Көне Самарқанда 11 қарашада Түркі мемлекеттерінің ұйымына мүше елдердің мемлекет басшыларының саммиті өтеді. Бұл Ұйым ретінде оған мүше елдердің бірінші саммиті. Іс-шараны Өзбекстан президенті ұйымдастырып, оның жұмысына Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия делегациялары қатысады.
2019 жылғы 15 қазанда Әзірбайжан астанасында Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің 7-ші саммиті өтті. Сол шарада Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбан өз халқының түркі тамыры туралы айтып, көптеген венгрлерде қыпшақ қаны ағып жатқанын, ал Венгрияда жыл сайын қыпшақтар съезі өтетінін атап өтті. Ол: «Венгрлер - қыпшақ түркілер, ал Венгрия - христиан түркілердің жері», - деп мәлімдеді. Осы сөздермен премьер-министр Виктор Орбан өз елінің түркі елдерімен белсенді ынтымақтастығын бастады және Түркі кеңесіне (қазір Түркі мемлекеттерінің ұымы) бақылаушы ретінде кірді.
Венгрлердің түркілермен байланысы соңғы уақытқа дейін онша танымал болған жоқ, керісінше олардың фин-угор халықтарымен туыстық қатынас туралы жиі айтылатын. Ескі континенттің орталығында, Европаның бел ортасында орналасқан Венгрия европалық мәдениет пен дәстүрге ие, бірақ сонымен бірге оның ежелгі тарихы Шығыс, дәлірек айтқанда түркі әлемімен біте қайнасып жатыр.
Венгр ұлтының этногенезі туралы қызу пікірталастар XIX ғасырдың ортасынан бері жалғасып келеді. Венгрлердің пайда болуы туралы сұрақ бойынша екі лагерь құрылды: фин-угор және түркі теориясының жақтаушылары.
Бірінші топтың жақтаушылары венгрлерді фин-угор тілдер отбасының өкілдері деп санайды. Олардың пікірінше, венгр тілі мансы және ханты тілдерімен бірге угор тобын құрайды. Еуропада Венгр тіліне жақын тілдер фин және эстон тілдері саналады.
Екінші топ венгрлерді түркі әлемінің бір бөлігі санайды. Қазіргі заманғы археологтар мен антропологтар венгрлердің антропологиялық сипаты мен мәдениеті скифтік ықпалы бар Орталық Азия түркі халықтарына көбірек ұқсайды деген пікірде. Венгрия Парламентінің депутаты Иштван Савай фин-угор теориясын Австрия ғалымдары венгриялық сәйкестікті басу үшін ойлап тапты деп санайды. «Біз фин-угор туыстығына қарсы емеспіз, бірақ біз фин-угор туыстығы туралы қалыптасқан пікірді ауыстырып, ата – бабаларымыздың ғұндық шығу тегі, Тұран халықтарынан шығу туралы теорияны дәлелдегіміз келеді», - деді ол.
Венгрлердің фин-угор теориясы Венгриядағы коммунистік режим кезінде де белсенді түрде енгізілді. Коммунистік биліктің құлдырауымен елде Азияның тереңінен Еуропаға келген он көшпелі тайпаның орналасуы туралы ұлттық-тарихи көзқарас барған сайын беки түсуде. Ғұндардың жетекшісі Атилла, көшпенділердің көсемі Арпад хан Венгрия тарихының қасиетті кейіпкерлеріне айналды.
Сөз орайы келгендіктен айта кетейін, осы ғылыми тартыс өнеркәсіпте де өз ізін қалдырғаны айтарлықтай факт болып табылады. 1942-1944 жылдары Венгрияда орта салмақты танк шығарылған. Венгрлердің шыққан отанының құрметіне танкті «Тұран» деп атаған.
Өз кезегінде венгр антропологы Андраш Жолт Биро өз халқының ата-бабасы шыққан жер Қазақстан деп санайды. Онда, Торғай облысында қазір мадияр деген ру тұрады. Қазақ антропологы Оразақа Смағұловпен бірге Биро экспедиция ұйымдастырды. Олардың зерттеулері венгрлер мен қазақ маджар тұқымдасының генетикалық ұқсастығын дәлелдеді және нәтижелер American Journal of Physical Anthropology беделді басылымында жарияланды.
Алғаш рет ғалымдардың назарын атақты шығыстанушы Армин Вамбери аударды. Ол салған сүрлеумен Тибор Тот, Иштван Конур Мандоки жүрді. Айта кетейік, қазіргі түркі және венгр тілдерінде Венгрия атауы бірдей Маджар елі, Мадьяр елі деп айтылады. Екі халықтың жақындығы туралы көптеген фактілер айтылады, венгрлер мен қазақтарды руникалық жазу, киіз үй, Тәңіршілдік е уразиялық дала түріктерінің ежелгі діні біріктірген.
Түркі тілдері сияқты венгр тілі де агглютинативті тіл болып табылады, онда жұрнақтар мен префикстер қолданылады. Мысалы, венгр тілінен аударғанда «аням» «менің анам» дегенді білдіреді.
Ғалымдардың пікірінше, IX ғасырда біртұтас мадьяр халқы екі топқа бөлінді – біреуі Еуразия даласында өмір сүрді, ал екіншісі Батысқа, қазіргі Венгрия жерлеріне қоныс аударды.
Бұл мәселені саяси тұрғыдан шешілуіне венгрлердің түркі болмысының белсенді идеологтары - биліктегі «Венгрия азаматтық одағы» партиясы (Фидес) және «йоббик» деген атпен танымал «Үздік Венгрия үшін» ұлтшыл партиясы.
Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбан өз елінің Түркі мемлекеттерінің ұйымына ұмтылатынын жасырмайды, бірақ әзірге Венгрия тек бақылаушы ел мәртебесіне ие. Будапешт Ұйымның дамуына үлес қосқысы және оны Еуропамен жақындастырғысы келеді.
Венгрия саяси элитасының Шығысқа бет бұруы - Шығыс пен Батыс арасындағы көпір болуға деген ұмтылыс емес. Алайда, Шығыспен, атап айтқанда түркі әлемімен жақындасуының басты мотиві тек саяси және экономикалық себептер ғана емес, сонымен бірге жалпы тарих, дәстүрлер мен шығу тегі болып табылады. Қазіргі билік Венгрияның өзінің шыққан тегін танып біліп, қауышуын қолдайды және Виктор Орбан сөзімен айтқанда «Ұлтымен мақтанатын адамдар ғана мықты бола алады» деп санайды.