Самарқаннан Теміртауға дейін

30 Қараша 2018, 13:41 10172

Самарқанның Теміртау аталуы және «Теміртау түні» әнінің тарихы

 

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбек жолы Теміртау қаласында басталғанын бәріміз білеміз. Қазақстан Магниткасының жүрегі – Қарағанды металлургия зауыты 1960 жылы 3 шілдеде іске қосылған болатын. Бұл күн ресми түрде Қазақстан Магниткасының туған күні болып есептеледі. Әйгілі зауыт Теміртау қаласында орналасқан.  Дәл, осы жерде біз осы мақаладағы тарихи шегіністеріміздің біріншісін жасамақпыз. Теміртау атауы қашан және қалай пайда болды?

1945 жыл. Бұл жыл тарих парағында Жеңіс әкелген жыл болып қалары анық. Дегенмен ел өмірін жаңа арнаға бұратын қадамдар жасалған жыл еді. Соғыстан кейінгі осы ауыртпашылығы мол жылдарда Қазақстан Үкіметін Нұртас Оңдасынов басқарған болатын. Дәп осы жылдары Самарқан қаласын алдағы уақытта металлургтер қаласына айналдыру жобасы қарастырыла бастаған еді. Осы жылы Мәскеуге барған сапарларының бірінде Нұртас Оңдасынов  сол кездегі КСРО Ауыр өнеркәсіп министрі лауазымында болған Тевосянның қабылдауына кіріп, алға қойылған міндеттер мен жоспарлар жайында сөз қозғаған екен. Нұртас Оңдасыновты байыппен тыңдаған Тевосян «Сіз бұл қаланы Самарқан қаласы деп отырсыз. Бірақ, дәп осындай атауы бар қала Өзбекстанда бар емес пе?». Күтпеген жерден қойылған бұл сауалға Оңдасынов аяқ асты не дерін білмей қалады. Бірақ, бұл ыңғайсыз сәттен оны  Тевосянның өзі алып шығады. «Қазақ халқы металды өз тілінде қалай атайды?». «Біз металды Темір деп атаймыз» деп жауап береді Нұртас Оңдасынов. «Олай болса бұл қаланы неге Темір деп атамасқа?» деп сұраулы жүзбен қарайды Тевосян. «Біз болашақта темір кенін таудай көлемде өндіретін боламыз. Сіз ұсынған темірге біздің тау сөзімізді қосып, Теміртау деп атасақ та болады екен». Содан не керек, екеуі осы шешімге тоқтаған екен. Келесі бір отырыстардың бірінде Қазақстан Орталық Комитеті мен Жоғарғы Совет Президиумы металлургтер қаласын "Теміртау" деп ресми түрде бекіткен екен.

Ал, «Самарқан атауы қайдан келді?» десек оның мәнісі былай. Арқада арқырап ағып жататын Нұра өзені бар. Осы Нұра өзенін арнамен бұрып, үлкен су қоймасын жасаған. Қазір сол қойма үлкен көлге айналған. Жұрт бұл көлді Самарқан көлі деп атайды. Нұраның арнасын бұру, су қоймасын жасау жобасының авторы Қазақстан Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаев.

Бұл біздің тарихи шегінісіміздің алғашқысы еді. Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  жасынан палуан болғанын, ән мен жырдың ортасында жүретін, жігітке тән жеті өнерді де бойына жия білген сері жігіт болғанын көбіміз білеміз. Ол кісінің сүйіп айтатын, сүйіп тыңдайтын әндері қаншама. Ол әндердің көбін жас кезінде достарымен отырғанда, бас қосуларда шырқайды екен. Бірақ, біздің бүгінгі әніміздің тарихы бөлек. Бұл ән бертінде шығарылған ән. Дегенмен, әннің Теміртауға және сол қалада еңбек жолын бастаған Нұрсұлтан Әбішұлына қатысы бар екендігін айту үшін біз екінші мәрте тарихи шегініс жасауға мәжбүрміз.

Атақты композитор Ілия Жақанов 2001 жылы Теміртауда өзінің аяулы достарының бірі Тілеукен Смағұлов ағамыздың шаңырағында  қонақта болады.  Ет желініп, дастарқан басындағылар сыртқа шыққан үзіліс кезінде Тілеукен ағамыз сондай жерде тұрған ескі үйді көрсетіп:

- Мына үйге осы жақында ғана көшіп келдік. Ескі үйімізде балалар қалды. Әне, анау екі қатарлы үйді көріп тұрсыз ба? Балалар сол жерде тұрады. Дәп сол үйде осында қызмет істеп жүрген шағында Нұрсұлтан Әбішұлы тұрған болатын.  Сол үйдің ауласында жас кезімізде жиі бас қосатынбыз. Қайран жастық шақ! Жұмысымыз ауыр болса да кешкілік күнде думан, күнде той еді ғой. Теміртауға келген сайын Елбасымыз бұл үйге соқпай кетпейді, - дейді. 

Бұл әңгіме ертеңіне Самарқан көлінің жағасында жалғасты. Тілеукен ағамыз Ілия досымен сырласа отырып тағы бір әңгіменің тиегін ағытады.

- Сол  кездегі қайнаған өмірді сағынамын деп кім ойлаған? Зауыт та қайнап тұр, біздің бойымыздағы қайрат та бұлқынып тұрған еді-ау... Қолымыз  қалт еткенде, демалыс күндері осы көлдің жағасына келеміз. Ән мен жырға жаны құмар жандар қашанда мұндай отырыстардың гүлі болады емес пе? Бұл тұрғыда Нұрсұлтанның алдына түсетін ешкім болмайтын. «Мынабір әнді шешем айтып отырушы еді» деп әңгіме бастап, артын әнмен аяқтап отыратын. Сондағы жиі айтатын әндерінің бірі «Құралай» әні болатын. Әндері де біздің құлағымызға жат болғанымен жұмсақ, құлаққа майдай жағатын әндер еді. «Угәй-әй, угәй, угәй-әй» деп әндеткен кезінде жүзі алабұртып, көз жанары жарқылдап кетуші еді. Кейін байыптап қарасақ бұл әндердің барлығы Жетісу мектебінің әндері екен ғой. Нұрсұлтан біздің арқаның әндерін де өз нақышына келтіріп орындайтын. «Апырым-ай, басына бөрік, иығына шапан жаба салсаң мынау жігіт баяғының сал-серісінің өзі болып шыға келеді ғой» деп көбіміз ойлайтынбыз. Осындай отырыстарымыз жиі болатын. Нұрсұлтанның қасыннан ажырамай Сара да жүруші еді. Екеуі сондай жарасымды жұп болатын. Ән айтып отырып бір-біріне қарағаны, жымиыстары барлығы қазіргідей көз алдымда. Нұрсұлтан өзі ән айтып қана қоймай, басқа жігіттер өзі естімеген әндерді орындаса ұйып тыңдап, кейін үйреніп алып, келесі отырыстарда орындап беретін еді. Ол дәуірдің киносының өзі тәрбие құралы еді ғой. Нұрсұлтан "Весна на заречной улице" деп аталатын фильмдегі:

Когда придет весна, не знаю,

Пройдут дожди, сойдут снега.

Но, ты мне, улица родная,

И в непогоду дорога дейтін әнді жиі айтатын. Самарқан көлінің жағасының саф ауасын қимай, ертең жұмыс екенін еске алып, кете алмай тұрған шақтарымызда:

Не слышны в саду даже шорохи,

Все здесь замерло до утра.

Не забудь и ты эти летние,

Темиртауские вечера, - деп ән бастаушы еді. Түрлі қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысып жүретін. «Кіп-кішкентай Теміртауға қалай сыйып жүр?» деген сұрақ менің көкейімде кей кездері оянып қалатын. Енді міне, сол Нұрсұлтан егемен еліміздің, Тәуелсіз Қазақстанымыздың Тұңғыш Президенті болып отыр. «Қыран қияға ұшады» деген осы екен-ау...

Екі күннен соң Ілия ағамыз пойызға отырып, Алматыға қайтады. Пойыздың бір сыдырғы жүрісі мен Тілеукен досының әңгімесі композитордың көкейінен кетпей қояды. Ілия ағамыз пойыздан түскенде әлдебір әсем әуен онымен қоса түскен еді...

Аулада екі мыңыншы жылдар. Бірақ, ағамыздың кеудесінен елуінші-алпысыншы жылдардың әні төгіліп түскен екен. Енді бұл әнге сөз жазу керек. Ағамыздың көңілі Қасымхан Бегмановқа түседі. Араға үш күн салып ақын мен композитор ән сөзінің қандай болатындығы және нені суреттеу керектігін ақылдасады.

Әннің бірінші шумағында міндетті түрде Теміртаудың түні суреттелуі керек. Екінші шумағында жігіттің қызға айта алмай жүрген сөзі, көзбен ғана айтып жүрген сезімі болғаны дұрыс. Үшінші шумақта Сарыарқаның самалы, іңкәрлік болғаны жөн. Төртінші шумақта қайтадан Теміртауға қайтып келеміз. Самарқан көлінің жағасы...Жүрекке маза бермейтін махаббат оты болғаны дұрыс.

Бұл Ілия ағамыздың ақынға қойған шарты. Қасымханды таңдауының себебі де осы болатын. Қасымхан Бегманов композитордың жан-дүниесіне сүңги алатын санаулы ақындардың бірі. Әңгіме аяқталғаннан соң, шамамен бір сағат ішінде әннің алғашқы екі шумағы дүниеге келеді.

Қамиев Қасиеттің орындауындағы "Теміртау түні" әні

 

Ақын ұсынған сөздерді оқып шыққан композитор «Тамаша» деген баға береді. Ілиядай адамнан бір мезетте шығарған жолдары үшін осындай мақтау сөз естіген Қасымхан келесі шумақты сүйкей жөнеледі. Бұл жолы композитор тамашасына «Какая красота? Енді, әннің соңын шегеле» деген сөзді де қосқан екен...

Араға екі күн салып, Ілия ағамыз алып ұшқан көңілмен Теміртаудағы Тілеукен досына хабарласады. «Осылай да осылай. Сенің айтқан әңгімеңнен қатты әсерлендім. Жаңа ән туды. Тіпті, Қасымханға сөзін жазғызып та алдым» деп досына әнді айтып береді. Теміртау қалалық газетінің бас редакторы Аманжол Ақынға «Теміртау түні» әнінің сөзі мен нотасы жіберіліп, ән газетке басылып шығады. Әннің сәтті шыққаны сонша сол жылы қызметтік сапармен Теміртауға барған Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаев ағамыз да жылы лебізін білдірген екен. Осылайша бұл әннің нотасы мен сөзі 2001 жылдың 11 қарашасындағы «Жас алаш» газетінің кезекті санында жарияланады. Ән әсерімен желпінген теміртаулықтар Ілия ағамыздың «Теміртау түні» деп аталатын жеке кешін де ұйымдастырып берген екен. Концерт барысында әннің тарихы баяндалады. Ал, «осынау әннің алғашқы орындаушысы кім?» деген сұрақтың тууы да заңды ғой. Бұл әнді елге бір адам емес, Жанна Хасенова, Табысбек Шәкей, Айдар Серікұлы, Төлжұма Арыстанбаевтардан құралған теміртаулық квартет жеткізген болатын.

Ән шықты. Халық жылы қабылдады. Ал, бұл әнді Президентіміз қай жылы естіді екен және қалай қабылдады? Бұл біздің тарих қойнауына жасаған үшінші шегінісімізде айтылсын.

 

Фото авторы - Арман Мухатов

Атырауда Төкен Жұмағұлов есімді арда азамат бар. Жаны қазақы кәсіпкер. Ілия ағамызбен жиі кездесіп, сырласып тұратын болса керек. Сол кісі 2003 жылы Президенттің өзі бастаған бизнесмендер делегациясымен Швейцарияға барған екен. Сапарының алдында Ілия ағамызға өтініп жүріп, «Теміртау үні» әнін таспаға түсіртіп алған екен. Өтініп деуіміздің де негізі жоқ емес. Ол кезде бұл ән әлі таспаға жазылмаған екен. Қысқа уақыт ішінде досының көңілін қимаған ағамыз Атыраудағы осы әнді нақышына келтіріп орындайды-ау деген әншіге әнді орындатып, таспаға жазып береді. Өз кезегінде Төкен Жұмағұлов ел басшысына «Нұрсұлтан Әбішұлы, мына сыйлығымды қабыл алыңыз. Бұл сыйдың ішінде композитор Ілия Жақановтың сізге сәлем хаты, өзіңіз сүйіп тыңдайтын «Еділ мен Жайық» әнінің тарихы жазылған кітапша және өзіңізге арналған «Теміртау түні» атты жаңа әні бар» деп табыс етіпті.

Дәп осы 2003 жылы, желтоқсан айында Нұрсұлтан Әбішұлы іссапармен Атырау қаласына келеді. Ал, бұл күндері композитор ағамыз басқа қалада сапарлап жүрген кезі болса керек. Бірақ, ағамыз үшін жағымды жаңалық «Теміртау түні» әнінің президентіміздің алдында алғаш орындалуы және әнді Нұрсұлтан Әбішұлының қосыла орындауы еді. Резиденцияда біраз әнші өнер көрсетеді. Гүлнар Тұралиева гитараның сүйемелдеуімен «Теміртау түні» әнін бастай берген кезінде Елбасы орнынан атып тұрып, «Қалқам, қолыңда бұл әннің сөзі барма?» деп сұрайды. Блокнотындағы ән сөзін оқи отырып, ол кісі әнді Гүлнармен қосыла шырқаған екен. Ән соңында «Рахмет, қалқам! Бұл әнді үнемі шырқап жүр. Бұл ән біздің жастық шағымыз ғой» деген екен...

2004 жылы, желтоқсан айының бірінші жұлдызында Астанада «Конгресс-Холлда» Ілия Жақанов ағамыздың «Еділ мен Жайық» атты шығармашылық кеші өтеді. Концертте «Теміртау түні» әні көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, зал толы көрермен біршама уақытқа дейін қол шапалақтап тұрып алады...

Араға шамалы күн салып, он алтыншы желтоқсан күні қазақтың бір топ зиялылары «Парасат» орденімен наградталады. Сол жолы Елбасымыз ағамызға дүйім жұрттың көзінше орденмен қоса бір конверт береді. Конвертте Нұрсұлтан Әбішұлының өз қолымен жазылған хаты бар екен...

Мінекей, «Алматы кешінде», «Жайлаукөл кештері» сынды тамаша әндердің қатарына «Теміртау түнінің» қосылу тарихы қысқаша осындай.

 

Сурет https://www.google.com/imghp?hl=ru сайтынан алынды

 

 

 

Бөлісу: