып жібереді. Жаңа ғана бүрсиіп тұрған айғыр бір сәтте ойнақтап шыға келіп, сонадай жерде жүрген табын жылқыға қосылып, бір байталға шауып жіберген екен деседі.

Айғыры сестенгеніне мәз болған бай Сәтқожаға бір тай, отыз итіне бір тай сойып сол жерде мәре-сәре болып бір-екі күн қонып, екі жақ өз жөндеріне аттанады.

Келесі жылы Ақкүшік бай күзекке кетіп бара жатып тағы да сол өзеннің бойына тоқтайды. Тағдырдың жазуымен Сәт қожа екеуі сол Бауыр өзенінің бойында қайта жүздеседі. Бұл жолы Ақкүшіктің Әумежан деген жиырма бес жасар ұлы ауырып келе жатыр екен. Ауырғанда да халы нашарлап, теңге артып келе жатса керек. «Байеке, ел-жұртыңыз аман ба? Көш қайырлы болсын!» деп Сәт қожа әңгіме бастапты. Бай болса «Осылай да осылай. Мына Әумежаным ауырып, кешеуілдетіп келе жатырмыз. Бұған не істейсің?» дейді.  Сәт қожа «Ей, Ақкүшік! Мен саған айтып едім ғой. Мені малға салма деп. Әр нәрсенің өтеуі болады. Сен осы жерде үш күн қон. Содан соң ары қарай жылжисың» депті де өзі қарауылдамай, жылжып кетіпті. Сөйтіп, Ақкүшік сол жерде қала береді. Әумежаны сол тоқтаған жерлерінде қайтыс болған екен. Сол Әумежаныңыздың бейіті Бауыр өзенінің бойында төбешік болып томпиып әлі жатыр. Ол оқиғаға да бүгінде 300-400 жыл болды ғой. Бертінге дейін «Боз там» деп аталып келді. Боз там дейтін себебі кірпішін айран мен сүт құйып, ақ кірпіштен қалаған екен.Мінекей, Қожалардың қасиеті жайлы бір әңгімем осы.

 

Жыржыс қажы Арпынұлы жайлы аңыз

Суреті muftyat.kz сайтынан алынды.

Жыржыс қажы кім десеңіздер айтайын, қазақ даласында Мәуліт мейрамын ең бірінші тойлатқан адам. 1928 жылы заманының ызғарлана соққан желіне қарамай, төңірегіндегі жұртқа Мәуліт мейрамын атап өткен екен. Бұл кісінің туған жері Баянауыл ауданы, Көкдомбақ елді мекені деп көрсетілген. 1884 жылы дүниеге келген Жыржыс қажы бабамыз 1929 жылы Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Ақжар ауылында көз жұмған.

Бұл кісі қажылыққа барған адам. Ауылында мешіт салып, медресе ашып, балаларды хат тануға үйреткен. Ел ішінде «Кәмпеске» деп аталып кеткен саяси індет бұл бабамызды да айналып өтпеген. Баянауыл жақтан милиция келіп, бабаны ит жеккенге айдауға алып кетпек болады. «Жыржыс қажыны мілитсә әкетпекші» деген әңгіме желдей есіп, ауыл маңына 200-300 адам жиналып қалады. Қажы намазын оқып алып,  медресесі мен мешіттін бір айналып шығыпты. Бәйбішесінің есімі Бәтимә екен.  Ол кісі жұртпен қосылып жылап жүрсе керек. «Әй, бәйбіше жылама. Сендер де жыламаңдар. Мен қазір шамалыдан соң қайтып келемін» деген екен. «Ел-жұрт аң-таң дейді. Қайтып келеміні несі. Орыстың уысына түсіп, ит жеккенге кеткеннің қайтып келгені жоқ еді. Қажекең не айтып тұр?» деген оймен қалың ел қала береді.

Содан, он шақты милицияның айдауымен, ауылдың бір жігітінің шығарып салуымен бұл топ  жолға шығады. Ауылдан 3-4 шақырым ұзап шыққан соң Жыржыс қажы әлгі жігітке «Әй, қарағым, сен менімен қатарласа аяңдап отыр. Қазір мен мына аттан құлап түскен кезде жерге құлап, мойыным бір жерім үзіліп кетпесін. Байқастап отыр» дейді. Атаның айтқаны заң. Әлгі жігіт ештеңе түсінбесе де бабамен қатарласа жүріп отырады. Сәл уақыт өткен соң қажекең бір жағына қарай сылқ ете түсіпті. Қатарласып келе жатқан жігіт жерге құлатпай сүйемелдеп қалыпты. Содан, бабаны жерге түзулеп жатқызады ғой. Арттарындағы он шақты милиция «Мына молда өтірік істеп жатыр» деп Жыржыс қажыны шұқылап, аяқпен теуіп біраз әбігерге түсіпті. Содан, өлгеніне әбден көздері жеткен соң ауылға хабар беріп, денесін кигізге орап қайта әкелген екен. Сөйтіп, арулап жерлеп, өзінің медресесінің тұсына жерлеген екен. Бұл да Қожалардың қасиетінің бір белгісі болса керек. Жаназасына көңіл айта келген Мәшһүр Жүсіп «Құдайдың істе дегенін екі етпеген Жыржыс едің, Жыржыстың істе дегенін Құдай да істеді. Аллаһу акпар!» деп бет сипаған екен деген әңгіме ел арасында әлі бар. Жыржыс қажының ұрпағы, химия ғылымдарының докторы, профессор Арыстан Мәуленұлы Ғазалиев бабасының басына белгітас қойған болатын.

Мінекей, көнекөз қарияларымыз өткеннен осылай сыр шертеді. Қазақ даласы әлі де құпиялы сырларды өз қойнауында сақтауда. Дархан даламыздың дана қарияларының аузынан жазылып алынған әңгімелерді алдағы уақытта да сіздерге ұсынатын боламыз.

 

 

Бөлісу: