Бүгін Астана қаласындағы «Нұрлы жол» теміржол вокзалында «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының сапарға шығу салтанаты өтті. Еліміздің шалғай елді мекендерін аралап, тегін медициналық қызмет көрсететін бұл жоба алдағы алты ай ішінде 20 мың шақырымнан астам жолды қамтиды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Пойыз 123 ауыл мен стансада аялдап, білікті мамандар тұрғындарға диагностика жасап, алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов бұл жобаның ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартудағы рөлін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, 90 мыңнан астам қазақстандық осы қызметті тегін пайдалана алады.
Жылжымалы медициналық бригаданың құрамында 36 маман бар. Олардың қатарында терапевтер, хирургтер, педиатрлар, невропатологтар, рентгенологтар, кардиологтар, стоматологтар, офтальмологтар, оториноларингологтар, онколог-маммологтар, гинекологтар және урологтар бар. Сонымен қатар медиаторлар мен заңгерлер де көмек көрсетеді.
Пойыз толыққанды зертханалық және диагностикалық құрылғылармен жабдықталған. Атап айтқанда, ЭКГ, УДЗ, флюорограф, гастрофиброскоп сынды аппараттар орнатылған. Дәрігерлер тексеру нәтижесіне қарай шағын хирургиялық операциялар жасауға да дайын.
Жоба іске қосылған 15 жыл ішінде 800 мыңнан астам адам медициналық көмек алған. Олардың әрбір бесіншісі – бала. Осы уақыт аралығында шамамен 37 мың хирургиялық операция жасалған. 2023 жылы пойыз дәрігерлері 104 250 пациентті қабылдаған.
Жоба ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен жүзеге асырылуда.
Медициналық пойыздың нақты маршруттық кестесі www.medpoezd.kz сайтында жарияланған.