Сапасыз үй, жиналған қарыз: Өскеменнің іргесіндегі ауылда не болып жатыр?

11 Наурыз, 14:16 3839

Өскеменнің дәл іргесіндегі Шығыс ауылының тұрғындары неше жылдан бері суық үйде тұрып келе жатқаны аздай енді сол сапасыз салынған баспаналарының жалдау ақысына 12 жылдан кейін жүздеген мың теңге өсімпұл қосылғанына наразы.

«Нұрлы көш» бағдарламасымен бой көтеріп, 2012 жылы ресми түрде лентасы қиылған бұл ауылға әу баста Қытай мен Моңғолиядан көшіп келген қандастар қоныстандырылған. Коммуналдық меншіктегі тұрғын үйлерді Өскемен қаласының әкімдігі халыққа кейін жекешелендіріп алу құқығымен жалға берген. Бірақ жаңа қонысқа кірген ағайындардың қуанышы көпке созылмады. СИП-панельден, яғни жеңіл құрылыс материалынан салған баспаналар алғашқы қыстың аязында-ақ сыр берді. Үйлердің барлығы электр қуатымен жылытылатын болғандықтан қалыпты температураны ұстап тұру үшін токты күндіз-түні қосуға тура келеді. Ал қабырғасы «қағаз», едені бетон, іргетасы жоқ бұл үйлер Алтайдың ақшұнақ аязында пана болмады. Жылыту маусымында мұндағы әр түтін электр қуатына ай сайын шамамен 40-50 мың теңгеден төледі. Қатты отынмен жанатын пеш салуға рұқсат берілмеді, үй коммуналдық меншікте өйткені. Жұмысы жоқ, қалт-құлт етіп әрең күнелткен қандастар электр қуатының ақысын

төлей алмай қарызға батты, мұның соңы шуға ұласқан.

© Қуан СЕЙІТ

Облыстың сол кездегі әкімі болған марқұм Бердібек Сапарбаев өзі келіп ауылда жиын өткізген. Бәрімізбен сөйлесті, жағдайды көрді. Артынша «қағаз үйлердің» сыртын қаптауға, пеш салуға рұқсат берді. Жағдайы келгендер алқам-салқам қабырғаларды бүтіндеп, қаптауға тырысты. Пеш салды. Шамасы жоқтар қолында барымен жамап-жасқаған болды. Дегенмен іргетасы жоқ, бетонның үстіне салынған үйлерді қанша жылыласа да болмады. Салқын бәрібір, – дейді Мұратхан Кенжехан есімді ауыл тұрғыны.

Он жылдан астам уақыт сапасыз үйде тұрып келген қандастардың мойнына биылдан бастап үйді жалдау ақысының өсімпұлы ілініп отыр және ол аз сома емес. Кейбір отбасыларына 500 мың теңгеден 1,5 млн теңгеге дейінгі аралықта өсімпұл жазылған.

Үйімнің жалдау ақысын әр жылдың соңында жинап төлеп отырамын. Кешіктірген емеспін. Қолымда әр жылда төлегенімді растайтын «қарызыңыз жоқ» деген таңбалы қағазым бар. Сөйте тұра мінеки 10 жылдан астам уақыт өткенде қайдан шыққаны белгісіз өсімпұл пайда болды. Өсімпұлдың мөлшері әркімде әртүрлі және мұны бізге осыған дейін бір адам ескертпеді. Заңға сәйкес 90 күннен артық өсімпұл жүріп жатса ол адамға құзырлы мекеме бір рет болса да ескертуге тиіс емес пе еді. Онда ештеңе естімедік, хабар алмадық. Енді үйді жекешелендіріп алайық десек өсімпұл шыға келді, – деп кейіс білдірген ауыл тұрғыны Керей Манап заңгер жалдап, мәселені сот алдында шешуге дайын екенін жеткізді.

© Қуан СЕЙІТ

Өскемен қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің өкілі тұрғындармен жасалған келісімшартта бәрі жазылып тұрғанын айтты.

Шығыс ауылындағы әрбір тұрғынға берілген келісімшартта тайға таңба басқандай жазылып тұр. Жалдау ақысы уақытында төленбесе әр күнге 0,1 пайыз өсімпұл жүретіндігі жазылған. Адамдардың өздері мұны оқып, танысуы керек еді. Негізі ескерту үйден шығаратын болса ғана беріледі. Ал сіздерді ешкім үйден шығарып жатқан жоқ. Сондықтан ескерту берілген жоқ. Енді мәселені тек сотқа жүгіну арқылы шешу керек, – деп нақтылады Өскемен қалалық тұрғын үй қатынастар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Назерке Жақыпбекова.

Мұндағы баспаналарды жекешелендіру үшін әуелі үйдің негізгі құнын төлеуге тиіс. Олардың құны 500 мың теңгеден басталып 1,5 млн теңгеге дейін барады. Сапасыз салынған үйлерді өз ақшасына жөндеп алған кейбір тұрғын шыққан шығынын алға тартып, 10 жылдан астам уақыт бойы жалдау ақысын төлемеген. Сөйтіп жыл сайын жинала беріп жалдау ақысы биыл 700 мың теңге болған. Оған қоса төлемді уақытында өтемегені үшін 500-600 мың теңге өсімпұлы тағы бар.  

© Қуан СЕЙІТ

«Қағаз үй» аталып кеткен біздің мына үйлер іргетассыз, сазға салынған. Тоң қатқанда көтеріледі, жер жібігенде түсіп кетеді. Қаңқасы темір, қабырғасы СИП-панель, «урсамен» қаптап қойған. Арғы жағынан дала көрінеді. Темірі шіріп жатыр. Қай күні құлайтынын бір құдай біледі. Адамды басып қалу қауіпі бар. Осындай сапасыз үйлерді бізге қалай беріп отыр. Жалдау ақысын төлеңдер дейді. Жақсы төлейміз, алдымен үйлерді талапқа сай жөндеп, қаптап, жылылап берсін. Біздің талабымыз осы, – дейді Шығыс ауылының тұрғыны Қуан Бисұлтан. 

Ауыл халқымен кездесіп, мәселенің мән-жайына қаныққан Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Арайлым Есімбекова бұл жерде екі жақтың да кінәсі бар дейді.

Қандастардың жағдайын түсініп тұрмын. Бірақ біз заңнан биік емеспіз. Қол қойылған құжатта жазылған талаптарды тұрғындар мұқият оқып, танысуы керек еді. Оған салғырт қарауға болмайды. Сол сияқты құзырлы мекеме өкілдері де осынша жыл бойы тым-тырыс жатпай адамдарға ескертіп, жалдау ақысы уақтылы төленбесе өсімпұл жүретінін хабарлауы керек еді. 13 жыл бойы өсімпұл жүргенін ешкім білмегені қалай? Енді тартысып отыратын емес, мәселені шешу керек. Біз, депутаттар қала басшылығына жұмыс тобын құруды ұсындық. Қазір арнайы жұмыс тобы құрылып, тексеруді бастап кетті. Оның құрамына жауапты бөлім басшылары, құқық қорғау органдарының және әкімдіктің өкілдері кірді. Мүмкіндігінше мәселені халықтың мүддесіне шешуге тырысамыз, – деп сендірді халық қалаулысы Арайлым Есімбекова.

Тұрғындар сондай-ақ үйдің жалдау ақысын ұялы телефонның мобильді қосымшалары арқылы төлесе тиімді болар еді дегенді тілге тиек етті. Әзірге бұл қызметті «Қазпоштада» жауапты маман атқарады екен. Төлемді қолма қол қабылдап, таңба басылған қағаз беріп отырады. Әзірге мұнда цифрлық технологияның игілігі жете қоймапты.

© Қуан СЕЙІТ

Қазір барлық жерде коммуналдық қызмет ақысын және басқа да төлемдер ұялы телефондағы қосымшалар арқылы төленетіні белгілі. Осы орайда «нұрлыкөштік» ағайындар үйдің жалдау ақысын да ұялы телефонмен төлейтіндей мүмкіндік жасалса деген өтініштерін жеткізді.

Біздің редакция Шығыс ауылындағы қандастардың мәселесін назарда ұстап отырады.

Қуан Сейіт
Бөлісу: