Сақтандыру қоры басшысының орынбасары 400 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді

Сақтандыру қоры басшысының орынбасары 400 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілікті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ведомство таратқан мәліметке сәйкес, бұл жағдай мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында, әлеуметтік маңызды салалардағы жемқорлықтың алдын алуға бағытталған жүйелі жұмыстар шеңберінде анықталған.

Денсаулық сақтау жүйесі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ең осал болып қала береді және қоғамның ерекше назарында, – делінген Антикор хабарламасында.

Тергеу барысында қордың Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалымен байланысты жоғары лауазымды тұлғалардың да қатысы бар жемқорлық схемасы әшкере болған. Атап айтқанда, күдікті азаматтарға медициналық көмек көрсету мақсатында бөлінген 400 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жүйелі түрде жымқырды деген айып тағылып отыр.

Жымқыру медициналық ұйымның «Damumed» ақпараттық жүйесіне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде Өскемен қаласының тұрғындарына көрсетілді деп, шын мәнінде болмаған қызметтер бойынша жалған мәліметтер енгізу жолымен жүзеге асқан, – деп хабарлады Антикор.

Тергеу барысында 30 мыңнан астам жалған «тіркеу» фактісі анықталған. Сонымен қатар, лауазымды тұлға жеке медициналық мекеменің кәсіпкерлік қызметіне заңсыз қатысып, жымқырған қаражатты – оның ішінде қымбат мүлікті сатып алу арқылы – заңдастырды деген де күдік бар.

Күдікті сот санкциясымен қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр. Құзырлы органның мәліметінше, осы іске қатысы бар басқа тұлғалар мен эпизодтар да тексерілуде.