Сарайшық - шетелдіктердің келсем деп армандайтын жұмақ мекені болған Қазақ хандығының көне астанасы

16 Қараша 2018, 04:23 2393

Қалашықтың орны – Атыраудан 50 шақырым қашықтықта Махамбет ауданының Сарайшық селосының аумағында. Мұнда 1999 жылы «Хан ордасы – Сарайшық» мемориалды кешені салынып, биіктігі 17 метр кесене тұрғызылған. «Қазақстанның киелі жерлері» географиялық картасына енген тарихи орынды бүгінде туристік нысанға айналдыру бағытында жұмыстар жүргізілуде.

Сарайшықтың жаңалығы көп. Ол бұрын коммуналдық мемелекеттік мекеме болып, облысқа бағынған болатын. 2018 жылы 4 сәуірде ҚР Үкіметінің қаулысы шығып, Сарайшық мемлекеттік мекемеге айналды. Оның жанынан сапар орталығы салынады деп жоспарланып отыр. Бұл визит-орталықта әкімшілік ғимарат, қонақүй, шаруашылық-тұрмыстық үйі салынады. Сонымен қатар, экспозициялық-көрме залдары жасақталып, конференс-зал, зертханалық және қалпына келтіру үй-жайы, кітап қоймасы мен электронды мәліметтер базасы бар кітапхана орналасады деген жоба бар.

Бұл жүзеге асырылып жатса,  кешен аумағында лекция өтетін алаңдар, ашық аспан астындағы музей мен этноауыл болады. Оның  құрылысы Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүргізілуі керек.  Биыл алғаш рет Жайықтың суы тоқтатылды.  Сакралды Сарайшықты табиғи бұзылудан сақтау үшін 2016-2018 жылдары облыс бюджетінен жағалауды бекіту жұмыстарына 1,6 млрд теңге бөлініп,  қорғаныс бөгеті салынды. Бөгеттің биіктігі – 3 метр, ұзындығы – 1500 метр. Сөйтіп көктемгі су тасқыны тоқтатылды. Бұл облыс әкімдігінің атқарған үлкен шаруасы деп айта аламын. Бұған қосымша қазір «Қазреставрация» мекемесі археологиялық орындарды тікелей қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып, оның үстінен жаңбыр суы бүлдірмейтін қорған жасап жатыр. Мұның барлығы Сарайшықты сақтау, қалпына келтіру және ең бастысы, мақсат етілгендей, туристік нысанға айналдыру үшін барлық жағдайларды жасау нақты қолға алынғанын айғақтайды.

Сарайшық қаласына қатысты тарихшы-ғалымдармен болған сұхбатты осы жерден оқи аласыздар

Бөлісу: