Сарапшылар Адал азаматтың құндылық кеңістігін талқылады

5 Сәуір, 17:31 620

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығында «Қазақстан жастары-2024» ұлттық баяндамасының құрылымын сараптамалық талқылау өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, кездесу барысында Адал азамат тұжырымы аясындағы жастардың құндылық көзқарастары мәселелері қаралды. Шараға мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың, халықаралық ұйымдардың, ғылыми орталықтардың, сондай-ақ ҮЕҰ мен жастар бірлестіктерінің өкілдері қатысты.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров жастар саясатын іске асыру шеңберінде жастардың өзін-өзі жүзеге асыруы мен дамуы үшін қажетті жағдайлар жасалатынын атап өтті. Ол шешім қабылдау кезінде жастардың ағымдағы сұраныстарын ескеру маңызды екенін және бұл баяндама еліміздегі жастардың дамуының негізгі трендтерін көруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Айсұлу Ерниязова өз сөзінде ғылыми негізделген тәсіл барлық жобаларды іске қосу кезінде маңызды элемент екеніне назар аударды. Бұл бағытта Ұлттық баяндама – жас азаматтарға қатысты саясатты іске асырудағы бірегей және іргелі құжат. Оның айтуынша, баяндамада кейінгі он бір жылдағы жастар ортасының өзгеру динамикасы, қазіргі заманның ғылыми шежіресі жазылған.

Өз кезегінде, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының әлеуметтанулық зерттеулер және болжау басқармасының басшысы Сабина Шаймерденова талқылауға қатысушыларды ағымдағы жылға жоспарланған әлеуметтанулық зерттеулердің барысымен таныстырды.

Талқылау барысында баяндаманың контекстік бөлігі бойынша өз ұсыныстарын ID-zertteu атқарушы директоры Дина Айкенова, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Экономика институты бас директорының орынбасары Сәуле Калиева және SDSN Youth Kazakhstan жобасының жетекшісі Мұхтар Аманбайұлы таныстырды.

Сондай-ақ сарапшылар ұлттық баяндаманы дайындау аясында қазақстандық жастар арасында зерттеулер жүргізілетінін, онда Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында тізіп айтқан нарртивтерге сәйкес жастардың кімдігі мен құндылықтар жүйесі мәселелері қарастырылатынын атап өтті.

Талқылау нәтижесінде қатысушылар облыстық және республикалық деңгейде жастарға қатысты жүзеге асырылып жатқан жобаларды ғылыми-сараптамалық қамтамасыз етуді күшейту қажет деген қорытындыға келді. Сарапшылар жалғасып жатқан жаһандық турбуленттілік аясында жастардың шыңдалуы мен өзін-өзі дамытуы үшін жағдай жасау, сондай-ақ оларға Адал азамат құндылықтарын сіңіру маңызды екенін атап өтті.

Айта кету керек, «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасын «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жыл сайын дайындайды. 2013 жылдан бері 11 ұлттық есеп шығарылды. Орталық – жастардың әлеуметтік өзсезінімін, жағдайын жүйелі деңгейде зерттейтін жалғыз институт саналады.

EL.KZ
Бөлісу: