Шемішкенің қабығынан пайда тапқан...

19 Қараша 2018, 19:19 19522

Саңырауқұлақ өсірумен айналысатын кәсіпкер Әлия Жұматаевамен сұхбат

«Қалауын тапсаң қар жанар» деген мақал бар ғой. Бұл мақалды барлығымыз білгенімізбен, күнделікті өмірде қолданғанымызбен, арамызда осы мақал аясында тәжірибе жасағанымыз аз. Бұл нені білдіреді? көбімізде тәуекелдің жоқтығын көрсетсе керек-ті. "Тәуекел түбі - жел қайық, өтерсің де кетерсің" деген мақалды өмірлік ұранына айналдырған, Қарағанды облысына қарасты Абай ауданының Топар кентінде шаруасын дөңгелетіп отырған кәсіпкер Әлия Жұматаевамен сұхбат.

- Әлия ханым, сіздің айналысып отырған кәсібіңіз оқырмандарымыз үшін қызықты деп білемін. Дей тұрғанымызбен, бәрін рет-ретімен баяндасақ. Өзіңіз жайлы, әке-шешеңіз жайлы аздаған мәлімет бере кетсеңіз.

- Әке-шешем Петропавл қаласында тұрады. «Қарапайым отбасы» деген түсінік бар ғой. Біз дәп сондай отбасымыз. 1989-1994 жылдар аралығында Қарағанды Мемлекеттік Университетінде «Қаржыгер» мамандығы бойынша білім алғанмын.  Оқуымның соңғы жылдары тұрмыс құрдым. Күйеуім Қарағанды маңайындағы  Абай қаласының тұрғыны. Ол сол кезде қала маңындағы шахталардың бірінде кенші болып жұмыс істеді. Ол кезде оқу бітіргеннен соң біздерді әр қалаға жұмысқа жіберетін. Мені жолдама бойынша Петропавл қаласына жіберді. Осылайша күйеуім екеуміз біздің өлкеге аттанып кеттік. Мен үшін өзінің жұмысын құрбандыққа шалды десем де болады.

- Шамалы жыл тұрғаннан кейін Қарағанды жаққа қайта ауысқан екенсіздер. Ол жақта жұмыс табу қиын болды ма?

- Жұмыс жағынан қиындық болды деп айта алмаймын. Жалпы, ол кезде қазіргідей емес, жұрттың көбі тең өмір сүруші еді ғой. Ел қандай қиындық көрді, біз де соны көрдік. Дегенмен, күйеуім кенші болғандықтан,  сол саладағы қызметін қайта жандандырғысы келгендіктен осыдан он жыл бұрын Қарағанды жаққа қайта көшіп келдік. Күйеуімнің шешімін сыйлағандықтан еш қарсылық танытпадым. Қарсыласуға негіз де жоқ қой. Кезінде мен үшін жасаған қадамына, дәл сондай жауап жасадым.  Қазақы дәстүр бойынша да осы әрекетімізді дұрыс деп санаймыз.

- Саңырауқұлақ өсіру жайлы бизнес ойыңызға қайдан келді?

- Мен негізі бала кезімнен саңырауқұлақ жегенді ұнататынмын. Саңырауқұлақты асқа қосу біздің аймақта қалыпты жағдай. Тұтынушы ретінде осы тауарды алып жүргенімде «Неліктен біздің нарықта саңырауқұлақ өнімі тек импортталып жатыр? Бұны өзімізде өсіруге болмайды ма?» деп ойлайтынмын. Екі жыл бұрын «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша бағымды сынап көруге бел будым. Сөйтіп, 1 млн 800 мыңдық грант ұтып алдым. Топар қаласындағы жылыжайлардың бірінен 2000 шаршы метр жерді жалға алып, ұтып алған грантыма өсімдіктерді суару жүйесін, тоңазыту құрылғыларын, тауарларды қаттайтын стол сатып алдым. Қолға алған ісімді бастап кету үшін екі ауысыммен жұмыс істетуге 6 адам жұмысқа алдым. Әуелгіде айына  1 тонна саңырауқұлақ өндіретінбіз. Соны керемет жетістік деп ойлайтынмын. Ал, қазір 8 тоннаға дейін саңырауқұлақ өндіреміз.

- Бастаған сәттегі қиындықтарыңыз жайлы айта кетсеңіз...

- Әуелгіде аспа саңырауқұлақтарды (вешенка) сабанда өсіріп көрдік. Бұның әурешілігі көп екен әрі қаржылай тиімді болмады. Осы саланы зерттей келе, ең тиімді нұсқа шемішке қабығына өсіру екенін ұқтым. Қазіргі таңда Алматы жақтағы шемішке өңдеу зауыттарының бірімен келісімге отырып, сол жақтан қажетті мөлшерде қабықтар алып отырмын.

- Бұл сырт көзге тың сала секілді көрініп тұр. Нарықта отандық бәсекелестеріңіз бар ма?

- Менің тауарларым әзірге Қарағанды облысы көлемінде ғана таратылуда. Яғни, Қарағанды қаласы және соның маңайындағы кішігірім қалалар, аудандар дегендей. Өз аймағымызда айтарлықтай бәсекелес көріп отырғанымыз жоқ. Сұранысымыз да жоғары. Оның себебі, біздің еш химикатсыз таза өнім өндіруімізде деп ойлаймын.

- Бұл бизнесті бастаған екенсіз. Сәтті жүріп жатқанына куә болып отырмыз. Алға қойған мақсаттарыңыз қандай?

- «Армансыз адам -  қанатсыз құспен тең» дейді ғой. Менің арманымның көбі осы саңырауқұлақпен байланысты болып кетті. Бұл біреулерге күлкілі болып көрінетін шығар. Әрине, отбасыма, туған-туыстарыма байланысты да армандарым бар. Дегенмен, сұраған екенсіз айтайын. Ендігі мақсатым – саңырауқұлақтарды консервілеу. Яғни, саңырауқұлақты тұздап, саңырауқұлақ икрасын жасау. Егер, ойлаған ісімізге қол жеткізіп жатсақ, бұл да нарықта сұраныссыз қалмайды деп ойлаймын.

- Саңырауқұлақтарыңыз бап талғайды ма? Ойдағыдай өсу үшін қандай жағдай жасау керек?

- Кез-келген дүние үлкен еңбекті талап етеді. «Алма піс, аузыма түс» деп жататын заман емес.  Аспа саңырауқұлақтарын өсіру үшін қажетті дүниелерді айта кетейін. Біріншіден, ауа температурасы  10-20°C аралығындағы жылылықты үнемі көрсетіп тұруы шарт.  Екіншіден, ауадағы ылғалдық  85-90% құрауы тиіс. Үшіншіден, вентиляция, яғни, желдету жүйесі дәлме-дәл есептеліп, дұрыс іске асуы қажет. Төртіншіден, саңырауқұлақ өсетін орын көктенбеуі, иістенбеуі қажет. Көрінген жерден өрмекшінің торлары салбырап тұрмағаны жөн және түрлі зиянды жәндіктерден ада болуы керек.

Аспа саңырауқұлағын өсіру үшін бел жазбай кетпенмен жұмыс істеу қажет емес. Дегенмен, асқан ыждахаттылықты талап ететін дүние. Себебі, бұның тұқымының өзі кірпияз, өте нәзік. Арнайы қапшықтарда қатталып, үнемі 3-4°C көлеміндегі температурада сақталуы тиіс.Осы қалпында тұқымды 6-7ай сақтауға болады. Ал, енді саңырауқұлақты өсіретін шикізатқа келсек. Бұны біздің тілде субстрат дейді. Біздің шаруашылық субстрат ретінде шемішкенің қабығын пайдаланып отыр. Қабықты үлкен целлофан қаптарға қаптап, тұқымды еге саламыз деп ойласаңыз қателесесіз. Сөздің басында айтып кеткеніміздей, бұл саңырауқұлақтар тазалықты талап етеді. Сондықтанда қабықтарды 1 жарым сағат суға қайнатамыз. Одан кейін кептіреміз. Субстрат салынған қапшықтар шамамен 10-15 кг болады. Бұдан кейін қапшықтарды инкубациялау (тұқым егу) орнына апарамыз. Ол жердегі ауа температурасы шамамен +25°C болуы шарт. Қапшықтарға тұқым салу мақсатында әр жерінен тесесіз. Қапшықтардың арасы тым жақын болмағаны да жөн. Шамамен 5-6 см бос орын қалуы тиіс. Инкубация кезінде ауа температурасы ары кетсе 1-2 градусқа ғана өзгеруі керек. Әйтпесе, тұқымның өліп қалуы мүмкін.Инкубация кезінде бұл орынды желдетуге болмайды. Дегенмен, тазалық жұмыстарын жасауды ұмытпаған жөн. Бұл процесс 18-20 күнге созылады.

Осы жерде айта кететін бір мәселе бар. Саңырауқұлақтың қалпағы ақ болсын десеңіз температура 10°C мөлшерінде, қоңыр болсын десеңіз 20°C болуы тиіс. Қалпағының түсі қандай болса да саңырауқұлақтың дәмінде айырмашылық болмайды. Саңырауқұлақтарды күніне екі мезгіл жылы сумен суарып тұру керек.

- Жақсы, осы жағдайлардың барлығын жасадық делік. Алғашқы өнімді қанша күнде ала аламыз?

- Алғашқы  өнімдеріңізді 1,5 уақыттан соң ала аласыз. Барлығын еппен жинап алсаңыз екінші өнімді 2-3 аптадан соң жинап ала аласыз. Өсіру, баптау, жинау кезіндегі ережерелді дұрыс сақтасаңыз бір тұқымнан жарты жылға дейін өнім ала аласыз. Яғни, бір тұқым және бір қап шемішке қабының ең максималды өнім беру уақыты жарты жыл. Бұл жыл бойы қайталана беретін, маусым талғамайтын өсімдік болғандықтан жұмсаған шығыныңыздың қайтымы да тез болуы мүмкін. Бұл жерде әрине, сіздің өнімдерді қабылдайтын тараптың да тез табылуы әрі сұраныс көлемі де үлкен рөл ойнайды.

- Алтын уақытыңызды қиып, бізбен сұхбаттасқаныңызға алғысымыз шексіз. Еңбегіңіздің жемісін жеп, әрі қарай қарыштай беріңіздер!

Сурет ашық интернет көзінен алынды

Бөлісу: