Сапалы әрі қолжетімді  

9 Қаңтар 2017, 16:15 9531

«Балапан» ұсынған отандық өнімдер

Екібастұз қаласындағы «Балапан» фабрикасы айына 300-400 мыңдай өнім тігеді. Тек балаларға арналған киімдер тігуді қолға алған Ақтолқын Көпеева қазақтсандық өнімнің сапасы – түрік ағайындар тігетін киімдерден артық болмаса кем еместігін алға тартады.   

Кәсіп иесі 2014 жылы «Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша мемлекеттен несие алып, бизнес-жобасын жүзеге асырды.

Мемлекет 7 пайыздық үстемемен ұсынған 3 миллион теңгеге Ақтолқын 8 тігін станогын сатып алып, жұмысқа кірісті. Осылайша, екібастұздық сәбилер мен балдырғандар шетінде иректелген «Balapan» белгісі бар киімдер кие бастады.

«Ащы мен тұщыны татқан білер, алыс пен жақынды жортқан білер» демекші, балаларға арналған  заттардың арзан-қымбатын, ненің жақсы, ненің нашар  екенін балаларының жоғын түгендеумен жүретін ата-аналар жақсы біледі. Ал жаңа туған нәрестелердің киім-кешегі тіпті қымбат екенін жас отбасылар жоққа шығармас. Қытайлық жаман-жұтықты алғың келмей, жібі түзу киімге көзің түссе, аспандаған құн сұрайды. Осының бәрі – Ақтолқын Ақжігітқызының көкейінде көптен сайрап тұрған жайттар еді. Сондықтан ол жұмысын нәрестелерге аса қажет киім – «ползунки» мен жаялық тігуден бастады.

Цех шағын ғана болғандықтан кәсіпкер әзірге 3-4 тігіншіні жұмыспен қамтып отыр. Арнайы компьютерлік құрылғымен жабдықталған замануи тігін машинасын сатып алуға қалтасы көтермесе де, Ақтолқын Алматы қаласынан бірнеше қарапайым тігін машинкаларын сатып әкеліп, орнатты. Әрбір өнімнің дизайынын қолмен жасап, пішіп, тігу – өздерінің мойынында.

Ақтолқын Көпеева, кәсіпкер

Сырт елдерден келетін мәселен Түркия мен Ресей өндірушілерінің балаларға арналған киімдері өте қымбат бағада саудаланады. Бала бәріміздің де үйімізде бар. Көптен ойымда жүрген ісімді жүзеге асыру үшін тәукел керек болды. Бел шеше кірісіп, бөбектерге арналған киімдер тігуді қолға алдым. Матаның сапасы өте жоғары, тек мақтадан жасалған яғни балалардың терісіне жағымды, ауа өткізгіш, терлетпейтіндігімен ерекшеленеді. Дәл осы сападағы маталардың Қазақстанда өндірілмейтіні өкінішті әрине. Матаны Түркиядан әкелемін, алайда қиындықтары да жоқ емес.

Ақтолқын Көпееваның айтуынша, оқыған, тәжірибелі, тігудің қыр-сырын меңгерген маман табу – өте қиын мәселе. Осындай қиындықтарға қарамастан жұмыс істеуге ниетті жандарды өзі үйретіп, жұмыс ұсынып отыр.  

«Балапан» тігін фабрикасы тігетін отандық өнімдердің басты ерекшелігі – 100 пайыз таза мақтадан жасалған матадан тігілетіндігінде. Сапасы жоғары, бағасы қолжетімді.

Кәсіпкер матаны Түркиядан әкелетінін тілге тиек етті. Әзірге «Балапан» сауда белгісімен тігілетін өнімдер тек Екібастұз қаласында ғана сатылуда. Ақтолқын алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, Астана секілді ірі шаһарларда сауда нүктесін ашуды жоспарлайды.  

Бақытгүл Абайқызы
Бөлісу: