Санжар Тәшкенбай оқудан қалай шығып қалды?

16 Мамыр 2023, 00:29 24584

Спорт журналисі Ғалым Қожабеков өзінің жеке парақшасында бокстан әлем чемпионы Санжар Тәшкенбайға қатысты тың деректі бөлісті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Ол бұл жазбасында әлем чемпионы Санжардың жоғары оқу орнынан қалай шығып қалғанын жазған. Чемпион дәл қазір еш жерде оқымайтынын, дегенмен бұған дейін Еуразия ұлттық университетіне грантқа түскенін айтқан.

Санжар Астанадағы Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназияда оқыған екен. Сөйтіп жүріп 17 жасында бокстан Азия және әлем чемпионы болған. 18 жасында ересектер арасындағы Азия чемпионы атанды. Әңгіме барысында боксшы өзінің әттегенайын жеткізген.

Мен бір сөзімде «қайда оқисың?» деп қалдым. Ол болса «Ешқайда оқымаймын, 2021 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне оқытушы-жаттықтырушы мамандығына грантқа оқуға түскен едім. Бірақ оқуым ұзаққа бармады, бірінші курстың ортасынан бастап стипендиямды алып тастады, одан кейін сабаққа белсенді қатыспағаным және жазғы практикаға қатыспағаным үшін оқудан шығып қалдым. Ақылы оқуға ауысайын десем, қаражат жетіспейді, үйде менен басқа бес бала бар, әкем қарапайым таксист, анам үй шаруашылығынан босамайды. Бұл кездері мен жастар арасындағы Азия және әлем чемпионатына қызу дайындық жүргізіп жүргенмін. Тынымсыз жаттығуларымның арқасында екі жарыста да чемпион болдым. Ал 2022 жылы ересектер арасындағы чемпионатта чемпион атандым. Бірақ оқуымнан шығып қалдым, соған өкінемін, аға» деп көңілінде жүрген бір кірбіңін білдірді.

Енді не істейсің десем, «Көкшетаудағы педагогика институтына баратын шығармын, спорт өмір бойы серік болмайды ғой...» деп отыр кеше ғана әлемді мойындатқан Санжар чемпион.

«Санжар, бұл жағдайды жүрегіңе жақын алма, бір жөні болар, сен енді осы күздегі Азия ойындары мен алдағы жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарын ойла!» – дедім өзімше тілеуқор көңілмен, алтын медалін алақанында ұстап отырған қазақтың абыройын аспандатқан Тәшкенбайға. Оқығысы келетін балаға қарап ойланып қалдым... - деп аяқтаған жазбасын тілші.

Айта кетейік, Ташкентте өткен әлем біріншілігінде қазақстан құрамасы төрт алтын мен бір күміс медаль еншіледі. Санжар Тәшкенбай (48 келі), Сабырхан Махмұд (54 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі) әлем чемпионы атанып, Дулат Бекбауов (67 келі) күміспен күптелді. Осылайша құрамамыз жалпыкомандалық есепте Өзбекстанна кейін екінші орынға жайғасты.

Берік Арманов
Бөлісу: