13.03.2024
11:26
1879
Сәресі ішудің қандай пайдасы бар?

Сәресі ішудің қандай пайдасы бар?

Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы мамандары  сәресі ішудің өзіндік берекеті мен артықшылықтары барын айтты, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Атап айтқанда:

1) Сәресін ішуге тұрған адамға Алла мен Оның періштелері салауат айтады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

 «Расында, Алла және Оның періштелері сәресі ішкендерге салауат жолдайды», – деген.

2) Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннеті орындалады; 

3) Құлшылыққа күш-қуат береді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын);

«Күндізгі оразаларыңа сәресінің асын ішіп көмектесіңдер», – дейді.

4) Ширақтықты арттырады (белсенділік, энергия, т.б); 

5) Аштықтан келетін нашар мінездің алдын алады; 

6) Сəресі дұғаның ең қабыл болатын кезіне сәйкес келеді; 

7) Сəресіде ниетті түзеп, ықыласты арттыруға мүмкіндік туады; 

8) Сәресіне тұрған адам таң намазына ұйықтап қалмайды.

Сондықтан мұндай пайдалардан құр қалмас үшін сәресіне тұрған жақсы. Ал сәресі іше алмай қалып, ауыз бекіткен адамның оразасы дұрыс саналады.