Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев – бүкіл әлемде танылған саяси салмақты қайраткер. Бұл пікірді саясаттану кандидаты, Ресей-Қазақстан баспасөз орталығының сарапшысы Андрей Выползовтың мақаласында Виталий Млечин білдірген, деп хабарлайды El.kzинтернет порталы.
Млечиннің айтуынша, Тоқаев – реалист, оның сөздері асыра сілтеуден ада. Ол Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға ұмтылып келе жатқанын атап өтті.
Сарапшы Берлинде өткен кездесуде Тоқаевтың Германия канцлері Олаф Шольцке айтқан сөзін еске салды:
«Қазақстан «антиРесей» емес. Біз Ресеймен жан-жақты ынтымақтастық бағытын берік ұстанамыз. Бұл елмен бізді әлемдегі ең ұзын шекара байланыстырады».
Сондай-ақ мақаласында Андрей Выползов Астанада өткен бір кездесуде Ресей президенті Владимир Путиннің мәлімдемесін келтірген:
«Біз – одақтастармыз, стратегиялық серіктеспіз. Ынтымақтастығымызда, қарым-қатынасымызда қандай да бір түбегейлі келіспеушілік не мәселе жоқ».
Выползов Тоқаевтың Қазақстандағы орыс тіліне қатысты ұстанымы да айқын екенін айтты. Президенттің былтырғы сөзіне сілтеме жасады:
«Адам өзіне қай тілде ыңғайлы болса, сол тілде сөйлеуі керек. Қазір жастар мемлекеттік тілді де, орыс тілін де, ағылшын мен өзге де тілдерді меңгерген. Бұл – жақсы құбылыс».
Сондай-ақ Тоқаевтың: «Қазақстанда ешкім жеке қарым-қатынаста қай тілде сөйлеу керек екенін адамдарға міндеттей алмайды» деген сөзін де мысалға келтірді.
Ал «Саяси сараптамалық топ» жетекшісі Константин Калачевтің айтуынша, Қазақстан өз сыртқы саясатын ұлттық мүддеге сай жүргізіп отыр. Бұл – кез келген егемен елдің қалыпты ұстанымы.
Көпвекторлы саясат одақтастықтан бас тарту емес. Қараңғы бөлмеден қара мысық іздеудің қажеті жоқ. Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас тең құқылы серіктестікке негізделген. Бұл байланысты нақты бірлескен жобалар да дәлелдейді. Өйткені Тоқаев – сенімді одақтас әрі серіктес, – деді Калачев.
Выползов соңғы уақытта интернет кеңістігінде Астананы «одақтастық жолдан ауытқыды» немесе Тоқаевты «Батысқа жақындап кетті» деп айыптайтын жарияланымдар жиілеп кеткенін айтты. Алайда саясаттанушы мұндай айыптаулар шындыққа сәйкес келмейтінін атап өтті.