Сан-Марино құрамасында жиһаз жасайтын шебер мен сантехник ойнайтыны рас па?

16 Қараша 2023, 17:03 2346

Ертең, 17 қараша күні, Еуро-2024 іріктеу аясында Қазақстан құрамасы өз алаңында Сан-Мариноны қабылдайды. Бұл матчта Магомед Адиев шәкірттері үш ұпай алатынына ешкімнің күмәні жоқ шығар. Себебі қарсыласымыз FIFA рейтингінде ең төменгі – 207-орында тұр. Оның қасында біздің құрама 98-орынға жайғасқан. Айтпақшы, осыдан бірер күн бұрын Қазақстан мен Сан-Марино арасында визасыз режим орнатылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Санмаринолықтар рейтингті қорытындылап тұрғанына біраз жыл болды. Иә, УЕФА елдерінің арасында бірнеше сатыға жоғарылап көрген, бірақ ол көпке созылған жоқ.

Осы уақытқа дейін өткізген 202 матчтың 193-інде жеңіліс тапқан. Бірақ бұл құрамадан тәуір нәтиже талап етудің өзі артық шығар. Себебі жан-жағынан Италия қоршап тұрған елде небәрі 34 мыңға жуық тұрғын бар. Жер көлемі 61,2 шаршы шақырымды ғана құрайды. Сондықтан да құрама сапында Италия қалаларында туған футболшылар бар. Солардың бірі – құрама сапындағы ең егде ойыншы Роберто Ди Майо Наполи шаһарында дүниеге келген. Бірақ оның анасы осы елдің тумасы.

Құрама тарихы

Сан-Марино өзінің алғашқы ресми матчын 1990 жылы Еуропа чемпионатына (1992) іріктеуден бастады. 14 қарашада өткен ойында құрама өз алаңында Швейцариядан оңбай ұтылды – 0:4. Осылайша олар Еуропа біріншіліктеріне тоғызыншы рет іріктеуге қатысып отыр. Сонымен қатар сегіз рет әлем біріншілігінің іріктеуінде бақ сынаған.

Әлем біріншілігіне іріктеуде олар 76 матч өткізіп, соның бір де біреуінде жеңіске жете алмаса, екі рет тең түсіп, 74-інде қарсыласына үш ұпайдан сыйлаған.

1993 жылы өз алаңында Түркиямен тең ойнаса (0:0), 2001 жылы сырт алаңда Латвия қақпасына бір гол соғып, бірақ тең тарқасты – 1:1. Дегенмен осы бір голдың өзі Латвияның бас бапкерінің отставкаға кетуіне себеп болғаны рас.

Ал Еуропа біріншілігінде санмаринолықтар 84 ойын өткізді: жеңіс жоқ, бір тең ойын және 83 жеңіліс. 2014 жылы Эстонияны қабылдаған Сан-Марино қақпасын құрғақ сақтап, бір ұпайға иелік еткен.

Әлгінде айтқанымыздай, құрама 202 ресми матч өткізсе, соның біреуінде тарихи жеңіске жеткен. 2004 жылы Лихтенштейнге бір гол соғып, ұш ұпайды қанжығасына басты – 1:0. Бұдан бөлек қарсыластарымен сегіз рет тең ойнаса, 193 рет жеңіліс тапқан. Бұл дегеніміз Сан-Марино құрамасы орта есеппен әрбір жетінші матчта бір гол соғады деген сөз. Айталық, Еуропа чемпионатына осы іріктеуде құрама сегіз матчтың барлығында жеңіліс тауып, бір гол соқса, қақпасына 26 гол өткізіп алған. Бірақ сол жалғыз голды анау-мынау емес, Дания қақпасына салды.

Құрама ойыншылары кәсіби футболшылар ма?

Сан-Мариноның халық саны тым аз екенін жаздық. Тиісінше танымал футболшылары да жоқ. Құрама ойыншыларының құнын Transfermarkt 920 мың еуроға ғана балаған. Бұл біздің бір көшбасшы ойыншымыздың құнынан төмен. Қазақстан құрамасының ойыншылары 21,4 миллион еуро тұрады. Сонда санмаринолықтар Нұралы Әліп (2 миллион) немесе Бахтиер Зайнутдиновті (6,5 миллион) айтпағанда, бір Марат Быстровтан (1 миллион еуро) арзан.

Адам саны аз болғандықтан, кәсіби жоғары деңгейдегі ойыншыларды табу да аса оңай емес. Бұған дейін құрама өкілдері футболды негізінен хобби ретінде алып жүріп, өздері бөлек салаларда қызмет ететіні айтылатын. Тіпті құрамада тұрақты ойнайтын қақпашы Альдо Джуниор Симончини есепші болып жұмыс істесе, ең егде ойыншы ретінде аты аталған жартылай қорғаушы Роберто Ди Майо (1982 жылы туған) Сан-Мариноның 17 жасқа дейінгі құрамасын баптайды.

Фото: ВВС

Қақпашылардың бірі Элиа Бенедеттини футболдан тыс уақытта ата-анасының көлік тасымалы компаниясында жұмыс істейді. Италияның В сериясында өнер көрсететін 28 жастағы ойыншы құраманың жейдесін киіп шығу үлкен абырой екенін айтады.

Құрамадағы футболшылардың басым бөлігі ішкі чемпионатта ойнайды. Елдегі ең мықты клубтар – «Ла Фиорита» мен «Тре Пенне». Сөйте тұра бұлардың екеуі де УЕФА клубтарының коэффициенті бойынша төмен сатыда тұр. 33 жылдық тарихта Сан-Марино сапында 21 футболшы мергендік танытқан. Ал ең үздік футболшы – Анди Сельва. Ол «Ла Фиорита» клубының намысын қорғады. Лихтенштейнге жеңісті голды дәл осы ойыншы соққан. Сондай-ақ сегіз голдың авторы, бұл дегеніміз – құрама тарихындағы голдардың 27,5 пайызын соқты деген сөз. Соның ішінде үшеуін Бельгия қақпасына тоғытқан. Құрама тарихында Массимо Бонининің орны бөлек. Ол бір кездері «Ювентусте» ойнаған. Ұлттық құрамадағы соңғы ойынын 1995 жылы Ресейдге қарсы өткізген.  

Ал ең жас ойыншы Лоренцо Ладзари – 2003 жылдың 6 маусымында дүниеге келген. Ол әлі студент.

Сурет: espn.com

Шабуылшы Маттео Витайоли графикалық дизайнер болып жұмыс істейді, ол футболдан тыс уақытта өзін жұлдыз санамайтынын айтады. Ал бауыры Фабио киім дүкенінің басшысы.

Сурет: espn.com

Бұған дейін олар Vitaioli's деген бардың иесі болған. Өзі де сонда бармен болып жұмыс істеп келген, дегенмен клубтағы жаттығу мен жұмыс қатар келетін болғандықтан, басымдықты футболға беруді жөн көріп, барды сатып жіберген.

Кеңседе немесе зауытта жұмыс істеп жүргенде, біз қарапайым жігітпіз, бізді ешкім жұлдыз санамайды, - дейді Маттео ESPN-ге берген сұхбатында.

Ал жартылай қорғаушы Лука Чеккарелли бос уақытында зергерлік бұйымдар жасайтын фабрикада жұмыс істейді екен.

Сурет: espn.com

Құраманың жартылай қорғаушысы Алессандро Голинуччи ойыншықтарды бөлу компаниясында қызмет атқарады.   

Сурет: espn.com

Михаэль Баттистининің мамандығы – металл өңдеуші. Ол да командаластары секілді құрама нәтижесінің жақсаруына атсалысуға тырысып жүр.

Сурет: espn.com

Қорғаушы болған Данило Ринальди футболмен қатар жиһаз фабрикасында жұмыс істеді.

Ең қымбат ойыншылар

Құрамадағы ең қымбат ойыншылардың үштігіне мыналар кіреді: Никола Нанни («Ольбия») – 150 мың еуро, Лука Чеккароли («Тре Пенне») – 100 мың еуро және Филиппо Фаббри («Ольбия») – 100 мың еуро.

Ойын алаңдары аз, азаматтық алу қиын

Елде білікті футбол мамандары мен аяқдоп шеберлерінің жетіспеушілігіне жалақының төмендігі де себеп. Топ-клубтарда ең жоғары жалақы ары кеткенде жылына 8 мың еуроны құрайды. Трансфер мен телекөрсетілімдерден түсетін қаржы жоқ, қолдауға ұмтылатын демеушілер де көп емес.

Елде академиялар жоқ, футбол алаңдары да санаулы.

Ойындар кеш басталады. Жұмыс күндері матчтар 21:00-ден ерте басталмайды. Себебі әуесқой деңгейдегі футболшылар үйлеріне барып тамақтанып шығуы керек, көбісі Италиядан келіп жетуі қажет.

Ал азаматтық алу үшін елде кемінде 30 жыл тұру керек немесе ата-анасының біреуі әлде жұбайы осы елдің азаматы болуы тиіс. 

Мадина Асылбекова
Бөлісу: