«Сапасыз жолдардың салдарынан». Марат Қарабаев ІІМ статистикасын жоққа шығарды

11 Маусым, 18:06 596

Көлік министрі Марат Қарабаев Ішкі істер министрлігінің жол апатына қатысты статистикасымен келіспейтінін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.  

Бұған дейін Ішкі істер министрлігі мәлімдегендей, биыл Қазақстанда 6 мың жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 542 адам қаза тауып, 7 мыңнан астам адам жарақат алған. ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, жол апаттарының негізгі себептерінің бірі – жолдар мен инфрақұрылымның жай-күйінен болады. 

Дегенмен көлік министрі Марат Қарабаев бұл статистикамен келіспейтінін түсіндірді. 

Менің қолымда 2021-2023 жылдар аралығындағы авто жол бойынша анализ бар. Онда көрсетілгендей, жол апатының 44 пайызы көліктердің соқтығысуынан, 18 пайызы жаяу жүргіншілер жолағында болады, ал 3 пайыз жануарларды басып кетуінен және 10 пайызы түрлі кедергі мен 25 пайыз басқа да факторлардың әсерінен болып жатады. Бұл жерде жолдың сапасыз жағдайына байланысты екені көрсетілмеген, - деді министр.

Көлік министрлігінде өткен брифингте БАҚ өкілі «Бұл ішкі істер министрлігінің мәліметі. Сонда бұл ақпаратпен келіспейсіз бе?» деп нақтылап сұрады. 

Мен сіздердің дұрыс ақпарат бергендеріңізді қалаймын. Біздегі дерек бойынша жол апатының 38 пайызы жылдамдықты арттырудың салдарынан болады. Ал қарсы бағытқа өтіп кету салдарынан болатын апат 10 пайызды құрап отыр. Біздегі мәселе жолдардың сапасына байланысты емес, жағдайына байланысты деп айтқан дұрыс болады, - деп атап өтті Қарабаев.

Миражан Махан
Бөлісу: