Салтанат Нүкенованың туыстары қылмысқа қатысты жаңа деректер айтты

6 Желтоқсан 2023, 10:10 2277

Астанадағы мейрамханалардың бірінде Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенованың туысқандары «Көреміз» бағдарламасына сұхбат берді,  деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бишімбаев пен Нүкенова екеуі 2022 жылдың 18 қарашасында шаңырақ көтерген. Алғашында бәрі жақсы болғанмен, уақыт өте келе Салтанат құрбыларына отбасындағы зорлық-зомбылық туралы шағымдана бастапты. Марқұм күйеуінің ұратынын құрбыларынан бөлек анасына да айтыпты. Шешесі қызының қиналғанын көріп, Павлодарға қайтуын сұрапты.

Жаз мезгілінде Салтанат үйіне барғанда ата-анасына қарым-қатынастары қиындап кеткенін, күйеуінің мінезі ауыр екенін айтыпты. Әке-шешесі үйге қайт деген. Бірақ көп уақыт өтпей, Бишімбаев Салтанатты райынан қайтарып алған, – дейді кіндік шешесі Мәрзия Оспанова.

Жантүршігерлік оқиғадан үш күн бұрын Салтанаттың әке-шешесі Павлодардан Астанаға келіп, жақсы көңіл күйде кездесіп, тарқасқан. Ағасы Қайрат Нүкеновтың айтуынша, Бишімбаев пен оның туысы Салтанаттың денесін мейрамханадан жасырын алып шығып, жасырмақшы болған.

Олар қарындасымның телефонын іздеп, көліктен тауып алады. Сөйтіп, Бишімбаев бауырына қарындасымның телефонын алдымен фитнес-клубқа, әрі қарай үйіне апаруға тапсырма береді. Біз геолокация тексерген кезде телефонды Бишімбаевтың үйінен таптық. Сосын бауырына түнде екі көрпе қажеттігін айтып, бейнекамераларды өшіртеді. Сол күні қандай да бір қызды шақыртады. Ол келіп кеткен соң, көлікті жертөлеге алып кел деп тапсырады, жалпы айтқанда олар қарындасымның денесін жасыруға тырысқан сияқты, – дейді Қайрат Нүкенов.

Еске салайық, бұрынғы Экономика министрі Қуандық Бишімбаев мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен қамауға алынды. 

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: