"Самұрық-Қазынаның" тапқан табысы - бүкіл қазақтың байлығы - Жигули Дайрабаев

27 Маусым 2023, 12:21 747

Елімізде барлығы 1 828 белсенді ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындары тіркелген. Әр өңірде қайта өңдеу кластерін құру қажеттілігі қатты сезілуде. Бұл туралы депутат Жигули Дайрабаев Үкімет басшысына сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың дерегінше, елімізде 448 ет, 52 жеміс-жидектермен көкөністерді, 63 өсімдік майлы дақылдарын, 227 сүт өнімдерін, 252 ұн мен жарма өнімдерін өндіретін кәсіпорын бар. Ірі қара мал басынын артуына және қолданыстағы кәсіпорындардың жетіспеушілігіне байланысты ет-сүт өнімдерін қайта өңдейтін шағын және орта кәсіпорындарын салу қажет, оған мысал ретінде көптеген облыстарда, яғни: Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Түркістан, Павлодар облыстарында мал басы жоспарлы түрде өскен.

Аталған өсімді ескере отырып әр өңірде өңделген еттің, сүттің үлесін арттыру қажет. Майлы дақылдарға келетін болсақ, Қазақстанда 63 кәсіпорын жұмыс істейді, оның 7-і жаңғыртуды талап етеді. Бұдан бөлек, өнімнің өсуіне байланысты, Республика бойынша кем дегенде 5-6 жаңа кәсіпорын іске қосылуы тиіс. Сол себепті, қазіргі уақытта әр өңірде қайта өңдеу кластерін құру қажеттілігі қатты сезілуде. Ол үшін аймақтың өндірістік қуаттылығын арттыру керек. Өйткені фермер-шаруа өсірген өнімін өткізу үшін алысқа бармауы қажет. Бұл өңірдің экспорттық әлеуетін арттырып қана қоймай, сонымен қатар аграрлық сектор қатысушыларының уақыты мен қаржысын үнемдеуге де септігін тигізеді. Осы себепті жергілікті билік өңірлердегі өндірістік қуаттылықты айқындап шұғыл түрде шешім қабылдаулары қажет, - дейді депутат.

Осы орайда өнімдерді өңдеу үшін нақты әр аймақта,  әр аудан орталықтарында не салу керек екенін анықтау туралы ақпараттар ашық түрде жариялануы тиіс. Отандық қайтау өңдеу кәсіпорындарының қазіргі қуаттылығын барынша жүктеу, жаңа қайта өңдеу кәсіпорындарын жаңғырту және салу бойынша міндеттерін орындауға бағытталған қолдауды жетілдіру керек.

Осы айтылған мәселелердің төңірегінде, ұмытылып кеткен, баяғы әр аудандағы ауылшаруашылық қызмет көрсету және сатып алу орталықтарын (заготовительные центры) неге жаңғыртпасқа немесе кооперация шеңберінде осындай орталықтарды ынталандырып, жұмыстарын жетілдірмеске? Алысқа бармай-ақ, маған Ақтоғай, Шет, Ұлытау аудандарының фермерлері жиі хабарласып, аталған ауылшаруашылық орталықтарының жоқтығанан өздерінің үнемі делдалдардың жеміне айналатындары туралы айтып, жазумен келеді, - дейді Жигули Дайрабаев.

Фермерлердің міндеті ауылшаруашылық өнімдерін өндіру, ал оны өндеумен өткеру мемлекеттін жауапкершілігінде болуы тиіс.

Тағы бір өзекті мәселе ол шекараға жақын орналасқан ауылдардың жанайқайы, турасын айтсақ Үкімет мүшелерінің «болашағы жоқ» деген ауылдар жайлы. Мемлекет басшысы жақында ғана Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясында шекаралас аудандардағы халықтың әл-ауқатын арттыру мәселесін көтеріп, нақты тапсырмаларды Үкіметке жүктеген еді. Осы тұрғыда, 65 шекара аумағындағы аудандарда 260 ауылмекендердің саны анықталды, - дейді депутат.

Оларды қалпына келтіру үшін Самұрық-Қазына АҚ-ның еншілес 279 компанияларын тарту керек дейді.

Тапсырма беріп, әр ауылдан кем дегенде бір ауыл шаруашылығы бағытындағы толық циклді өндіріс салуды неге жүктемеске, сол ауылдардың инфрақұрылымын қалпына келтіріп, тұрғылықты халық санын арттыруды қолға алып, жағдайды реттеу үшін көшіп-қону саясатын өзертпеске. Осы уақытқа дейін Самұрық-Қазынаның тапқан табыстары, ол бүкіл қазақтың байлығы, сол байлықты халықтың өзінің игілігіне жарату керек, - дейді мәжілісмен.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: