Сайрам сапары

10 Қазан 2017, 10:49 20872

Сайрамда бар сансыз баб

Жолымыз түсіп, сансыз баптар мекені Сайрамға сапар шектік. Шымкент қаласынан 12 шақырым жерде орын тепкен көне қаланың тарихы тым тереңде жатыр. Оңтүстіктегі орта ғасырдағы ірі қалалардың бірі – Сайрам жайлы алғашқы дерек Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» атты еңбегінде кездеседі. Онда: «Сайрам – Исфиджаб деп аталатын ақ қаланың аты» делінген. Демек, Сайрам – Исфиджабтың кейінгі аты. Ал ақ қала деуінің мәні мұнда сол замандарда кілең тақуа, діндар, ізгі ниетті әулие-әмбиелер, бабтар мен шейхтар өмір сүргендігінде болуы бек мүмкін.

П.Иванов, М.Массон, Н.Бернштам сияқты ғалымдардың жүргізген зерттеулеріне сүйенсек, Сайрам Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ірі сауда, қолөнер және діни орталық болған. Еліміздің оңтүстік өңірінде бірінші рет Сайрам өңірі ислам дінін қабылдаған.

«Сайрамда бар сансыз баб» деп тектен тек айтылмаса керек. Бұл жерде орта ғасырлық сәулет ескерткіштері көптеп салынған. Көптігі соншалық, жергілікті тұрғындардың өзі олардың санынан жаңылатын көрінеді. Бір көнекөздер соншама көп кесененің санын шамалап 80-ге жуық десе, енді бірі 100-ден асады деп болжайды. Солардың бірі де бірегейі – Ибраһим ата кесенесі.

Ибраһим ата кесенесі

Екінші Мекке саналатын Түркістандағы түмен баб пен Отырардағы отыз бабқа зиярат ететіндер әуелі Сайрамда өмір сүрген Ибраһим ата мен оның жары Қарашаш ананың мазарын айналып өтпеуі тиіс.  Біздің сапарымыз да атақты Қожа Ахмет Яссауидің әкесі Ибраһим атаның кесенесінен басталды. Кесене Сайрамның орталығынан екі шақырым жерде биік төбеде орналасқан.

Кесене шырақшысы Қадырхан Артходжаевпен әуелі бабамыздың басына құран бағыштадық. Алты жылдан бері осы жерде шырақшы болып істейтін Қадырхан Убайдуллаұлының айтуынша, Ысқақ бабтың 13-ші ұрпағы саналатын Ибраһим ата – атақты сопы Қожа Ахмет Яссауидің әкесі, діни көсемі әрі осы өңірлерге танымал уағызшы болған. XI ғасырда Сайрам ислам дінін таратудың негізгі ошағы болса, мұнда көптеген діндарлар мен ғалымдар тұрған. Халық арасында Ибраһим атаның әулиелігі мен уағызшылық қабілеті жайлы аңыздармен қатар диханшылығы туралы да әфсаналар тараған. Ерте көктемде егін салар уақытта дихандар атаны жерінің басына апарып, дән салып беруін өтінетін болған. Себебі оның қолы тиген топырақ өнімді жеміс беретін болыпты. Ол мұқтаж адамдарға қол ұшын беріп, өмірін тақуалықпен өткізген. Алғашында кесене XVIІ – XVIIІ ғасырларда салынған, бірақ ол құлап қалғаннан кейін XIX ғасырда қайта салынды. 50-жылдары қатты жер сілкінісі кезінде кесене күмбезі құлағаннан кейін басқа қалыпта қайта жасалды. Соңғы рет бұл кесенеге жөндеу жұмыстары төрт жыл бұрын жүргізілді, – дейді шырақшы.

Кесене бір камералы, шаршы түріндегі құрылыс.  Алаңы 7,2 х 7,2 м, ал ұзындығы – 8,25 м. Ғимарат бір орын-жайы бар екі деңгейлі болып келеді. Оңтүстік жағында кіреберіс, батыс жағында ағаш жақтаулы терезе орналасқан. Ішкі қабырғалары әрленген, еден кірпішпен қапталып үстінен цемент араластырылған балшықпен сыланған.

Ибраһим атаның кесенесіне зиярат ету үшін ат  басын бұратындар аз емес. Аудан, қала басшыларын былай қойғанда, облысымыздың экс-әкімдері Бейбіт Атамқұлов екі күнде осы жерге су шығартып, Асқар Мырзахметов екі ай сайын бас сұғып тұрғанын шырақшының өз аузынан естідік. Қадырхан ақсақал кезінде Б.Атамқұлов едел-жедел су шығартып бергенімен, күніне таңертеңгілік уақытта бір-ақ сағат берілетінін айтады. «Сол бір сағатта барлық бөшкелерді толтырып қоямын. Кейде зияратшылар көбейіп кеткенде су таппай қиналып қаламыз. Егер демеушілер табылып жатса, осы су мәселесін түбегейлі шешіп берсе дұрыс болар еді», – дейді ол.

Махмутхан-шейх баба кесенесі

Ибраһим ата кесенесінен сәл беріде Махмутхан-шейх бабаның мазары орын тепкен. Құрылысы Х-ХІ ғасырларға жатады. Кесене шырақшысы Ұлықбек Анарқұл келушілердің дені зияратын бірінші Ибраһим атадан бастайтынын, ал негізі оның әкесі Махмутхан баба басына келіп тәу ету керектігін айтады. «Бұл бабаның аты көп айтыла бермеуінің сыры оның насихаты аздығында. Өткенде Түркиядан бір профессор келіпті. Ол Қожа Ахмет Яссауи туралы кітап жазып жатыр екен. «Мен Яссауидің жерленген жерін білемін, бірақ кіндік қаны тамған жерді білмейтін едім», – деп көзіне жас алды. Аяқ астынан көшенің адамдарынан естіп, осында келген беті екен. Швейцария, Италия сияқты алыс шетелден, әсіресе Түркия, көрші Ресей, Өзбекстаннан туристер көп келеді», – дейді шырақшы.

Оның айтуынша, Махмутхан-шейх баба – Ибраһимнің әкесі, Қожа Ахмет Яссауидің бабасы. Түлкібастағы Ибітхан атаның баласы. «Түрік халқының басына барып жатамын» дегендіктен Түркібас делінген, алайда ол жерді жергілікті халық Түлкібас деп атап кеткен. Ислам діні үшін соғыста шейіт болған. Махмутхан баба осы жерде кішігірім медресе салдырып, балаларды дін сабақтарына оқытқан. Дін ілімдерін таратушы ретінде аты шыққан баба басына мешіт имамдары, молдалар, дін жолына біржола бет бұрғандар жиі барады. Діндар боламын, намазға жығыламын деп ниет еткендер де зиярат жасайды. Жалпы, күллі игілерге бата беруші әулие баба.

Кесене құрылысының бұрынғы ғасырларда неше рет өзгергенін ешкім дөп басып айта алмайды. Жер қимылдағанда немесе басқа да ірі табиғи апаттардан қалай аман жеткені де бізге беймәлім. Жергілікті халық бұл кісінің әулие екенін біліп, құлап қалған уақытында қайтадан тұрғызып отырған.  2007 жылы көптеген белді қызметтер атқарған Майра Сағымбекова

деген апамыз осы кесенені өз қаржысына тұрғызып, зияратшыларға кішігірім қонақүй, қазан-ошақ берді. Жеке меншіктен сатып алып мемлекетке өткізді. Кесененің шатыры жоқ, яғни бабамыз ашық аспан астында жатыр. «Өлі адамның басына да күн, жаңбыр тиюі керек» деген мақсатта солай салынған, – дейді Ұлықбек Дулатұлы.

Ұлықбек шырақшы бізді Махмутхан-шейх баба мазаратының жоғарғы жағындағы Қожа Ахмет Яссауидің кіндік қаны тамған жерге апарды. Көне аңыз бойынша, Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) Қожа Ахмет туылмас бұрын дүниеге діндар, әулие адамның келетінін айтқан. «Сол пендеге осы аманатты жеткізу керек, Алладан хабар келді. Кім жеткізеді?», – дегенде, бабтардың бабы Арыстанбаб: «Алла маған өмір берсе жеткізер едім», – деген.  Сөйтіп ол Исфиджабқа келген.

Біз кетерде шырақшыдан «Бұл кесенеге не жетіспейді?» деп сұрадық. Егер демеушілер табылып жатса, Әзірет сұлтанның  кіндік қаны тамған мына жерді тегістеп, күмбез тәрізді ғимарат салынса, жақсы болар еді, келушілер отырып құран бағыштар еді, – деді ол.  

Қарашаш ана кесенесі

Қарашаш ана кесенесі Сайрамның орталығында орын тепкен. Кесене шырақшысы Әуесхан Қадыров бес жылдан бері осында келушілерді қарсы алып, құран оқып, кесене тарихын баяндап келеді екен. Бізге де Қарашаш ана өмірінен аз-кем  сыр шертті.

Яссауидің анасы Қарашаш ананың шын есімі – Айша бибі. Ол Сайрамдағы текті адам, танымал Мұса шейхтың қызы болған. ХI ғасырда бұл өңірде ғылым, мәдениет және өнер қарқынды дамыды. Қарашаш өз уақытының ең білімді, сауатты әйелдерінің бірі болды. Ислам әлемінде қасиетті Құран кәрімді араб тілінен түркі тіліне алғаш болып аударған әйелдердің бірі. Бойы аласа болғанымен, қап-қара толқынды шашы болғаны үшін халық оны Қарашаш атап кетіпті. Байлығына қарамастан оны мақтан тұтпайтын және менменшіл болған емес. Ол барлық науқастар мен мұқтаж адамдарға қол ұшын беруге тырысты. Алла тағала берген ізгі қасиеттерінің бірі – перзент сүйе алмай жүрген әйелдерді уқалау жолымен емдеп, бала көтеруіне себепші болған деседі. Аңыз бойынша Қарашаш сырқатты емдегенімен бірге түс жори алатын. Осының арқасында ол өңірдегі тұрғындар арасында кең танымалдыққа ие болды. Қарашаш бала тәрбиесіне көп көңіл бөлді, адамдар санасында ол аналықтың биік символына айналды, – деді шырақшы.

Оның айтуынша, бұл кісінің әкесі Мұса шейх Ибраһим атаның ұстазы болған. Ибраһим ұстазының қызына үйленіп, одан үш перзент сүйген дейді. Біріншісі Гаухар деген қызы туралы ешқандай мәлімет жоқ. Екінші баласы Садыр қожа деген атамыз Қытайдың территориясында дін жолында шейіт болған дейді. Үшінші баласы Ахмет Яссауи бабамызды Алла тағала ерекше қасиетті бала қылып жаратқан екен. Ол екі жасында Құранды оқи алған, жеті жасында медресені бітіріп, әулиелік дәрежесіне жеткен дейді. Осының бәрін байыптаған әкесі Ибраһим оны бір түйеге отырғызып: «Осы түйе қай жерге барып шөксе, сол жерді мекен ет!» деп шығарып салады. Сонда түйе барып Яссыға (қазіргі Түркістан) шөккен дейді.

Ал Ахмет Яссауи бабамыз Сайрамнан шығып кеткеннен бір айдан кейін Ибраһим атамыз, одан бір жарым апта өткенде шешесі Қарашаш ана дүние салады. Осы орайда «Ерлі-зайыпты екеуі бір уақытта дүние салған болса, неге екеуі екі бөлек жерленген?» деген сұрақтың туындайтыны заңды. «Біздің мұсылманшылықта әкесі қай жерге жерленсе, баласы да сол жерге жерленсін» деген қағида бар. Ибраһим ата өзінің әкесі Махмутхан атаның қасына, Қарашаш ана өзінің әкесі жатқан төңірекке әкеліп жерленген», – дейді Әуесхан Қадыров.

Қарашаш ананың қазіргі кесенесі – түпнұсқа. ХІV ғасырда Әмір Темірдің бұйрығымен тек кірпіш және балшықпен көтерілген. Ешқандай іргетасы жоқ. Бірде-бір шеге, темір қолданылмаған. Осы ғимарат жеті ғасырдан бері анамыздың басына пана болып келеді. Арасында кішігірім жөндеулер жүргізіліп тұрған.

Қожа Ахмет Ясауидің ата-анасы – Ибраһим ата мен Қарашаш ананың кесенесінде Киелі Құранның «Бақара» сүресінің 255-аяты тасқа қашап жазылған. Бұл аятта «Алланың құзырында Өзінің рұқсатынсыз шапағат жасайтын кім болмақ. Алла олардың алдыңғысын да (дүниедегі), кейінгісін де (қияметте не боларын) біледі. Ал олар Алланың білдіргенінен басқа ештеңені де сезбейді» деген сөздер жазылған. Кесенелер алдында арнайы тасқа қашалып жазылған аяттың мағынасы – «қажетіңді адамнан, әруақтан емес, Алладан сұра» дегенді меңзеп тұрғандай.

Кесене басында құдық бар екен. Зияратшылар киелі орынның құдығының суынан қалағанынша ниет етіп алып кетіп жатыр. Шырақшы: «Судан ешқандай қиындық жоқ. Тек қыс кезінде шырақшы отыратын бөлмедегі пештің жылуы қиын. Газ кіргізуге әрекет жасап едік, «құжаты жоқ» деп кіргізбей қойды», – дейді.

Қарашаш ана кесенесіне жапсарлас інілері Бабай ата мен Тағай атаның мазарлары ашық аспан астына қойылыпты. Бұл мазарларды көре отырып, жоғарыда айтылған «әкесі қайда жерленсе, баласы да сонда жерленсін» деген шариғи қағиданың растығына тағы да бір көзіміз жетті.

Қожасалық кесенесі

Қожасалық кесенесінің кіреберіс маңдайшасында: «Мен ел қыдырып жүретін құдыретпін. Ал жерде іздейтін адамдарды мен тек осында қабылдаймын. Қыдыр ата» деген жазу жазылыпты. Қожасалық – Қыдыр атаның әкесі. Кесене шырақшысы Хабиба Исраилованың айтуынша, бұл кесене Сайрамда 18 ғасырда салынған ең бір әдемі құрылыстардың бірінен саналады. Сыртқы, ішкі өлшемдері шаршыға жуықтайды: 6,44х6,30 м, биіктігі 7,15 м, күйдірілген кірпіштен қаланған. Ғимарат осы уақытқа дейін үш рет жөндеу жұмыстарын көріпті. Қазіргі үлгісін 2010 жылы экс-Сенат депутаты Өмірбек Байгелді салдырған екен. Одан бері небәрі жеті жыл өткенімен, кесененің сыртқы қабырғасына қар-жаңбырдан зақым келген. Сыртқы пішіні қайта күрделі жөндеуді қажет етеді.

Қыдыр атаның анасы Бибіғияс ананы да жұрт қадір тұтқан. Оның да мазары  осы Сайрамда орын тепкен.

Мәриям ана кесенесі

«Тарихта Мәриям Бинтиқызы деген адамның аты белгілі. Басқа ешқандай дерек жоқ. Мына кесене басқа Мәриямның құрметіне тұрғызылған. Көнекөз шалдардан естуім бойынша, Мәриям ана ХІІ ғасырда өмір сүрген.  Көшеде зікір салып, адамдарды емдеген. Адамның дініне, ұлтына, сенім-нанымдарына қарай бөлмейтін, бәріне бірдей көзқарастағы әулие ана деп бағаланады. Өте мейірімді, мейлінше жомарт, кеңпейіл, ашық жүректі болған әулие ана басына барлық ұлттың үлкен-кішісі тілегім қабыл болсын деп зиярат етеді», – дейді кесене шырақшысы Ырысәлі Махкәмбаев. Осы жерде 20 жылдан бері қарауылдық әрі шырақшылық ететін Ырысәлі қария бұл кесене мен мешітті 1996 жылы өз қаржысына тұрғызыпты. Құрылысты бастағанда соқыр тиынсыз бастаған ол «Құдайдың құдыретінде шек жоқ» дейді. Себебі жеке жер қожалығына еккен пиязы сол жылы жылдағыдан әлдеқайда мол өнім беріп, берекелі болыпты. Содан түскен қаржыға осы кесенені екі жылдың ішінде салып бітірген. Ғимарат құрылысының іргетасын қалап бастаған кезде шырақшының түсіне Мәриям ананың өзі кіріп,  ақ батасын беріпті.

Бір өкініштісі, кесене темірсандығына түскен аз-маз қаржыны ұры-қарылар бұзып алып кетеді екен.

Мірәлі баба

Мірәлі баба кесенесі (ХІ-ХІІ ғ.ғ.) порталды-күмбезді, күйдірілген кірпіштен қаланған ғимарат, биіктігі – 3 метр.  Портал кірпіштері өрнектеп қалау әдісімен белдеу түрінде әшекейленген.

Абдулхамит Махамбетисақов кесенеге 22 жылдан бері шырақшы болып келеді екен.  Бұл жерде әкесі мен баласының мүрдесі қатар қойылған. Әкесінің есімі Шах-мәлік. Баласы – Мірәлі. Бұлар Х ғасырда өмір сүрген. Сайрамда ел арасында ислам дінін уағыздаған, – дейді шырақшы.

Абдул-Әзіз баб кесенесі немесе Бәлегарден бейіті

Сайрамда сәулет өнерінің тағы бір таңғаларлық ескерткіші Әбдул-Әзіз-баб кесенесі орналасқан. Тарихи деректерге сәйкес, 766 жылы Ысқақ баб басқарған арабтардың жасағы өз еркімен қазақ даласына келеді. Осы жасақтың қолбасшысы исламды таратуда нағыз ерлік көрсеткен Әбдул-Әзіз баб болған. Оның білімдігі, қайраттылығы мен Ислам ісіне берілгендігі халық арасында аңыз болып тараған. Бір аяқта тұрып 39 күн ғибадат қылған. Сол үшін Алла  тағала оған бәле-жаладан қорғайтын қасиет беріпті. Осылайша бәлені болдырмайтын және жаладан ақтай алатын әулие жұртшылық арасында Бәлегарден деген лақапқа ие болған. Ол тарихта осы атымен қалған.

Кесене құрылысы ХIV ғасырға жатады. Шырақшысы Шынәлі Әбдуғаниев: «Өкінішке қарай, жылдар өте келе кесене оны безендірген оюлардың көпшілігін жоғалтқан, ал құрылыстың өзі жаңбыр, өрт пен соғыс әрекеттері салдарынан айтарлықтай зақымданған. Басында салынған мазар уақыттың сынағына төзбей, құлап опырылған, XIX ғасырда қайта қалпына келтірілген, ал кейбір жері қайтадан салынған», – дейді.

Оның айтуынша, осы ескерткіштің құрылысы барысында сол уақыттағы сәулет өнерінің озық әдістері пайдаланылған. Әсем оюлардың, қыш тақташалы қалаудың, ағаш өрнегінің және т.б.үлгілері сақталған. Олар халық қолданбалы өнерінің тамаша үлгілері болып табылады.

Түйін. Сайрамның әр тасы тарихтан шежіре шертеді. Жолсапар барысында біз бұл мекеннің расында сансыз бапқа толы сазды мекен екендігіне қайран қалдық. Бейнелеп айтар болсақ, екі аттасаң, кесене мен ескерткіш құрылысы менмұндалап тұрады. Олардың арасы бір-біріне жақын орналасқандықтан, көне қаланы көлік жалдамай, жаяу араладық. Сондағысы жоғарыда тоқталып өткен ұзын саны сегіз кесенені ғана аралап үлгеріппіз.

Сайрамдағы кесенелердің басты ерекшелігі, мұнда жергілікті тұрғындардың мазарлары да қатар орын тепкен. Мысалы Ибраһим атаның кесенесінің жоғарғы жағы тұтас мазарат. Басқа кесенелерде де солай. Бейне бір «қабір қала» дерсіз. Ал жергілікті сайрамдықтардың өздерін «өлілер мекенінде» жүргендей сезінбейтіні олардың қыж-қыж қайнаған қызу тіршілігінен байқалады. Орта ғасырларда Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі сауда және қолөнер орталығы болғаны тарихи қаланың бүгінгі келбетінен де аңғарылатындай. Ала шапанды ағайынның ауласында жыл мезгілі күз болса да, әр алуан әдемі гүлдер гүлдеп, ағаштары жайқалып тұрса, қала орталығында жұмысына берілген адамдар нөпірін көресіз.

Бұл сапардан негізгі көкейге түйгенімізді қысқаша сипаттар болсақ, Қожа Ахмет Яссауидің кіндік қаны тамған жерді өз көзімізбен көріп қайттық. Және ол жерге күмбез тәрізді ғимараттың қажет екенін билік басындағы аға-әпкелерімізге жеткізуді мақсат тұттық. Сондай-ақ басқа да кесенелердің басына су, жылу сияқты зияратшылар үшін негізгі қажеттіліктердің орнын толтыру қажет.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек», – деген болатын. Ендеше Оңтүстіктегі ішкі туризмнің негізгі нысаны – Сайрамдағы тарихи ескерткіштердің жағдайы жоғарыдағыдай. Бір айта кетерлігі, онда әлі де туризм тетіктерін жетілдіре түсу қажет. Кесенелерге баратын жолдарды дұрыстап, арнайы көліктер жүргізіп, тарихымен таныстыратын экскурсоводтар керек. Өкінішке қарай, әзірге Сайрамда мұның бірі де жолға қойылмаған.

Әйгерім Бегімбет
Бөлісу: